Қазақстан жыл сайын 80 миллион тоннадан астам мұнай өндіреді. Қызықты бір ерекшелік: жыл сайынғы өндірілген мұнай көлемі сатылған мұнай көлемінен, шамамен, 1,8 млн тонна артық болады. Сонда ол мұнай қайда кетіп жатыр?
2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 81,8 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай мен газдың ақпараттық-сараптамалық орталығының мәліметтеріне сәйкес, оның 72,1 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Ресейден импортталатын мұнай көлемі 7,4 млн тоннаны құрады. Қазақстанға своп-операциялар шеңберінде алымсыз және қараусыз жеткізілген бұл мұнай, технологиясы ресейлік мұнайды өңдеуге бағдарланған Павлодар мұнай-химия зауытына жіберілген.
Жалпы алғанда, 15, 3 млн тонна (ресейлік мұнайды қоса есептегенде) отандық үш мұнай өңдеу зауыттары мен 30-ға жуық шағын зауытарға жөнелтілді.
Аса күрделі емес есептеулерді жүргізгеннен кейін 1,8 млн тонна қара алтынның қайда кеткені белгісіз екенін анықтауға болады
81,8 – 72,1 + 7,4 – 15,3 = 1,8
2014 жылғы есептеулер де осыған ұқсас жағдайды көрсетіп отыр, бір ерекшелігі, өткен жылы Қазақстан ресейлік мұнайдан бас тартып, Павлодар зауытын отандық шикізатқа бағдарлады.
2014 жылғы ресми деректер төмендегідей:
Егер өндірілген мұнаймен импортталған мұнай соммасын қосып, одан экспортты, өдеуді және қарсы жеткізуды алып тастасақ, бір жылда ел көлемінде, шамамен, 1,8 млн тонна мұнайдан айырылады екенбіз:
80,8 – 62,4 + 0,584 – 16,38 – 0,755 = 1,84
Өйткені, мұнай секторындағы екі жылдық есептеулер жоғалтуларымыздың, шамамен, бір деңгейде екенін көрсетіп, 1,8 млн тоннаға тең болды.
Әлбетте, біз айырылған бұл мұнай миллиондаған доллар тұрады. Алайда өздерінің жүйесіндегі «тесіктерден» екі миллион тоннағаға жуық мұнайдың «далаға» ағып жатқанына қарамастан, отандық жер қойнауын пайдаланушылар дабыл қағуға асығар емес.
Бұл аз болғанда, өндіруші және тасымалдаушы компаниялардан ақпарат алу да өте күрделі, жер қойнауын пайдаланушылар қандай да бір есеп беруді жария етуге асығар емес.
Мәселен, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі біздің сұранмымызды өзінің еншілес кәсіпорны – «ҚазМұнайГаз-өңдеу және маркетингке» жіберіпті, ал олар өз кезегінде, 2013 жылғы ақпараттың ескіргенін хабарлады: «болар іс болды — бюояуы сіңді».
– 2013 жыл – тарихтың еншісіндегі іс емес пе, сіздерге ескірген мәліметтердің не қажеті бар? – деді түсінбестік білдірген компанияның баспасөз қызметіндегілер. – 2013 жылы біздің басшылық жұмыс істеген жоқ, одан кейін бізде мүлдем басқа цифрлар.
Мұнай мен газдың ақпараттық-сараптамалық орталығындағылар мұнайдың жоғалуын бізге бейресми түрде түсіндіріп берді, ол Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі газ конденсаты тұрақтануының ерекшеліктеріне байланысты екен:
– Өндіріу жөніндегі мәліметтерге қарашығанақтағы тұрақты емес сұйық көмірсутегі енгізілген, – деді бізге бейресми әңгімеде мұнайшылардың жоғалтуларына түсініктеме берген Мұнай мен газдың ақпараттық-сараптамалық орталығы акционерлік қоғамындағы дереккөзі. – Бұл конденсат үлкен Қарашығанақ кешенінде тұрақтандырылады және тұрақтандырылған кезде оның бір бөлігі жоғалады.
Ай сайынғы жоғалтулар, шамамен, 100 мың тоннаны құрайды,
ал бір жылда ол, кем дегенде, 1,2 млн тоннаға сәйкес болуға тиіс.
Қалған 600 мың тоннаның жоғалуын компаниядағылар технологиялық шығындармен, тасымалдау кезіндегі жоғалтулармен және жер қойнауын пайдаланушылардың өз мұқтажына жұмсаған шығындарымен түсіндірді.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков