Оқыған жылдарында Илья Ильин 13 ғылыми жұмыс жариялапты, олардың біреуі Scopus мәліметтері базасына енген екен. Алайда зілтемірші өзінің ғылыми жұмысын жариялаған шетелдік журнал жалған ғылыми басылым болып шығып, біраз уақыт өткен соң журнал қара тізімге ілінген.
Жақында Илья Ильин бүкіл елді таң қалдырды – атақты зілтемірші «Жоғары білікті зілтеміршілерді даярлаудың ғылыми-әдістемелік негізі» тақырыбындағы диссертацияны табысты қорғап шықты.
Алайда 27 жастағы зілтеміршіге философия ғылымдарының докторы (PhD) деген атақ берілмеуі мүмкін – ғылыми еңбек жарияланған Middle East Journal of Scientific Research журналы осыдан бір жыл бұрын «жыртқыш» журнал деп танылып, рейтингтен шығарылды және масқарасы шығарылып, Scopus-тен қуылды — бұл дегеніңіз басылым ақшасы төленсе, ғылыми құндылығы жоқ, не болса соны жариялайды деген сөз. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіндегілер бұл туралы біледі.
2014 жылғы тамызда еліміздегі жетекші жоғарғы оқу орындарындарының сайттарында: «Назар аударыңыздар! Web of Science, Scopus аса ірі ғылыми мәліметтер базасынан кейбір ғылыми басылымдар басылымдар шығарылды» деген хабарландыру жарияланды. 12 жалған ғылыми басылымдардың ішіндегі 10-шысы Middle East Journal of Scientific Research журналы болған.
Атап айтарлығы, ғалымдарға тиімді шартпен және қысқа мерзімде Middle East Journal of Scientific Research журналына ғылыми еңбектерін жариялауды ұсынған ресейлік делдалдық фирманың жарнамасын әлі күнге дейін ғаламтордан оп-оңай табуға болады. Жарияланым құны мардымсыз — сөздер арасындағы бос орындарды қоса есептегенде, 25 000 белгілік мақала үшін небары 7 мың рубль сұрайды. Қосымша ақы төлесеңіз, компания мақаланы ағылшын тіліне де аударып береді (1 парақ немесе 1800 белгі үшін 500 рубль төлесеңіз жетіп жатыр). Егер түрлі себептер бойынша автор мақаланы талаптарға сәйкес рәсімдей алмайтын болса, компания «мақаланы редакциялау» қызметін де көрсетеді, оның құны, кем дегенде, 300 рубль тұрады.
Дегенмен, «жыртқыш» журналдағы жарияланымы үшін Илиннің жазаға тартылмауы да мүмкін. Өйткені біздің спортшының мақаласы жарияланған сәтте журнал әлі тәртіп бұзушы ретінде танылмаған және Scopus базасында болған еді. Ильиннің мақаласы 2013 жылы жарияланса, журнал қара тізімге 2014 жылы енгізілген-ді. Бұл турасында PhD докторлық және кандидаттық диссертацияларды мемлекеттік тіркеуден өткізетін еліміздегі жалғыз ұйым — Ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық орталығы хабарлады.
«Ғылыми атаққа үміткер бұрын Scopus базасына кірген басылымның одан шығып қалғаны үшін жауап бермейді. Журналды индексиялауды доғару маңызды емес: жариялануға бұрын түскен номерлердегі мақалалар мәңгілікке қалады».
Ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық орталығы мамандары мұндай жағдай біздің елімізде жиі орын алады деп есептейді – кейде Scopus-та басты мақсаты ғылыми ақпаратты тарату емес, тек ақша табу болатын басылымдар (сарапшылар оларды «»қоқыс» деп атайды) пайда болады. Көп ретте, қазақстандық авторлар ірі халықаралық базада осындай жалған ғылыми журналдарға тап болып, мақалаларын осы журналдарда жариялап жатады.
Дегенмен, ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер басқа ұстанымды басшылыққа алуда.
– Біз алдымен барлығын анықтаймыз, оның қандай журнал екенін біліп, қандай мақала жарияланғанын көзімізбен көруіміз керек, тек содан кейін ғана қандай да бір қорытынды шығаруға болады. Әзірше, бізге Ильиннің ісі келіп түскен жоқ, – деп хабарлады бізге телефон арқылы болған әңгімеде Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылыми кадрларды дайындау сапасын бағалау басқармасының басшысы Қарлығаш Cәкенова.
Оның айтуынша, бүкіл әлемнен түскен шағымдар салдарынан журналды тізімнен шығару, Ильинге ғылыми атақ беруге кесірін тигізуі мүмкін.
Орысшадан аударған Катерина Клеменкова