Даму және инвестициялар министрлігі (ДжИМ) Азаматтық авиация комитетінің (ААК) талаптарына наразылық танытқан Bek Air авиакомпаниясы өз мүдделерін сотта қорғауға тырысуда. Мемлекет «қарымта» қайтаруға дайындалып жатыр ма және жалпы осы дауда авиатасымалдаушының жеңіске жетуі мүмкін бе?
Ең алдымен Bek Air туралы бірнеше сөз. Аталмыш компания 1999 жылы құрылған болатын, бүгінгі таңда ол Қазақстандағы бірінші лоукостер — рейстерді неғұрлым төмен бағамен атқаратын авиатасымалдаушы ретінде танымал. Bek Air ұшақтары біздің елімізбен қатар шет елдерге де рейстер атқарады — Оралдан Мәскеуге және Санкт-Петерборға, сондай-ақ ТМД елдеріне, БАӘ-ге, Түркияға, Монғолия мен Қытайға чартерлік рейстерді атқарады.
Барлығы 2013 жылы министрліктің отандық авиатасымалдаушылар үшін БҰҰ арнайы мекемесі – Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) стандарттарына негізделген қауіпсіздік нормативі — IOSA аудитінен міндетті түрде өту талабын енгізуінен басталды. Аудиттен өткеннен кейін IOSA сертификаты беріледі. Ал сертификат болмаса — ұшуға жол жоқ. Осы процедурадан өту үшін авиатасымалдаушыларға 2016 жылғы 1-қаңтарға дейін мұрсат берілген еді.
IOSA сертификациялауының ИКАО-дан айырмашылығы, ол Халықаралық әуе көлігі ассоциациясы (IATA) — халықаралық үкіметтік емес ұйым тарапынан дайындалған. Бірақ бұл авиатасымалдаушылар тұрғысынан жалғыз кедергі емес. Bek Air-дің бас директоры Асқар Үмітбеков атап өткендей, аудиттен өту авиакомпанияны $1,5 млн көлеміндегі шығынға батырмайды екен.
Қазіргі таңда Қазақстандағы ішкі рейстерді атқаратын 6 авиакомпанияның тек екеуінде — Air Astana мен SCAT-та IOSA-ның сертификаты бар. Бұдан бөлек, QazaqAir жас авиакомпаниясының ережеге сәйкес, 2 жыл мұрсаты бар, бірақ ол қазірдің өзінде сертификациядан өту мақсатында дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
Ал Bek Air, «Жезказған Эйр» және «Жетісу» авиакомпаниялары, өз кезегінде, IOSA аудитінен өтпеген. Олардың ұшулары уақытша тоқтатылған, ал осы авиакомпаниялар атқаратын ел ішіндегі рейстер басқа тасымалдаушыларға берілген. «Bek Air» бұған мойынұсынғысы келмеді — желтоқсанның 20-нан бастап елорданың сотында оның ҚР ДжИМ үстінен берілген арыз-талабы қарастырылуда. Авиатасымалдаушы IOSA сертификациясынан міндетті түрде өту Конституцияға қайшы келетін және бәсекелес кәсіпорындарды нарықтан ығыстыруға бағытталған іс деп санайды.
Біз бұдан бұрын хабарлағандай,
Bek Air ҚР ДжИМ-нің тыйымына құлақ аспай, 2016 жылғы 1-қаңтардан бәрі 100-ден астам ұшуларды жүзеге асырғанын және оларды тоқтатпайтынын жасырып отырған жоқ,
өйткені, әуе кемелерін пайдаланушы компанияға ведомства тарапынан берілген сертификат 2017 жылғы күзге дейін жарамды екен. Компаниядағылар авиация билігінің ұшуға берілген рұқсатты кері шақырып алуға құқығы жоқ деп сесептейді, өйткені сертификат пайдаланушыға сертификациядан өтуді міндеттейтін жаңа ережелер күшіне енгенге дейін берілген.
Осымен бір мезетте Facebook әлеуметтік желісінде Өрле_Bek_Air хэштегі аясында бас көтерген авиакомпанияны қолдаған науқан да басталып кетті.
Авиатасымалдаушыны ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Өрлеу Біліктілікті көтерудің ұлттық орталығы атынан оның жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қолдады. Оның пікірі бойынша, IOSA аудитін міндетті түрде өту жөніндегі талап Конституцияға қайшы келеді деп есептейді. Әбенов атап өткендей,
Қазақстандағы бизнес еркіндігі бұйрықтармен емес, заңмен шектелуі мүмкін, ал көрсетілген талап ААК-нің бұйрығы ретінде қойылып отыр
Ақиқатқа қиянат жасамау үшін, 2014 жылғы жазда Bek Air-де орын алған келесі бір қызығушылық тудыратын фактіні атап өткен жөн. Сол кезде жұмыстың қабылдауға болмайтын жағдайына байланысты Алматы филиалында компанияның 17 инженерно-техникалық қызметкерлері бір мезетте жұмыстан шығу туралы арыз берген болатын. Сөйтсек, бұл қызметкерлер бірнеше жыл бойы әуежай аумағында шағын вагонда ешқандай жағдайсыз, арнайы бөлмелерсіз жұмыс істепті. Инженерлерсіз қалу қауіпі төнген компания тәубеге келіп, олардың жұмыс жағдайын жақсарту жөніндегі талаптарын орындаған… Бірақ ішінара ғана.
Тағы біраз нәрсе бар. Сол 2014 жылы Bek Air өзінің акцияларының жартысына дерлігін $145 млн «Бәйтерек» ұлттық холдингісіне сатпақшы болған. Алайда келісім жүзеге аспады — кәсіпорын толығымен осындай қомақты қаржыға бағаланбайды деп қауіптенген холдинг акцияларды осындай бағамен сатып алудан бас тартты…
Осы орайда, не Bek Air ақы төлеуді ұнатпайды (оны кім жақсы көреді?), не компанияның ақшасы жоқ (кімде ол жеткілікті мөлшерде бар?) деген әсер қалады. Атап айтарлығы, олардың біріншісі екіншісінің салдары болуы мүмкін…
Bek Air бюджетіне тағы бір жаңа қауіп төніп тұр — бұл жолы Батыс-Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан, жергілікті билік авиакомпаниядан Орал әуежайы ғимаратының өзіне тиесілі бөлігін жөндеп, халықаралық талаптарға сәйкестендіруін талап етіп отыр. Күзде Оралдың әуе қақпасы ұшу-қону алаңын қайта құрылымдаудан өткізген болатын, қазір әуежай басшылығының айтуынша, ол кез келген тұрпаттағы ұшақтарды қабылдай алады, бірақ билікке бұл жеткіліксіз сияқты. Шамасы, Bek Air-ге «өз қалтасын тесуге» тура келетін сыңайлы. Осыдан кейін бұл авиатасымалдаушы нарықта қалар ма екен, ал егер қалса, лоукостер болуға шамасы жетер ме екен? Оны уақыт көрсетер…
Орысшадан аударған Қайрат Матреков