Алматының жаңа әкімі әзірге БАҚ-қа сұқбат берген жоқ, есесіне, ол блогерлермен кездесіп, әңгімелесті. Шындап келсек, бұл Бауыржан Байбектің алғашқы сұқбаты: әңгіме көлік кептелістері, трамвай апаттары және Ботаника бағының аумағында басталғалы жатқан құрылыс туралы болды.
Блогерлемен кездесу Алматының бұрынғы әкімі кезіндегідей люкс-мейрамханада емес, әкімдіктің қабылдау залында өтті. Ерекше тағамдардың орнына сүт қосылған шай тартылды, әңгімеге көптеген қазақтілді блогерлер тартылды, сондай-ақ гендерлік теңдік те сақталды. Бұл жолы бұрынғыдай он-шақты блогер емес, одан үш есе көп шақырылды.
Бауыржан Байбек халықаралық McKinsey консалтингтік тобының қолдауымен дайындалған Алматы қаласы дамуының 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы туралы әңгімеледі. Бұл бағдарламаның алдынғыларынан ерекшелігі, ол ашық қабылдануда және тұрғындармен жариялы түрде талқылануда. Жобамен интернеттегі almaty.gov.kz сайтында танысуға болады, қала тұрғындары өздерінің ұсыныстарын осы мақсатқа арнайы ашылған [email protected] электрондық мекен-жайына жібере алады.
Үш сағаттан артық жалғасқан кездесуде әкім бағдарламаның негізгі жағдаяттары туралы әңгімелеп, кездесуге келген әлеуметтік желі пайдаланушыларының сұрақтарына жауап берді. Бұл мақалада Бауыржан Байбектің сөзінің кейбір үзінділері келтірілген.
«Соңғы бес жылда Алматы халқы жыл сайын 3 пайызға артып отырса, қала аумағы екі есе өскен. Бұл қысқа мерзімдік даму перспективасына тәуекелдер тудырып отыр. Бізге адамдар көптеп келіп жатыр, әлеуметтік инфақұрылымға ауыртпалық түсуде, сондықтан бізге аудандарды дамыту қажет, бұл келешекте өте жақсы болады, өйткені нарықтың сыйымдылығы артады.
Біз үшін Алматының тартылыс орталығы болғаны маңызды
«Париж соңғы бес жылда 14 000 тұрақ орнын қысқартқан. Егер қателеспесем, 2030 жылға қарай Амстердамда қала орталығын толығымен жаяу жүргіншілер аймағына айналдырмақ. Заманауи қалада машиналарға қандай жағдай жасасаң да көлік кептелісі ешқашан бітпейді. Жолдар мен жолайрықтар көбірек салынған сайын адамдар да машиналарды көбірек сатып ала береді. Біз ең алдымен жаяу жүргіншілерге, қоғамдық көлікке және велосипедтерге жағдай жасаумыз қажет.
Тек жаяу жүргіншілер қосымша құнды жасайды. Егер адамдар көбірек қыдыратын болса, олар үшін кафелер мен мейрамханалар іспетті демалыс орындарын көптеп ұйымдастыратын болады.
«Жолайрық тиімділігі» деген түсінік бар. Олар құрылысы – машақаты көп, қымбат дүние, мұндай бір нысанның құрылысы 10-20 миллиард теңгеге түседі. Оны салып болғаннан кейін халық екі ай ауыртпалықтың азайғанын сезінеді, ал одан кейін кептелістер қайтадан басталады. Қаншалықты қайшы болса да айтайын, жолдар мен жолайрықтар сала отырып, біз қалаға келетін көлік легін арттыра түсеміз. Сонда, біз қала тұрғындарына емес, қалаға келушілерге жағдай жасап отырмыз.
Біздің барлығымызға сана-сезімді өзгертіп, автомобильдерге арналған кеңістікті қысқарту қажет. Біз бүгін ыңғайлы қоғамдық көлік құрғанша, қалаға келмеңдер деп айта алмаймыз. Әлемнің кемелденген қалаларында бір жерден екінші жерге дейін, ол қаншалықты алыс болса да, 20 минутта жетесің, бұл — халықаралық талап».
«Өткен аптада журналистер мен блогерлер алғаш рет трамвай депосына кіру мүмкіндігіне ие болды. Бұрын ол ешкімді кіргізбейтін өте құпиялы нысан болатын. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басы трамвай көлігі дамуының шыңырау биігі болды — ол кезде қалада 12 бағдарда 198 трамвай болған еді. Отыз жыл ішінде 14 трамвай қалды, олардың тек 11 пайдалануға жарамды болатын, кейде бағытқа 12 трамвай шығады. 40 минут сайын жүретін 2 трамвай бағдары – өткенді аңсау, жады, тарихи құндылық. Бірақ бұл көлік құралы емес. Мен Алматыға келгеннен бері екі ірі апат болды. Біз шешімді эмоция деңгейінде қабылдамауымыз керек, шешім басқарушылық сипатта болуға тиіс. Мен 12 трамвайдың небәрі 3 апатқа ұрынғанын білгенде, бұған көнген едім. Бірақ менің жаңа орынбасарым депоға барып, жағдайды тексеріп, маған тоғыз айда үш емес. қырық үш апат болғанын баяндағанда, шыдамым таусылды…
Сөйтіп, авария орын алғанда, депо басшысы апат орнына барып, шу шығармас үшін, барлығын ақшамен жауып отырғаны анықталды. Мен ерте ме, кеш пе, адам қазасы орын алатынын түсіндім.
Мұны ешкім қаламайды, мен де мұндай жауапкершілікті мойныма ала алмаймын. Құрбандық орын алған трагедияға жауапты болғанша, мені трамвай жұмысын тоқтатқаным үшін сынға алсын.
Біз трамвай жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімм қабылдадық, өйткені ол қазір қауіпті. Рельстер ескірген, рельстер торабы жұмыс істемейді. Біз қаншалықты жаңа трамвай алсақ та, олар шатқаяқтап жүреді, ал дөңгелектер рельстен шығып кететін болады. Мен трамвай депосының ұжымымен кездестім. Онда бір әйел онда отыз жылға жуық, сонау кеңес заманынан жұмыс істейді. Ол көз-жасына ерік беріп: «Бұл тарих қой, біздің үйренген кәсібіміз», — деді. Бірақ алға қарай жүру керек. Еңбеккерлердің еңбекақысын сақтаймыз, жұмыс тауып беріп, қайтадан кәсіби дайындықтан өткіземіз. Қазір біз 200 троллейбус сатып алдық, олардың 25 пайызы жұмыс істемей тоқтап тұр. Троллейбустар қымбат, ал олар неге жұмсыссыз тоқтап тұр? Сөйтсек, троллейбус жүргізушісін оқыту, ешкім айналысқысы келмейтін, қиын іс екен. Біз өзіміз қайта оқытамыз және оқу мерзімінде еңбекақы төлейміз. «Сіздер үшін ең бастысы еңбекақы ма?» — деп сұрадым әйелден. «Иә», — деп жауап берген ол, қайта оқуға келісті.
Егер біз трамвай жолдарының бір тармағын сақтап қалғымыз келетін болсақ, оның әр шақырымына ақша қажет екенін түсінуіміз керек. Бұл мақсатқа екі миллиард теңге қажет. Әңгіме жолдарды жаңарту-жетілдіру туралы емес, құр оларды сақтап қалу туралы болып отыр. Бұл қомақты қаржы, оған 50 жаңа автобус сатып алуға болады. Біз ойланып, қаржыны тиімді пайдалану жолдарын қарастырамыз. Мен бұрын айтқам, Алматыда түбінде жеңіл рельсті жолдар болады. Біз Еуропаның даму және қайта құру банкімен жұмыс істеп, шетелдік сарапшыларды тартудамыз, олар жағдайды бағалайды, содан кейін жоба ауқымын байқайды, жүзеге асырудың әдістемесін дайындайды. Атап айтарлығы, жоба бюджет есебінен емес, 50х50 ережесіне сәйкес, инвесторларды тартып, мемлекет пен жеке сектор серіктестігі шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс. Қазір талқылап жатырмыз. Егер қауіпсіздігіне көз жеткізсек, мүмкін, әзірше, Төле би көшесінің бойындағы бір бағытты қалпына келтіреміз. Мүмкін, осы 12 трамвай бойынша Лондондағыдай ребрендинг жасаймыз, ескі суреттерді көтереміз, олар тарихи сипаттағы көлік құралы ретінде Төле би көшесінің бойымен жүретін болады. Және олар 40 минут сайын емес, жылдамырақ қозғалу үшін, одан да жиірек жүру керек. Мұндай шешім барлық қала тұрғындарының көңілінен шығады деп ойлаймын. Бірақ қайталап айтамын, барлығын есептеп, зерделеу қажет».
«Мен өзім ол кинотеатрға барып, жағдаймен танысқам. Жиырма жыл ол ғимаратты ешкім алғысы келмеген. Үлкен зал концерттер өткізуге лайықтауға келмейді. Соңғы жиырма жылда мұнда мыңдаған қайта құрылымдау болған, ғимарат апатты жағдайда. Оны ешқандай құжатсыз қайта салған, әдетте біз солай пәтерімізді жөндейміз де, кейін сатар кезде бәрін жылдам ережеге сәйкес қылуға тырысамыз. Бұрынғы кинотеатрдың тарихи құндылығы жоқ. Мен өзім алматылықпын, сондықтан білемін, ғимарат осылай тұра беруші еді. Оның иесі келді, ол жерге бір нәрсе салынатынын естігенде қуанып кетті.
Мен өзім американдық фастфудтарды қолдамаймын. Қалада шағын дәмханалар мен кәуапханалар жетіп-артылады, біз оларға соғыс жарияладық: олардың қандай етті пайдаланып жатқаны, оны қайдан әкелетіні, елді немен тамақтандыратыны белгісіз. Ал Макдональдста сапаның жоғары стандарттары орын алған. Шетелде көпбалалы отбасылар басқа елге барарда өз шығындарын Макдональдс бағалары бойынша есептейді. Бір адамға 7 еуродан келсе, балаға осы соманың жартысы жұмсалады. Әлемнің кез келген елінде, мейлі ол Индонезия немесе Кытай болсын, тағам шығынын Макдональдс бойынша есептеуге болады. Туристерге де Макдональдста тамақтануды ұсынады, өйткені ол жерде артық есептеп, тұтынушылардың қалтасын қақпайды. Бірақ Италиядағы Макдональдста тұтынушыларды алдаушылық бар…
Мен кез-келген тарихи ғимаратты бұзуға жол бермеймін. Біз тарихи ғимараттың не екенін нақты анықтап алуымыз керек, әйтпесе біз оны өзіміздің есімізде қалған нысандармен шатастырамыз».
«Бұл Алматы орталығындағы 103 гектар алаңды алып жатқан бірегей орын. Қаладағы Ислам орталығы мен Есентайдың қиылысында 2,17 гектар жері бар, бұл учаске сол маңда ҚазМУ қалашығымен шектесіп жатыр. Мен қалаға келгеннен кейін үш-төрт өте ірі компаниялар осы жерге көп қызмет көрсететін тұрғын үй кешенін салу жөнінде ұсыныс білдірді. Біз берген жоқпыз. Сондықтан бұл мәселені жедел түрде қалалық кеңестің талқысына шығардық. Бос жер – жіліктің майлы басы іспетті, оған бәрі ие болғысы келеді. Бұл жер Ботаника бағынікі емес, қаланың жері. Сержан Жұмашев, қала бизнесмендері бұл жерге Заманауи өнер мұражайын салуға ниет білдіріп отыр. Біз оларға осы жерді бердік, инфрақұрылымды қосамыз, олар халықаралық мұражайлар картасына кіретін мұражай тұрғызады. Мұндай ерекше нысандар не үшін қажет? Мәселен, Дубайда ең үлкен желкен орнатпақ, міне, соны көру үшін қалаға бүкіл әлемнен миллиондаған туристер келеді. Немесе сәулет жауһары Гуггенхайм мұражайын тамашалау үшін Бильбаоға аттанады.
Уақыт өте келе әл-Фараби даңғылында Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ботаника бағының қақпасы пайда болады. Жақында ол жерде сенбілік өткізілді: бұталардың түбіндегі қоқыс, шөлмектер жиырма жылдан бері жиналмаған, барлығы қараусыз қалған. Бүкіл әлемде ботаника бақтары гүлдеп, ғылыми-танымдық қызмет атқаруда. Бізге меншік мәселесін шешу қажет. Егер Білім және ғылым министрлігі Ботаника бағын коммуналдық меншікке берсе, біз қала ретінде инвестиция тарта аламыз. Мен жақында Ботаника бағының директорымен сөйлестім, олардың жыл сайынғы бюджеті мардымсыз, тіпті, бақ аумағын тазалықта ұстауға жетпейді. Егер біз Ботаника бағын өзгерткіміз келсе, оны қаланың коммуналдық меншігіне алып, алматылықтар мен қала қонақтардың қыдыратын сүйікті орындарының біріне айналдыру үшін көпшілікті тартып, қалпына келтіріп, қалыпты ғылыми баққа айналдыру қажет».