Қазақстанда бірнеше жылдан бері латын әліпбиіне көшу туралы пікірталас толастамай отыр. Бұл үдерістің жақтастары да, қарсыластары да бар, атап айтарлығы — әр тараптың өз ұстанымын негіздеген уәждары бар. Десек те, билік қазақ тілін кириллицадан латынға ауыстыруды 2025 жылдан бастау жөнінде шешім қабылдады. Ал көршілес Өзбекстан сонау 1993 жылы латын әліпбиіне көшу туралы заң қабылдаған-ды. Содан бері табаны күректей 23 жыл өтсе де, елде әлі күнге дейін латын дәуірі орнаған жоқ.
Егер сіз Өзбекстанда SEX мен seksiya деген жазуларды көрсеңіз — азғын ойға берілмеңіз, бұл сіз ойлаған дүние емес. Ол ЦЕХ және секция дегенді білдіреді. Бұл сөздер 20 ғасырдың соңындағы өзбек жазуын реформалаудан кейін осылай жазыла бастады. Тәуелсіздікке масайрау 1989 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заңның қабылдануына әкеліп соқты. Аталмыш заңда елдегі шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның әліпбиді реформалау қажеттілігі туралы ұстанымы көрсетілді, міне, осы ұстаным жас республикада өзбек тілін мемлекеттік тіл ретінде түпкілікті белгілеудің қисынды аяқталуы болды.
Латын әліпбиін жақтаушылар осы халықаралық әліпби өзбектерді әлемдік ақпараттық және мәдени кеңістікке жетелейді деп есептеді, өйткені онда латын тілі тарихи басымдыққа ие болатын. Шетел тілдерін оқу да оңайырақ болады деп есептеді. Соңғы маңызды уәж – латын әліпбиі кириллицаға қарағанда, түркі тілдеріне лайықтырақ. Бұл мәселеде осындай бастаманы белсенді түрде қолдап, жаңа «аға» болуға ұмтылған Түркия үлгі болды. 1991 жылғы күзде Анкарада Түркия президенті Тұрғұт Озалдың төрағалығымен посткеңестік түркітілдес мемлекеттер президенттерінің съезі өтіп, онда латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды. Өзбекстанда латындандыруды белгілі жазушы Прімқұл Қадыров белсенді қолдады, ол ел парламентінде баяндама жасап, кириллицадан бас тартып, өзбек тіліне лайықталған латын әліпбиіне тезірек көшу қажеттігін негіздеді.
Осындай жағдайда ел басшылығы шығармашылық зиялы қауымға қолдау білдірді, сөйтіп, 1993 жылғы 2-қыркүйекте «Латын жазуына негізделген өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылданды. Жазуды өзгерту қажеттігі құжаттың кіріспесінде төмендегідей баяндалған:
«Өзбекстан Конституциясына негізделген осы Заң өзбек жазуын 1929-1940 жылдарда латын әліпбиіне көшірудің жағымды тәжірибесін, жалпақ жұрттың тілегін ескере отырып, республикадағы жан-жақты прогрессті және әлемдік коммуникация жүйесіне қосылуды жеделдететін жағымды шарттарды тудыруға бағытталған».
Алайда мұндай ауқымдағы мәселелер республика Конституциясының 9-бабына сәйкес, бүкілхалықтық референдумға шығарылуға тиіс болса да, ол жүзеге асырылған жоқ. Елдің жаңа жазу жүйесіне көшуінің түпкілікті датасы 2005 жылдың 1- қыркүйегіне белгіленді.
Оқырманның есіне салсақ, Өзбекстан мемлект болып құрылғалы жазудың үшінші реформасын басынан кешіріп отыр. 1929 жылы арабтың дәстүрлі өрме жазуы өзбек тіліне лайықталған латын әліпбиіне көшірілді. Большевиктер латын жазуына көшу кеңес мұсылмандарына сауатсыздықтан арылуға және ғасырлық артта қалушылықтан арылуға көмектеседі деп санады. Сонымен қатар, мұндай қадамның идеологиялық алғышарттары да болды. Ол кезде Өзбекстанда кеңес үкіметіне қарсы басмаштар қозғалысы әлі де өршіп тұрған болатын. Оған араб жазуын пайдаланатын мұсылман діндарлары мен кеңес үкіметіне наразы жер иеленушілер қолдау көрсетті. Оның үстіне, большевиктер атеистік мемлекет құрып жатқан-ды, ал араб тілі ислам дінін уағыздаумен пара-пар болатын. Өзбектерге 12 ғасыр қызмет еткен араб әліпбиі дұшпанның жазуы ретінде жарияланды. Осымен бір мезетте Түркияда ұлы Кемал Ататүрік жазу реформасын жүзеге асырып, араб әліпбиін латын тіліне ауыстырды.
Ол кезде латын жазуы Өзбекстанда енгізіліп те үлгермеді. Әлем картасындағы жаңа мемлекет — КСРО жылдам нығайып, орыс тілі мемлекеттік тіл болып танылды. Бар-жоғы 11 жылдан кейін, 1940 жылы Орта Азия елдері және Қазақстан мен Өзбекстан кириллицаға ауыстырылды.
Жоғарыдан енгізілген жаңа өзбек латиницасы Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін белгіленген мерзімге дейін жалпыхалықтық сипатқа ие бола алмады, сондықтан жаңа әліпбиге түпкілікті көшу датасы бес жылға кейін — 2005 жылдан 2010 жылға шегерілді. Ал екінші мерзім келіп жеткенде латындандыру туралы әңгіме қозғауды да қойды. Саясаттанушы Анвар Назиров
Өзбекстандағы латиницаға көшу саясаты дұрыс болды, бірақ көшудің өзі басқарусыз болды,
кәсібилердің пікірі еленбеді, деп есептейді.
— Ал өзбек тілінің тарихында латиницаның жақсы нұсқалары болды емес пе. Мәселен, Боровковтың әліпбиі. Бірақ билік ойланбастан өзбек тілімен жұмыс істегенде пайдаланылатын латын жазуының интернет-нұсқасын алған, — дейді жағдайды түсіндірген саясаттанушы Назиров.
Белгілі өзбек ақыны және философы Сәбит Мадалиев басқа пікірді ұстанып отыр:
— Бір жазудан екінші әліпбиге көшу үдерісі мемлекетке миллиондаған доллар сомасындағы шығын келтіреді, ал біздегі кедейшілікті ескерсек, ол ұзақ жылдарға созылады. Соңғы ондаған жылдардағы мәдени жетістіктер тарихтан тыс қалады. Елдегі басқа халықтардың өзбек тілін игеруін қиындатып, елден шалғай тұратын 2,5 миллион өзбекке қатысты болмайды.
Әзірге латын әліпбиін мектеп бағдарламасына толық енгізуге және осы жазумен оқулықтарды басып шығаруға қол жеткізілді. Латын тілі көше, көлік қозғалысы бағдарларының атауларын, метродағы жазуларды жазуда басымдыққа ие болды. Телеарналар мен кинода екі әліпби қатар қолданылады.
Өзбек Ғаламторы аймағында да екі әліпби қатар жүреді. Мемлекеттік ведомстволар мен құрылымдардың веб-сайттары өзінің мазмұнын тек орыс және ағылшын тілінде ғана емес, сонымен қатар, екі жазумен – өзбек тіліне лайықталған латиницамен және кириллицамен береді. Өзбектілді ақпарат құралдары да өзбек жазуының қос нұсқасын пайдаланады.
Кеңес кезеңіндегі өзбек әдебиеті, ғылыми-техникалық кітаптар, энциклопедиялар өзбек тіліндегі кириллицада жасалды. Баспасөз оқырманнан айырылып қалмау үшін әлі күнге дейін кириллицамен басылады.
Іс-қағаздарын жүргізуді де жаңа жазуға ауыстыру мүмкін болмай отыр, өйткені халықтың басым бөлігі кеңес мектебінде білім алған. Үкіметтің және құқықтық-нормативтік құжаттарда, іскерлік хат алмасуда кирилл әліпбиі қолданылады. Министрлер кабинетінің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, сот-тергеу органдарының ресми құжаттамасы, ведомстволардың нұсқаулық материалдары мен ережелері, зерттеу және ғылыми еңбектер, статистикалық және қаржылық есепке алу және есеп беру бланктері, прейскуранттар – мұның барлығы толығымен кириллицамен басылады, толтырылады және жүргізіледі. Өзбектің ұлттық валютасын басып шығаруда да екі әліпби пайдаланылады: қағаз нұсқадағы бес мыңдық банкнотадағы жазулар кириллицамен жазылса, монетадағылар – кириллицада да, латиницада да берілген.
Жалпы, бүгін Өзбекстанда екі буындағы ұрпақ қалыптасқан: кирилл әліпбиімен оқығандар және латиницада білім алғандар, олар өзбек жазуының екі нұсқасын пайдаланады. Бұл «Латын жазуына негізделген өзбек әліпбиін енгізу туралы» заңға толық сәйкес келеді. Аталмыш заң келесі сөздермен толықтырылған: «Латын жазуына негізделген өзбек әліпбиін енгізу кезінде Өзбекстан халқының мақтанышы болып табылатын баға жетпес рухани мұра жасалған араб жазуын және кирилицаны игеруге және пайдалануға қажетті жағдайлар сақталады».
Орысшадан аударған Қайрат Матреков