Қараша айында теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы тұрақтанғандықтан, банк секторы үшін 20-тамызда басталған теңгенің күрт девальвациясының қорытындысын шығаруға болады.
Өйткені дәл осы қаржыгерлер, бірінші кезекте «Қазақстанның Халық банкінің» басшысы Үміт Шаяхметова Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басшыларымен қатар қазақстандық валютаны елеулі құнсыздандыруды, оның ресейлік рубльге қатынасының 5 теңгелік паритетін қалпына келтіруін талап еткен болатын. Ұлттық банктің ұтқыр есеп-қисабына қарағанда, бұл бекер болмаған сыңайлы.
Мәселен,
«Халық банкінің» шоғырландырылмаған кірісі девальвациядан кейін тамыздың басынан 1-қарашаға дейін бір жарым есе өсіп, 91,2 млрд. теңгеге дейін жеткен – бұл 182,2 млрд. теңге болған бүкіл банк секторы қаржылық нәтижесінің жартысын құрайды!
Атап айтарлығы, жаздың соңғы айында «Халық банк» кірісінің өсімі соншалықты болған жоқ – 6,7 пайызды, яғни 69,5 млрд. теңгені құраған, ал қыркүйекте ол 15,8 пайыз болып, 80,5 млрд. теңгеге дейін өссе, ал қазанда тағы 13,3 пайызға артқан. Жалпы, банк секторы бойынша, бұл көрсеткіш тамыз-қазанда екі есеге дейін көбейген! «Қазкоммерцбанк» болмағанда, нәтиже бұдан да жақсы болушы еді, оның шығыны тамыздың басымен салыстырғанда өзгермей, минус 59,2 млрд. теңгені құраған.
Банк секторының біріккен активтері тамыз-қазанда ширекке (23,2 пайызға) өсіп, 21 трлн. 699,6 млрд. теңгені құраса, абсолюттік шамада таңданыс тудыратын 4 трлн. 92,3 млрд. теңгеге жеткен. Барлық активтердің үштен бір бөлігінен көп мөлшері, дәлірек айтқанда, 37,7 пайызы қарашаның басына қарай нарықтың екі үлкен қатысушысы – «Қазкоммерцбанк» (4 трлн. 591,7 млрд. теңге) пен «Қазақстанның Халық банкінің» (3 трлн. 581,5 млрд. теңге) еншісінде болған. Бұл тандем қарыз портфелінің көлемі бойынша да басымдық танытуда – оның біріккен мөлшері 14 трлн. 491,8 млрд. теңге болса, олардың әрқайсысының еншісіне тиісінше, 3 трлн. 538,1 млрд. және 2 трлн. 111,7 млрд. теңгеден келеді. Рас, бұл екі банкте төлем мерзімінен 90 күннен астам уақыт өтіп кеткен «нашар» несиелер бойынша да көш бастап тұр. Атап айтарлығы, осы көрсеткіш бойынша «Қазком» өсімі тамыз-қазанда 18 пайызды құрап, 371,1 млрд. теңгеге жетсе, «Халық банкінде» көрсеткіш 5,5 пайыз болып, 244,8 млрд. теңгені құраған. Мұндай несиелердің жалпы көлемі 16,2 пайыға өсіп, 1 трлн. 354,3 млрд. теңгеге дейін жеткен.
Теңгенің күрт девальвациясынан кейін сондай-ақ, бағам айырмасы есебінен банк секторының депозиттік базасы да автоматты түрде өскен. Халық салымының біріккен көлемі тамыздың басынан 1-қарашаға дейін үштен бір бөлікке өсіп, 5 трлн. 901,2 млрд. теңгеге дейін жеткен, абсолюттік шамада ол 1 трлн. 474,3 млрд. теңгеге тең болды. Бұл жерде де нарықта көшті өсімі 41,1 пайызды құрап, 1 трлн. 237 млрд. теңгеге жеткен «Қазақстан Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» (31,2 пайыз, 1 трлн. 212,8 млрд. теңге) бастап тұр. Бұл тандемнің үлесі 41,5 пайыз құрағанын есептеу қиын емес. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша осыған ұқсас жағдай қалыптасқан, олардың бірікен көлемі тамыз-қазанда 19,0 пайызға артып, 8 трлн. 233,8 млрд. теңгеге жетіп жығылса, абсолюттік шамадағы көрсеткіші 1 трлн. 316,1 млрд. теңгеге тең болған. Бұл көрсеткіш бойынша нарықтың басқа қатысушыларынан оқ бойы алға шыққан «Қазкоммерцбанк» (14,7 пайыз 1 трлн. 736,4 млрд. теңге) пен «Халық банк» (43,2 пайыз 1 трлн. 102,9 млрд. теңге) көш бастап тұр.
Жалпы, әзірше,
девальвация салдары банк секторының негізгі көрсеткіштері, ең алдымен, жүйе құрушы ірі қатысушылар үшін жағымды болып отыр.
Дегенмен, Ұлттық банк пен Ұлттық қор да құралақан қалған жоқ, олар да бағам айырмашылығынан қомақты табыс көрді. Девальвациялық салық есебінен үкімет те біраз табысқа қол жеткізді. Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев мәлімдегендей, халықаралық қаржы институттарының қарыздары бойынша бағам айырмашылығы есебінен үнемделген қаржы қашықтығы 1 мың шақырымнан астам жаңа жолдар уческесінің құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді екен.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков