«Бек Эйр», «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» авиакомпанияларының IOSA берген сертификаттары жоқ, сондықтан олар ұшуды тоқтатуы керек — мұндай хабарламаны Инвестициялар жөніндегі министрлік таратты. Алайда министрлікті шетелдік үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) мүдделеріне лобби жасады деп айыптаған ВЕК AIR сотқа да арызданып үлгеріпті.
31-желтоқсанда Әсет Исекешевтің ведомствосы 2016 жылғы 1-қаңтардан бастап, жолаушыларды ең арзан бағамен тасымалдайтын 3 авиакомпания IOSA-ның аудитінен өтпей, ұша алмайтын болады деген жаңалықты жариялаған болатын. Алайда азаматтық авиацияның негізін қалайтын әуе кеңістігін пайдалану туралы заңда ондай аудиттен өту қажеттігі қарастырылмаған.
«Бүгінгі таңда «Бек Эйр», «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» авиакомпанияларында IOSA-ның сертификаты жоқ. Аталмыш компаниялар IOSA-ның аудитінен өту мақсатында ешқандай жұмыстар атқарып жатқан жоқ. 2015 жылғы желтоқсандағы жағдайға сәйкес, аталмыш авиакомпаниялар атқаратын 21 ішкі бағыт бойынша тұрақты рейстерді («Бек Эйр» – 19 бағыт, «Жезқазған Эйр» – 1 бағыт, «Жетісу» – 1 бағыт) басқа авиакомпаниялар да атқарады. Сөйтіп, аталмыш компаниялар ұшуын уақытша тоқтатса, олардың тұрақты рейстерін басқа авиакомпаниялар атқаратын болады», — делінген Даму және инвестициялар жөніндегі министрліктің хабарламасында.
Алайда «Bek Air» авиакомпаниясының мәліметтері бойынша, олар 2016 жылғы 1-қаңтардан бері 100-ден астам рейс жасаған және ары қарай да ұша бермек.
Инвестициялар жөніндегі министрліктің бұл жаңалығына жауап ретінде Bek Air министрлік тарапынан 2017 жылғы 24-қарашаға дейін берілген рұқсат сертификатын алға тартады. Авиация билігі ұшуға берілген рұқсатты жоя алмайды, өйткені ол IOSA-ның күмәнді сертификатының болуын міндеттейтін жаңа ережелер күшіне енгенге дейін берілген болатын.
«IOSA стандарттарын басшылыққа алу 872 талаптан тұрады, оларға сәйкестікті аудит кезінде авиакомпания растауы тиіс. Қазір әлемнің 14 елінде (Бразилия, Бахрейн, Чили, Египет, Мадагаскар, Мексика, Коста-Рика, Панама, Сирия, Түркия, Ливан және Парсы Шығанағы елдері) IOSA -ның аудитінен міндеті түрде өту талабы қабылданған. 2015 жылғы жағдай бойынша, бүкіл әлемдегі 404 авиакомпания IOSA-ның аудитінен өткен», — деп министрлік IATA Ассоциациясы жүргізетін аудит туралы салтанатты түрде хабарлады.
Көрейік, IATA дегеніміздің не екенін. Сөйтсек, ол Әуе көлігінің халықаралық ассоциациясы, үкіметтік емес ұйым екен. Иә, көрнекті компания, негізі сонау 1945 жылы қаланыпты. Бірақ, бірінші кезекте, ол — үкіметтік емес.
Сондықтан қарапайым ҮЕҰ-ның ішкі құжаттары қандай негізде біздің елімізде орындауға міндетті болып отыр?
Бұлай бола берсе, шектен шығатын сорақылықтардың орын алуы да ғажап емес. Мәселен, ертең Фермерлер ассоциациясы сиырды дұрыс ұрықтандыру жөніндегі сертификаттарды алуды міндеттеуі мүмкін.
Осыдан біраз бұрын әлемде 1999 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта орын алған авиаапаттардың қайғылы статистикасын еске алған едік: 78 авиаапаттың 45 жағдайында (57,69%) авиакомпанияларда IOSA-ның аудитінен өткендігі туралы сертификаттары болған, ал 24 жағдайда (30,77%) авиакомпаниялар ондай аудитен өтпеген және 11,54 пайыз жағдайда IOSA-ның аудитінен өтудің қажеттігі болмаған, өйткені әуе кемелері мемлекеттік немесе сынақтық авиацияға жататын болған.
Бұл — ҮЕҰ аудиті ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді деген сөз емес пе? Онда оның керегі не?
Мәселен, SCAT авиакомпаниясын алайық, ол бірнеше рет авиаинциденттерге ұшыраған, оның ішінде, біреуі қайғылы аяқталды. 2015 жылғы қарашада SCAT, сол кезде 2013 жылғы 29-қаңтарда CRJ-200 ұшағының апаты салдарынан 16 жолаушы, 5 экипаж мүшесі қаза болған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу болып жатқанына қарамастан, IOSA-ның аудитінен өтті.
10-желтоқсанда Алматыда өз жұмыс учаскесінде авиаапатқа әкеліп соққан тәртіп бұзушылықтарға орын бергені үшін SCAT авиакомпаниясы ұшу қызметі директорының үстінен қозғалған іс бойынша сот басталды.
Атап айтқанда, тергеу 2013 жылғы қаңтардағы апаттың негізгі себебі ұшу экипажының екінші айналымға шыққан кездегі әрекеттерінің дұрыс болмауы салдарынан орын алғанын көрсетті
Бұдан бөлек, борт компьютерінің жер бетінің жақындап қалғаны туралы ескерту белгілері іске қосылып, дабыл қаққан сәтте, ішінара жұмыс қабілетінен айырылған әуе кемесінің командирі ұшақты басқармаған, ал екінші ұшқыш приборлардың параметрлерін қадағалаудың орнына диспетчермен байланысқа шығып, назарын бөлген.
Бас көлік прокуратурасының хабарламасы бойынша, жиналған нақты мәліметтер пилоттар тарапынан жіберілген олқылықтардың авиакомпаниядағы ұшу жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуымен тікелей себеп-салдарлық байланыста болғанын көрсетті. Бұрын атап өтілгендей, ұшу экипажы Қазақстанда танылмаған шетелдік оқу орталығында оқытылған, ұшқыштар жеткілікті мөлшердегі тренажерлік және алдын ала дайындықтар мен біліктілікті арттыру курстарынан өтпеген, ал экипаж командирі отадан кейін медициналық куәләндіруден, яғни, тексеруден өтпей, ұшуға жіберілген. Сондай-ақ, компанияда ұшқыштардың еңбек және демалыс режимі жүйелі түрде бұзылып отырған, атап айтқанда ұшудан бір күн бұрын да осындай бұзушылыққа жол берілген.
Бір қызығы, IATA-ның аудиторлары IOSA сертификатын берген кезде тексеріліп жатқан ұйымға қатысты қылмыстық қудалаудың орын алып отырғанына назар аударды ма екен? Сондай-ақ аудит нысаны ұшақтарының құлағанына және жанғанына көңіл бөліп пе?
Мұның сыртында, Астана қаласының Ауданаралық мамандырылған экономикалық сотында Bek Air компаниясының IOSAсертификатының болуын талап етуді заңсыз және Конституцияға қайшы келетін әрекет деп тану туралы Даму және инвестициялар министрлігі мен оған қарасты Азаматтық авиация комитетінің үстінен берілген арыз-талабы жатыр.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков