Өзбекстанда балалар бақшасында жаңа жылдық мерекелер мен концерттер, мектептерде таңғы жиындар мен кештер, тіпті, ересектер жұмыс істейтін барлық мекемелерде корпоративтік мерекелік кештер өткізуге тыйым салынды. Желтоқсанның ортасында жаңа жыл кешінде мейрамханалар мен кафелердің жұмыс істеуіне де тыйым салынды.
Алғашқы болып мерекеге Самарқан тыйым салды. Самарқан облысы хокимінің тапсырмасына сәйкес, 31-желтоқсанда қоғамдық тамақтандыру жүйесінің барлық кәсіпорындары жұмыс істемейтін болады, деп хабарлады «Самаркандский вестник». Самарқан облысы әкімшілігінің басшысы Заир Мирзаев осындай өкім шығарған.
Себеп: «Жаңа жыл отбасы мерекесі, сондықтан әр адам оны өз отбасының ортасында қарсы алу керек».
Сондай-ақ хокимияттағы жиналыста жаңа жылға дейінгі және одан кейінгі күндерде Самарқанның көңіл көтеру мекемелеріне кешкі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істеу және қонақтардың санын 400 адамнан асырмау ұсынылатыны жарияланды.
Пиротехниканы сатуға тыйым салынды, адамдар жиналатын жерлерде ішкі істер басқармалары қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың қызметшілерінен тұратын топтар кезекшілік ететін болады. Тыйым салу бастамасын Ташкенттегі астаналық әкімшілік те қолдаған.
— Ташкент хокимияты астана тұрғындарына Жаңа жылды үйде немесе қонақта қарсы алуды ұсынды, жылдың соңғы күні мейрамханалар мен кафелердің көпшілігі жұмыс істемейтін болады, — деп мәлімдеді хокимияттағы ақпараттық-сараптамалық орталықтың жетекшісі Баходир Гоибназаров.
Елдің басқа аудандары да осындай шешімдер қабылдайтынына күмән жоқ. Ташкенттегі мейрамханалардың бірінің директоры мэрдің бұл шешімі бизнеске зиянын тигізетінін, Жаңа жылды халықтың барлығы бірдей үйде қарсы алғысы келмейтінін айтты.
— Желтоқсанның 25-інен 31-іне дейінгі аралықта біз корпоративтік кештер мен отбасылық салтанаттар өткізуге өте көп тапсырыстар алатынбыз. Енді мемлекеттік мекемелерге де мейрамханалар мен кафелерде мерекелер ұйымдастырмау ұсынылған. Мерекені қай жерде қарсы алуды билік емес, адамдардың өздері шешу керек, — дейді кәсіпкер.
Ташкенттегі ЖОО-лардың студенттері 20-желтоқсаннан бастап жатақханаларынан үйлеріне аттануға тиіс. Оларға да жаңа жылдық студенттік балдар өткізуге рұқсат берілмеген. Балалар бақшаларында да жаңа жылдық кеш өткізуге тыйым салынған, балаларға сыйлық алуға ақша жинауға болмайды.
Дәстүрлі жаңа жылдық ойын-сауыққа тыйым салу тарихы 2004 жылдан бастау алады.
2005 жылдың қарсаңында барлық мекемерде (театрларда, мектептерде, балалар бақшаларында және т.б.) жаңа жылдық спектакльдерді қоюға, тіпті, билет сатылғандарын да қоюға тыйым салынды.
Бұл тыйымның тек алаңдар мен мәдениет үйлерінің алдындағы ойын-сауықтарға, сондай-ақ Ташкентте және Өзбекстанның басқа қалаларында өткізілген «президенттік шыршаларына», қатысы болған жоқ.
Ең қызығы — «жоғарыдан» өзбектерге бөтен танымал ертегілер мен мультфильдердің кейіпкерлерін — Золушканы, Суперменді, Дюймовочканы, Микки-маусты, Вини-Пухты өзбек ертегілерінің тұлғаларымен алмастыру туралы өкім түскен. Мәдениет саласының кейбір басшылары маен қайраткерлері өзбек халқының дәстүрлері мен менталитетіне қайшы келетін Жаңа жылды тойлау тек зиян тигізетінін дәлелдеуге тырысып бақты.
Бәрінен бұрын Аяз ата мен Ақшақарға қиын тиді.
2012 жылы жергілікті БАҚ-қа телеарналардан Аяз атаны, Ақшақарды, Баба Яга және басқа да ертегілердің кейіпкерлерін көрсетпеу жөнінде жасырын нұсқау берілді.
Басты аргумент бұл кейіпкерлердің кірме, өзбек діліне қатысы жоқ, жалпы мәдениеттің бөлігіне жататындығында екен. Аяз атаны өзбек ертегісіндегі тұлғамен алмастырмақшы болыпты, бірақ ол нәтиже бермеген, өйткені өзбек ертегілерін олай бұлай аударған мәдениет қайраткерлері өздері Қор бабо деп атайтын өздеріне тән Санта Клаусты таба алмапты. Бұлардың ішінде шыршаның ғана жолы болыпты — оны ешкім мазаламапты.
Бұдан кейін өзбекке тән емес ертегілердің кейіпкерлеріне тыйым салу елеулі босаңсыған, ал кей жерлерде мүлдем ұмыт болған. Сөйтіп, Аяз ата мен Ақшақар Өзбекстанға қайта оралды.
Бұл тыйымдардың барлығы бейресми түрде және ауызша берілген болатын, олар туралы ешкім білмейтін. «Ферғана» сайтының мәліметтері бойынша, еллде Жаңа жылды тойлауға қатысты қудалаулар 2004 жылы басталған, сол кезде Ташкенттегі халыққа білім беру бөлімінің басшысы Анвар Закиров Жаңа жылды атап өтуге тыйым салған, ол өз ұстанымын
ел халықының тек бір мерекені — Наврузды тойлауға құқығы бар
деп түсіндірген. Әдетте, Өзбекстанда бұл мерекені көктемгі күн мен түннің теңелуі күні атап өтеді. Халыққа білім беру министрлігінің желісі бойынша, кеш өткізуге және балаларға сыйлықтар алу үшін ақша жинауға тыйым салынды. Ал бұл тыйымды бұзғандарға жұмыстан қуылу немесе қатаң сөгіске ие болу қауіпі төнді.
Осыдан үш жыл бұрын Өзбекстанда әлие Валентин күнін тойлауға тыйым салынды. Биліктің аргументі «бұл мұсылмандар мерекесі емес» және Ғашықтар күні әйелдердің басын айналдырған христиан әулиесінің сүйіспеншілік „жорықтарымен„ байланысты дегенге сайды.
Үлкен шырша болады
Желтоқсанның басында Ташкентте, биыл Тәуелсіздік алаңына үлкен жаңа жылдық шырша орнатылмайды деген қауесет тараған еді. Бірақ өткен бейсенбі мен жұмада Өзбенкстанның БАҚ-тары жаңа жылдың бас шыршасы 25-желтоқсанда Тәуелсіздік алаңына орнатылатынын хабарлады. Бұл ақпаратты Ташкент қаласының әкімшілігі де растады.
БАҚ қала билігі биіктігі 22 метрлік шырша орнатуды бастады, оны он мыңнан астам ойыншықтармен әшекейлейді деп жазуда. Жаңап жылдық шырша 2-қаңтарда алынады деп күтілуде.
Дәстүр бойынша елдің бас шыршасы Ташкенттің орталығындағы Тәуелсіздік алаңына орнатылады, бұл жерде жыл сайын жаңа жылдық концерттер және басқа да мерекелік шаралар өтеді. Өткен жылы Ташкент көшелерінде Жаңа жылды тойлау желтоқсанның 28-інен қаңтардың 5-іне дейін өтті.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков