Тараздық футболшы Ануар Анарметовтің қылмыстық ісін тыңдау кезінде прокурор Баймолдаев сот залында күтпеген мәлімдеме жасады.
Бұл турасында ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің блогына жәбірленушілердің бірі Ж.Е. Қуандықовтың өкілі және әкесі Ермұқанбет Қуандықов жазыпты:
«Менің «Ал прокурорға заң бұзуға бола ма?» деген наразылығыма іске қатысушы прокурор С. Баймолдаев: «Иә, біз заңды бұза аламыз!», деп мәлімдеді. Оның бұл жауабы мені есімнен тандыра жаздады. Ал сот оның бұл сөзін естімегендей сыңай танытты… Прокурордың бұл мәлімдемесі ҚР «Прокуратура туралы» заңының 4-бабында көрсетілген прокуратура органдары қызметінің негізгі мәні мен бағыттарына қайшы келеді… Баймолдаевтың сөздерін қалай түсінуге болады?! Осындай прокурор істерге қатысып, қорытындылар жасаудан бұрын, жалпы, прокуратура органдарында істеуге лайық па?».
Тараздық футболшы Ануар Анарметов біреудің 40 автокөлігін басқа біреулерге сатып, олардың біріне де бір тиын бермегенімен атын шығарған. Осындай «ерлігі» үшін ол 9 жылға бас бостандығынан айырылып, оның дүние-мүлігі тәркіленген.
Бұл атышулы істе ондаған жәбірленуші бар. Атап айтарлығы, тараздық алаяаққа автокөлігін сеніп тапсырғандар ғана емес, сондай-ақ қолдарында барлық құжаттары — жол полициясы органдарында барлық ережелерге сәйкес рәсімделген көліктің техникалық төлқұжаты, сатып алу-сату келісімі, сатушының ақша алғаны туралы нотариус растаған қолхаты — бар көліктердің жаңа иелері де бар. Сот машиналардың олардың жаңа иелерінің мүлігі екенін растады, бірақ, соған қарамастан, бұрынғы иелеріне қайтару туралы шешім қабылдады.
– Автомобильді адал сатып алуға болады және қолыңда барлық құжаттар да болады, бірақ қайдан екені белгісіз, көліктің бұрынғы иесі пайда болып, көлікті ешкімге сатпағанын айтады, сөйтіп… автомобильді соған алып береді, – дейді Анарметовтың ісі бойынша жәбірленушілердің бірі, алматылық Темірлан Әкенов. – Осылай, не машинасыз, не ақшасыз қаласың. Бұл жерде заң да көмектесе алмайды.
Тергеу болжамы бойынша, Ануар Анарметов алаяқтық топ құрған — толық құнына қосымша 4-5 мың доллар беремін деп, адамдардан сатуға қымбат көліктер алған. Анарметовтың ісі бойынша бас жәбірленуші, Асхат Тасболатов, алаяққа сатуға жалпы құны 215 мың доллар тұратын 6 автомобиль берген. Анарметов оларды түрлі адамдарға сатып, ақшаны алған, бірақ… оны Тасболатовқа бермеген. Содан кейін Тасболатов сотқа жүгініп, барлық заң талаптарына сәйкес жаңа қожайындардың атына рәсімделген автомашиналарды қайтарып беруді талап еткен. Автомобильдерін Анарметовке сатуға беріп, одан түскен ақшаны алмаған басқа жәбірленушілер де солай істеген.
Сот машиналарды қайтарып берген: автомашиналар жаңа иелерінен алынып, ескі қожайындарына қайтарылған. Ал Анарметов 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда автокөліктердің жаңа иелері өз ақшаларын қайтарып алды ма? Жоқ! Жауап қарапайым, өйткені
жүздеген мың долларды саудалаған Анарметовтың көк тиыны жоқ
Машиналары тартып алынған адамдар Анарметовтың ісі — көп адамды қатыстырып, тиянақты ойластырылып, жүзеге асырылған қылмыстық құрылым деген сенімде. Бірінші кезекте, 6 бірдей машинаның иесі, бас жәбірленуші Тасболатов күдік тудырады.
«Тасболатовтың жауаптарынан оның үш ай ішінде алты қымбат көлік сатып алғаны белгілі болып отыр. Осы орайда атап айтарлығы, Тасболатов еш жерде жұмыс істемейді! Және оның қолында осы машиналарға иелік ететінін растайтын құжаттар жоқ! Осы жәйт неге соттың алаңдаушылығын тудырмады? Жеке өз басым автомашиналар сатумен айналысатын ұйымдасқан топты көріп отырмын… Тасболатовқа ешқандай материалдық залал келтірілмеген».
Жоғарғы сотқа жолдаған үндеуінде Ермұқанбет Қуандықов осылай деп жазған. Ары қарай істің мән-жайын баяндаған:
«2015 жылғы 12-наурыздағы сот мәжілісінің дыбыс жазбасында судья Жаманқұлов былай деген: «Ешкім нотариус бекіткен сатып алу-сату жөніндегі келісімді талап етпейді, сондықтан осындай қиындықтар туындайды». Менің жауаптарымнан кейін, судья Жаманқұлов былай деді: «Келісім тым қарапайым түрде жасалады, сондықтан осы қиындықтар туындаған». Бұл, менің түсінуім бойынша, жәбірленуші Тасболатовтың әрекеттерін ақтау үшін айтылған, өйткені оның қолында тіпті осы машиналарды сатып алғанын растайтын қолдан жазылған қолхат та жоқ. Осындай жағдайда заң және ақылға қонымды қисын бойынша, сот машинаны маған қайтарып, Тасболтовқа ақшасын өндіріп беру керек еді, егер соттың ақшалай міндеттемелерді жазбаша дәлелдемелерсіз шешу құқығы болса. Бірақ сот келісім жасаудың негізіне Тасболатовтың жалаң сөзін алып, иелік етуге құқық беретін құжаттарға назар аудармады. Сот мені тергеу соңына қарай жәбірленуші деп таныды, бірақ үкімде автомашинаны менен заңсыз түрде алу салдарынан маған келтірілген материалдық шығынды кімнің және қалай өтейтіні көрсетілмеген».
Алты машинаның аңқау сатушысы Тасболатовтың мүдделеріне сотта прокурор Баймолдаев өкілдік жасады. Міне, сол Тасболатовтың мүдделерін қорғау барысында көліктердің жаңа иелеріне ашуланып, «заңды бұза алатындығын» мәлімдеген.
Дегемен, Ермұқанбет Қуандықовтың пікірі бойынша, бұл істегі негізгі фигура көлік прокуратурасы прокурорының аға көмекшісі Ербол Байұзақов. Оның туған қарындасы Байұзақова Тасболатовтың жұбайы. Міне, осы прокурор Асхат Тасболатовты футболшы Анарметовпен таныстырған.
Бір қызығы, прокурор Ербол Байұзақов футболшының алдауына ұрынғандардың ішінде жүр: ол оған сатуға өзінің және жұбайының машинасын сатуға беріпті. Сондай-ақ алданғандар арасында прокурордың үш туысқаны бар (Тасболатовтан басқа): Ақбердиев Асхат, Ақбердиева Жанара және Адасов Батырбек.
Тергеу барысында
дау тудырып отырған машиналардың көпшілігі Байұзақов үйінің ауласында тұрғаны анықталды
Міне, осы жерден оларды Анарметов жаңа сатып алушыларға сатып отырған. Алайда сот материалдарына сенетін болсақ, Байұзақовтың оған ешқандай қатысы жоқ: ол — жәбірленуші, барлығына кінәлі Анарметов.
Бірақ Байұзақов сот нәтижесіне наразылық білдіріп отырған жоқ. Ақшасын төлеп, машинаға ие болып, оны заңға сәйкес рәсімдеп… қымбат олжасымен қош айтысқан көліктердің жаңа иелері наразылық білдіруде:
– Мен машинаны Анарметовтан кейінгі төртінші адамнан сатып алдым, яғни, мен бесінші қожайынмын, автомобиль жол полициясы органдарында үш рет (!) рәсімделді. Алайда мен аяқ астынан сот шешіміне сәйкес барлығынан айырылдым! Ал сатып алу кезінде ешқандай шектеу болмаған. Осы сот процесінде мен сияқты осындай жағдайға 40-қа жуық адам ұшырап отыр! Біреу машинаны сатып алған. Енді біреу айырбастаған, біреу несиеге алған және олардың ешқайсысы жуық арада сатып алған машиналарынан біреу алып алады деп ойлаған жоқ. Оның үстіне, заңды түрде! — дейді ашуға булыққан Темірлан Әкенов.
Адал жолмен және заңды түрде машина сатып алсаңыз да сол көліктен сот шешімімен аяқ астынан айырылып қалуға болады екен. Бұл не сонда — заңның салтанат құруы ма әлде алаяқтардың айлакерлік әрекеті ме?
Мүмкін, Жоғарғы сот бұл сұрақтарға жауап берер. Бұл жауап еліміздегі барлық автокөлік иелері үшін ерекше маңызға ие.