Аңыз былай дейді: жоңғармен соғыста қазақтың 600 жігіті 50 мыңдық әскерді тоқтатқан. Жалпы, Орбұлақ шайқасының тарихы ел арасында аңызға айналған. Алайда 3 үш жыл зерттеу жүргізген публицист және жазушы Мұрат Уәли бұл аңызды ақиқатқа айналдырып, дәлелдеді: иә, бұл болған іс!
— Мұрат, сіздің «Шекара шегін айқындау дәуірі» кітабыңыздан түсінгенім, сіз көптеген тарихшылар сияқты тек жазба деректерді пайдаланбай, зерттеудің басқа әдістеріне жүгініпсіз. Олар қандай әдістер?
— Бірден айтайын, бұл кітапты мен жалғыз өзім емес, Марал Томпиевпен бірлесіп жадым. Тарихтағы ақтаңдақтар аспандағы жұлдыздан аз емес. Тарихшылар 16 және 18 ғасыр аралығындағы кезең туралы жазу өте күрделі деп санайды, өйткені жазба деректер жоқтың қасы. Олардың пікірін Нұрболат Масанов білдірген. Ол былай деп жазған: «шынайы және түпнұсқалық мәліметтер беретін дереккөздерінің болмауы салдарынан
қазақтардың 16 ғасырдан 18-ғасырдың басына дейінгі шынайы тарихы бізге мүлдем белгісіз деуге болады және оны толыққанды қалпына келтіру де мүмкін бола қоймас
Бұл жерде ол жазба дереккөздерінің мүлдем жеткіліксіз екенін меңзеп отыр. Біз Марал екеуміз басқа жолмен жүруді жөн көрдік және егер оқиға шынымен болса, оның қандай да бір із қалдырғанына сенімді болдық. Оқиғаның мүлдем із қалдырмауы мүмкін емес. Растайтын деректерді ескі карталардан, қазақ фольклорынан, эпосынан, жер-су атауларынан, тарихи ұқсастықтардан және саяси ахуалдардан табуға болады. Біз Қазақстан бойынша 20-ға жуық экспедицияға шығып, «қалмақ қырылған» сияқты қазақ пен жоңғар соғысқан жерлерде болып қайттық. Қазақ-жоңғар қарым-қатынасына байланысты басқа тарихи жерлерде де болдық. Ресейге, Монғолияға, Өзбекстанға барып қайттық. Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық.
— Дұрыс айтасыз.
— Қазақтар «Асың барда — ел таны, атың барда — жер таны» дейді. Егер қолыңнан келсе елге ас бер – халқыңды танисың. Егер атың болса, сапарға шық, еліңді танисың. Міне, біз де осы ақиқатты басшылыққа алып, экспедицияларға аттандық.
— Оларыңыз ұзаққа созылды ма?
— 3 жыл шарладық. 2012 жылы бастадық. Кітап 2015 жылы жарық көрді.
— Ауқымды зерттеуді жүзеге асырғандарыңызбен құттықтаймын! Басқа оқиғалармен қатар, сіздер Орбұлақ шайқасы туралы мәселені де көтердіңіздер. Қазір ол ел аузында жүр. Кейбіреулер осы шайқасты жер-көкке сыйғызбай дәріптеуде, тіпті, 300 спартандықтармен салыстырып, қазақ жігіттерінің мықты болғанын мақтан тұтуда. Кейбіреулер, бұлай болуы мүмкін емес, 600 сарбаз 60 мыңдық әскерге төтеп бере алмайды, бұл аңыз дейді. Сіз қалай ойлайсыз? Орбұлақ шайқасы шынымен болған ба?
— 600 қазақ жігітінің 60 мыңдық әскерге төтеп беруінің аңыз болуы мүмкін емес. Әскери шайқастарда көп дүние ұрыс болған жердің бедеріне байланысты. Осы Орбұлақ шайқасына ұқсас қақтығыстар жиі болған. Сіз 300 спартандықтар туралы айттыңыз. Оларға келсек, ұрыс Фермопилдер мен Эгей теңізі шығанағы арасындағы ені ондаған метр ғана болатын тар өткелде болған. Ондай жерде Ксеркс өзінің 80 000-дық немесе 100 000-дық армиясының әлеуетін толық пайдалана алмады.
— Оның үстіне, ол жерге қорған салынған болатын.
— Сондықтан 300 спартандық ол армияны тоқтата алды. Орбұлақ шайқасында да солай болған. Ол жан-жағын төбелер қоршаған тау аңғарында болған, бұл жоңғарларға өз әскерлерін шайқасқа бағыттап, атты әскерін пайдалануға мүмкіндік бермеді. Шайқастың болғаны – анық дүние. Оны растайтын түпнұсқалық дәлел де бар. Орыс елшілері Ердене-Батырға келген, Кучеев деген татар мен Гришка Ильин 1643 жылғы ақпанда оның ордасына елшілік тапсырмамен келген. Бірақ олар Ердене-Батырды орнынан таппаған, өйткені ол Алатау қазақтары мен қырғыздарына қарсы жорыққа аттаныпты. Олар оны ордасында 4 ай отырып күткен. Ердене-Батыр оралған соң, оқиғаны көзімен көргендердің айтуы бойынша, есеп жасалған. Сондықтан Жәңгір сұлтан мен Ердене-Батыр арасында шайқастың болғаны ешқандай дау тудырмайды. Осы жазба дереккөзінде бұл шайқастың қай жерде болғанының көрсетілмеуі өз алдына бөлек дүние. Заманауи түсінік бойынша, шайқас Жоңғар Алатауында болған. Ол жерге осы шайқасқа арналған ескерткіш қойылған. Біз ол жерде болғанбыз. Ескерткіш қазақ тарихында 1990 жылдарда бұл шайқас шынымен қай жерде болды деген сұраққа жауап іздеген бірнеше қайраткердің бастауымен пайда болған. Назар аударсақ, бұл аңғар осындай тосқауыл ұйымдастыруға әбден ыңғайлы. Жан жағын шатқалдар қоршаған тар аңғар 50 000 немесе 100 000 сарбазға тойтарыс беруге әбден қолайлы..
— Жергілікті жердің рельефі, жақсы. Ал одан басқа тағы не қазақтарға осы ұрыста артықшылық берді?
— Осы шайқаста қазақтардың алғаш рет оқ атар қаруды пайдаланғаны белгілі. Яғни, Жәңгір сұлтан өзінің 300 нөкерін мылтықпен қаруландырған. 300 нөкер жоңғарларды аңғарға кіргізбеген. Жертасаға жасырынған 300 нөкер жоңғарларға қарсы оқ боратқан. Бұл, әлбете, жоңғарларды әбден үрейлендірген. Оқ атар қаруды мұндай жаппай қолдануды олар бұрын-соңды кездестірмеген. Міне, осы жәйт өте күшті психологиялық әсер қалдырған. Жәңгір сұлтан нөкерлерінің дүркіндеткен атыстары жоңғарлардың үрейін ұшырған.
— Ал әскердің санына қатысты қандай дерек бар?
— Түпнұсқада әңгіме 50 000 жоңғар әскері туралы болып отыр. Менің ойымша, бұл асыра сілтеушілік.
— Ал қазақтар ше?
— Қазақтар 600 болған. Бұл шынайы дерек деп ойлаймын. Алатаудың ұйымдаспаған қазақтары мен қырғыздарына қарсы 50 000-дық әскермен жорыққа шығу ақылға қонатын іс емес. Жоңғарлар өздері өркендеген жылдарда қытайлықтарға қарсы соғыста мұндай қалың қол жинамаған. Ары кетсе, 30 000 сарбаз. Ал бұл жай ғана қарапайым жорық. Менің ойымша, ары кетсе, 10 000 сарбаз болуы мүмкін.
— Сіздер кітапта көмек келгенін айтасыздар.
— Қырғыз түмендері көмектескен.
— Олардың саны қанша болған?
— Шамамен 2000-3000. Бұл турасында қазақ аңыздарында айтылады. Жазба дереккөздерінде мұндай мәліметтер жоқ. Дереккөздерде шайқастың соңына қарай қазақтар Жалаңтөс батыр деп атайтын Бұқара хандығына қарайтын Самарқан әмірі — Ялантуштың 20 000 сарбаздан тұратын қолмен келгені туралы айтылады.
— Ол қазақ болған ғой?
— Иә. Ол Кіші жүзден шыққан қазақ.
— Сонда, қазақтар жағынан шайқасқа 600 адам ғана қатыспаған ғой?
— Солай болды. Бірақ ерлікті 600 жігіт жасаған, олар бірнеше күн бойы 50 000-дық болмаса да 10 000-дық әскерге тойтарыс беріп отырған. Бұл дау тудырмайтын ерлік. Олардың көпшілігі оққа ұшқан.
— Кітапта бір қызықты жәйт бар. Жоңғарлармен қарыс-қатынастың ерекшеліктері көрсетілген. Бұл бейбітшілікке, достыққа негізделген қарым-қатынас. Сонда біз соғысып қана қоймай, сондай-ақ көрші тұрып, бейбіт өмір сүргенбіз бе?
— Бауырлас қазақ және ойрат халқы 200 жылдан астам көршілес және бейбір өмір сүрген. Атап айтарлығы, жоңғарлар — ойраттардың бір бөлігі. Бұл, әлбетте, қазақтар үшін де, ойраттар үшін де үлкен маңызға ие болатын. Олардың арасында шайқас та, соғыс та, бейбіт өмір де болды. Олардың арасындағы ең басты тартыс жайылым үшін болды. Өйткені ойраттар қазақтар сияқты көшпелі өмір сүрген болатын. Көршілес жайылымдарды бөлісе алмаған кездерде олар бітіспес жауға айналатын. Ал жайылымдарды бірлесе пайдалану туралы келісімге келген кездерде олар бауырлас халықтарға айналатын. Атап айтарлығы, бұл жоңғар мен ойратқа ған қатысты болмайтын. Мұндай қарым-қатынас түркімендермен, башқұрттармен және қырғыздармен де болатын. Жоңғария жойылғаннан кейін де солай болды. Ол кезде Ұлы жүздің қазақтары Жетісу, Іленің сол жақ жағалауы үшін қырғыздармен қырылыса бастады. Осындай қақтығыстар Тобыл, Торғай өзендерінің бастауында башқұрттармен де болды. Түбінде қазақтар ол жерден башқұрттарды ығыстырды. Маңғыстауда адайлар түркімендермен дәл осылай қақтығысқан болатын. Сондықтан бұл көшпенділер арасындағы қалыпты қарым-қатынас — көшпенділерге мал басын арттыру үшін жайылымдар қажет.
— Сіз бауырлас халықтар дейсіз. Көптеген ғалымдар оларды бір біріне қарсы қояды, біз түркілерміз — олар монғолдар. Сіздің сеніміңіз неге негізделген? Біздің қандай өзара ортақ әсеріміз және генетикалық ұқсастығымыз бар?
— Қазақтар мен ойраттар арасында айырмашылық аз болатын. Ойраттар пұтқа табынатын. 17 ғасырдың ортасына қарай олар жаппай пұтқа табынатын болды. Ал қазақтар мұсылман болатын. Бұл, әлбетте, екі арадағы текетіреске өз үлесін қосқан болатын. Ойраттар негізінен отарлық мал өсірумен айналысатын, сиыр асырайтын, олардың көшіп-қону радиусы соншалықты үлкен емес-ті. Ал қазақтар жылқы ұстайтын – олар нағыз дала перзенті болатын, олардың көшіп-қону аясы 1000 шақырымға дейін жететін. Шаруашылық тұрмыстағы түрлілік жайылымдарды бөлуге де әсер ететін.
— Ал не ортақ болды?
— Бұл екі халық та көшпенді болатын. Олардың екеуі де монғол текті болды, тілдері де бір алтай тобына жататын. Ол кездерді олар бір бірін түсінді, олардың тілдері кейіннен бөлектене бастады деп ойлаймын. Ойрат-қалмақ тілдеріне пұтшылдық пен тибеттік тілдер үлкен әсер етті. Ал бізге араб-парсы әсері күшті болды.
— Ал ойрат-жоңғар халықтары біздің мәдениетте қандай із қалдырды?
— Кезінде Ресей мен Қытайдың агрессиялық көңіл-күйін байқаған Галдан-Цэрэн қазақтарға — Әбілқайыр хан мен Абылай ханға бірігуді ұсынған
болатын.
Ол жаппай үйлену идеясын ұсынған болатын: «Егер біз бір халық болсақ, бізге Қытай да Ресей де қорқынышты болмайды»
Бұл үшін 1000 жоңғар жігіті 1000 қазақ қызына үйленуі керек еді. «Сонда біз бір халық боламыз, біз Алтайдан Аралға дейінгі аралықтағы бір мемлекет боламыз». Бірақ Галдан-Цэрэн өзінің идеясын жүзеге асыра алмай, қайтыс болды.
— Сіздер кітапта жоңғарлардың жаппай генетикалық қосылуы болды дейсіздер. Ол қалай жүзеге асқан?
— Өзара ассимиляция – барлық көшпелі халықтардың еншісіндегі дүние. Соғыс барысында тұтқынға алынған жоңғар бойжеткендері қазақтарға сіңсе, жоңғарлар олжалаған қазақ қыздары жоңғардың ұрпағын көбейтті. Көршілес аумақта ортақ халық — қазақ-жоңғар отбасылары қалыптасты. Жоңғарияда жоңғар-қазақ отбасылары қылптасты. Кейін Қытай Жоңғарияны талқандағанда, бұл отбасылары өздерінің нағашылары – қазақ еліне бас сауғалады, сөйтті де олар ойраттарға қарағанда қалың қазаққа оп-оңай сіңіп кетті.
— Яғни, олар қазақ болды ғой.
— Иә. Қазақта қалмақ, төлеңгіт деген рулар көп емес пе.
— Егер жалпылама алсақ, жоңғарлардың жаппай қазақа сіңуінің көлемін қалай анықтауға болады? Қанша мың отбасы немесе шаңырақ?
— Ондай нақты цифрды атау қиын, оны ешкім есептеген емес. Бірақ ресейлік математик Коржавиннің еңбегі бар. Ол қазақтар мен жоңғарлар құрамыны ұқсастығының статистикалық модельдеуін жүзеге асырды. Қазіргілер мен мың жыл бұрын өмір сүргендерді саралады. Қорытынды төмендегідей. Қазақтардың және оларды қоршаған халықтардың жыныстық хромосомдарына жасалған ДНК сараптамаларының қорытындылары ежелгі қазақ даласы тұрғындарының гендік тұрпатының еуропалықтан монғолдық тұрпатқа өзгеруіне 17-ғасырдың басынан 18-ғасырдың соңына дейін Қазақстанға қоныс аударған ойраттар әсер еткен. Ол мұны өзінің математикалық есептеулерінің негізінде дәлелдеп отыр. Бұдан басқа фактілер де бар. Мен 16-ғасырда жоңғарлардың қазақтармен бүкіл аймақпен ассимиляцияға ұшырауының фактілерін жинадым. Өзара қырылыс салдарынан ойраттар өз ортасынан кетіп, қазаққа – Қазақ ордасына сіңе бастаған..
— Мұны растайтын көптеген жергілікті жер-су аттары бар емес пе.
— Иә. 18 және 19 ғасырларда. Синьцзянда мұсылмандарды қырып-жою басталғанда, шамамен, 14000-15000 қалмақ Жетісуға бас сауғалаған.
— Яғни, олар қазақтарға ру, тайпамен сіңіп кеткен ғой. Қазақ-жоңғар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ел білмейтің басқа аңыздар бар ма?
— Осы тақырыпты зерттеумен айналыса бастағаннан кейін қазақтар мен қазақстандықтардың осы мәселедегі жалған түсініктеріне тап болдым. Мәселен, Қытайдың жоңғарларға көмегі, ресейліктердің жоңғарларға қару-жарақ жеткізулері, қазақтар мен жоңғарларды біріне айдап салу туралы. Мұның барлығы, тамыры 1960-1970 жылдарға кететін аңыздар. Ол кезде КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қатты нашарлап кеткен болатын. Қытайлық хунвейбиндер Балқашқа дейін созылған Қытай Жоңғариясының карталарын жариялай бастады. КСРО-да, өз кезегінде, үнсіз қалған жоқ. Яғни, екі тарап та тарихты бұрмалады. Кеңестер Одағы Жоңғарияның Қазақстанға қатысы жоқ екенін, ал Қытай Қазақстанның көп бөлігі Жоңғарияға тиесілі екенін дәлелдеуге тырысты. Ал Қытай Жоңғарияны басып алуына байланысты бұл жерлер автоматты түрде Қытайдың иелігіне өту керек деп санады.
— Яғни, көп ретте қазақтар мен жоңғарларды бір біріне айдап салудың идеологиялық негізі болған ғой.
— Ільяс Есенберлин осы тақырыпқа «Жанталас» романын жазған. Бұл аңыздар содан бастау алады.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков