Ерте некеге отыру Өзбекстан билігін қатты мазалап отыр. Бұл жөнінде тіпті ел президенті де сөз қозғады. Өзбекстан телеарнасында сөйлеген мемлекет басшысы ата-аналарға үндеу жолдап, қыздарын 19-20 жастан ерте ұзатпауды өтінді. Ерте некемен күрес БАҚ-та және азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жүргізілуде. Соған қарамастан, ел халқының бір бөлігі ерте некеден еш сөкеттік көріп отырған жоқ.
Көпшілік бойжеткен неғұрлым жас болса, оны соғұрлым жақсы әйел етіп тәрбиелеуге болады деп есептейді. Ең жақсы кез 16-17 жас. Бастысы, қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне жеткізу, ар қарай оны енесі тәрбиелейді. Мәселен, Мүбарак есімді қыз мектеп бітіргеннен кейін медицина училищесіне түсіп, медбике болып жұмыс істеуді армандаса да, 15 жасқа жетер-жетпестен тұрмысқы шыққан.
Бірде мектептен үйіне келгенде, шешесі жеңгетайдың келгенін айтып, оның жақында қалыңдық болатынын хабарлаған. Жас қалыңдық ешқашан ата-анасы оны осылай ерте ұзатады деп ойламаған.
Енді Мүбарактың міндетіне үйдегі бүкіл жұмыс, күйеуінің көңілінен шығу және енесіне жағу үшін барлығын жасау кіреді.
— Біздің үйге үнемі жеңгетайлар келетін. Ата-анам мені ұзатуға асықты. Сондықтан менде таңдау болған жоқ, — дейді Мүбарак.
Өзбекстандағы әйел ісі комитетінің хабарлауынша,
2014 жылы қыз кәмелетке толмай қиылған 160 жұп ажырасып кеткен
Жылына 300 жаңа отбасы құрылатын ел үшін бұл көп пе, аз ба, айту қиын.
Кеңес заманында қалыңдықтың диплом болғаны ерекше бағаланса, жігітттерде әскери борышын өтегенін дәлелдейтін әскери билеттің болғаны мәртебе болатын. Бірақ кеңес билігінің ғайып болуымен өзбектерде бәрі өзгеріп шыға келді. Енді 16-дан 18 жасқа дейінгі қалыңдықтар сәнге айналған, ал жігіттерге отбасылық өмірге дайын екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Мұның себебі – ескі отбасылық дәстүрлерге оралу және ислам дәстүрінің бекуі. Революцияға дейін елде некелер ерте қиылған, ол кезде бойжеткендер некеге отыратын кез 13-14 жас болса, бозбалалар 15-16 жасында отаға атанатын. Балалардың тағдырын әке шешетін. Олар өз қалауы бойынша ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып жататын. Аналары тек ақыл қосатын. Күйеу жігіт пен қалыңдық қиылатын неке туралы ең соңынан білетін, ешкім олардың келісімін сұрамайтын да.
Көп адамдар қазір 16-18 жастағы бойжеткендерді ұзатудың өзі оңай шаруа емес дейді. Қышлақтардағы жас жігіттердің барлығы Ресей мен Қазақстанға табыс табуға кеткен, бұл жерде 20-дана асқан бойжеткендер туралы не деуге болады?
Халықтар мен мекендер қорының (UNFPA) мәліметтері бойынша, ерте некелер Ферғана алқабында және елдің оңтүстігінде кеңінен тараған. Бұл аймақтарда ерте неке барлық қиылған некелердің 14 пайызын құрайды. Жалпы ел бойынша бұл көрсеткіш 8-9 пайызды құрайды.
Марфуа Тохтаходжаева 10 жыл бойы Ташкенттегі Әйелдер Қоры орталығына жетекшілік еткен және дәстүрлі ерте некелерді қолдамайды:
— Ерте қиылатын некелер соншалықты сәтті емес.
Мұндай отбасылардағы зорлық – қалыпты іс, әйелдердің тұлға ретінде дамуына ешқандай жағдай жоқ
Өзбекстанның Отбасы кодексіне сәйкес, неке жасы ерлер үшін он сегіз жаста, әйелдер үшін он жеті жаста белгіленген. Алайда хәкімдерге — аудандық және қалалық әкімшіліктердің басшыларына ерекше жағдайларда неке жасын төмендету құқығы берілген, ерлерге 17, бойжеткендерге 16 жасқа дейін. 2013 жылғы сәуірде күшіне енген Отбасы кодексіндегі өзгерістерге сәйкес, мұндай ерекше себептерге жүктілік, баланың дүниеге келуі және эмансипация, яғни, кәмелетке толмаған жеткіншекті әрекет етуге толық қабілетті деп жариялау жатады. Соңғы өзгерістер өз қыздарын ертерек ұзатқысы келетіндерге мүмкіндік беретін айла, өйткені «эмансипацияны — кәмелетке толмаған жеткіншекті әрекет етуге толық қабілетті деп жариялауды» әркім өзінше түсінеді.
Өзбекстан орта мектептерінде 9 жылдық оқу жүйесі қабылданған. Мектеп бітірер кезге қарай қыздар 16 жасқа толып, оқуын колледжде немесе лицейде жалғастырады. Бірінші курста ол 17-ге толады және заңды некге отыру мүмкіндігіне ие болады. Осы кезде ата-аналар мен жергілікті билік арасындағы кикілжің басталады. Мемлекет бойжеткеннің оқуды жалғастырғанын, тек содан кейін тұрмыс құрғанын талап етсе, болашақ қалыңдықтың туыстары бұған қарсылық білдіріп, заңның рұқсат беретінін алға тартады.
Ел президенті халықты бойжеткендерге мектептен кейін колледжде үш жылдық білім беруге көндіргісі келеді. «Белгілі мамандықты игеру үшін, кәсіби колледжде оқу қажет. Сонда біздің қыздарымыз басқа отбасына лайықты келін болады», — деді Ислам Каримов.
Колледжден кейін ата-аналар өз қыздарының құдаларын күтеді. Жоғары оқу орындарындағы ақылы оқуды әркімнің қалтасы көтермейді, әрі қыздардың ата-анасы дербес өмір сүруге колледждердің білімі жеткілікті деп есептейді.
— Өзіңіз ойлап қараңыз: бойжеткен 16-17 жасына бірінші баласын дүниеге әкеледі, одан кейін екіншісін, үшіншісін тауып, ары қарай жалғастыра береді. Қырық жасына қарай, ол ересек балалардың анасы болады. Одан кейін немерелері дүниеге келіп, өмірдің жаңа кезеңі басталады. Сонда ол өзіне қашан қарайды, өз мүмкіндіктерін қашан дамытады? — дейді ой түйіндеген Марфуа Тохтахаджаева.
Ерте некелер түгілі,
өзбек отбасыларында тіпті туыстар арасында некеге отыру үрдісі де бар
Мархабо Муминова бұрын өз енесін тәте деп атайтын. Енді ол оған – онажон-ана. Мархабо немере бауырына тұрмыс құрғаннан кейін осылай болды.
— Жас болдым. Бірге ойнап, қатар өстік. Тәтем өз ұлына тұрмыс құруды ұсынғанда, ол әзілдеп тұр екен деп ойладым. Одан кейін құдалық болып, мені немере бауырыма ұзатты, — дейді жағдайды түсіндірген Мархабо.
Адамдар Өзбекстанның Неке туралы кодексі туыстар арасындағы некеге тиым салатынын білмейді. Бұл туралы жас жұбайлар тек Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) бөліміне келгенде бірақ біледі. Алайда соңғы сәтте тойды тоқтата алмайсың.
Самарқанд АХАЖ-ның қызметкері туысқандар арасындағы неке — ата-аналар арасындағы экономикалық келісім деп сендіреді.
— Туысқандарға бір бірімен қалыңмал, той шығыны туралы келісу әлдеқайда жеңіл. Содан кейін олар бір бірін жақсы таниды, бұл да өте маңызды дүние, — дейді жағдайды түсіндірген АХАЖ қызметкері.
Осыдан екі жыл бұрын кәмелетке толмағандар арасындағы неке санын қысқарту үшін Өзбекстан Отбасы кодексіне күшейтілген жазалар енгізді.
Кәмелетке толмағандармен некеге отыратындарға 20-дан 30-ға дейін ең төменгі еңбекақы сомасындағы айыппұл (2,6-3,9 млн сум, бұл $950-1420, немесе бір жылдық мерзімге дейінгі түзету жұмыстарына жегіледі, немесе үш айға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын заң 200 АҚШ доллары (550 000 мың сум) көлеміндегі айыппұл салуды қарастыратын) салынуы мүмкін.
Ата-аналарға немесе қорғаушы адамдарға неке жасына жетпеген қыз баланы ұзатқаны немесе ер баланы үйлендіргені үшін 20-дан 50-ге дейінгі ең төменгі еңбекақы (2,6-6,5 млн сум — $950-2365) сомасында айыппұл салынады немесе олар екі жылдық түзету жұмыстарына жегіледі немесе төрт айға дейін тұтқынға алынады. Бұрын жалғыз жаза – 30 АҚШ доллары (825 мың сум) көлеміндегі айыппұл ғана болатын.
Діни қызметкерлерге де қойылатын талаптар күшейтілді. Енді олар мұсылмандық салт-дәстүр бойынша неке қию рәсімін некенің АХАЖ-да тіркелгені туралы куәлік болған жағдайда ғана жүзеге асырады.
Билік өкілдері жазаны күшейту балаларды, қоғамды «жағымсыз салдарлардан» қорғайды деген сенімде.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков