Атом станциялары өндіретін электр қуатының көлемі осыдан он жыл бұрын өзінің шынар шыңына жеткен болатын. Содан бері реакторларға отын жетпегендіктен бірде бір станция жабылған жоқ. Ендеше американдық миллиардер Уоррен Баффет неге Қазақстанда халықаралық стратегиялық маңызы бар нысан — ядролық отын қоймасының құрылысын жүзеге асыру үшін 50 миллион АҚШ долларын бөлді? Өйткені мұнда уран көп, ал Уоррен өзінің таңқаларлық қылықтарымен танымал болғандықтан ба?
Әр елдің азаматтық экономика мақсатына уранды байытуға арналған қондырғы орнату ниетіне 1970 жылғы ядролық қаруды таратпау туралы атышулы келісім кедергі бола алмайды. Солтүстік Корея мен Иранда мұндай қондырғылар бар, бірақ әлемнің кейбір елдері бірінен кейін бірі келесі сұрақты қоюда: олардың сырт көзге төмен байытылған уран өндірісіне арналған ядролық өндіріс нысандары, шын мәнінде, ядролық қару жасауға арналған жоғары байытылған уран өндірісін қалқалап отырған жоқ па?
Нақтырақ айтсақ, қолында реакторда да, ядролық қаруға да пайдалануға болатын уран-235 бар Иран Батыс саясаткерлердің жүйкесін әбден жұқартты. Бұл жерде барлығын мазалаған мәселе — Иран өзінің байытушы центрифугаларында уран-235-ті әскери емес экономикаға қажетті мөлшерден артық өндіріп жатқан жоқ па?
2015 жылғы шілдедегі келісім бойынша, Иран өзінің уранды байыту деңгейін 3.67 пайызға дейін төмендетті. Әскери уранды байытудың деңгейі 90 пайызды құрайды. Батыс алдағы 15 жылда өзіне кем дегенде, бір шиеленіс ошағын азайтқандай болған еді. Бірақ Солтүстік Корея бар, ол 2006 жылы өзінде ядролық қару бар екенін жариялап, ядролық жарылысты жүзеге асырды. 2012 жылы КХДР ел Конституциясына өзінің ядролық мәртебесі бар ел екенін бекіткен өзгерістер енгізді.
Төмен байытылған уран ашық нарықта қолжетімді, ал ол таусылған жағдайда МАГАТЭ иелігіндегі және қазақстандық операторлықтағы қазақстандық қойма түріндегі қосалқы нұсқа бар. МАГАТЭ қауіпсіз сақтаудың және таратудың кепілі. Төмен байытылған уран тек МАГАТЭ мүшелеріне жіберіледі. МАГАТЭ-ге сәйкес, сақталатын уран көлемі бір 1000-мВт реакторды ұстауға жеткілікті, ол үш жыл бойы электр қуатымен ірі қаланы қамтамасыз етуге жеткілікті.
Осы орайда атап айтарлығы, әлемде әлі уран байытуға арналған нысандар мен бағдарламаларды ұстауды ұлттық беделдің көрсеткіші санайтын елдер жетіп-артылады. Кейбір елдер, мәселен, Жапония, төмен байытылған уранды әскери деңгейге дейін тез жеткізу технологияларын меңгерген. Бірақ әлемнің бірде бір атом станциясына Ульба қоймасынан отын жедел түрде және жақын болашақта қажет бола қоймайды. Атом энергетикасын ілгерілету және осы сала компанияларын қолдау мәселелерімен айналысатын Лондонда орналасқан Бүкіләлемдік ядролық ассоциация 2005 жылдан бері нарыққа уранды жеткізудің елеулі өскенін, уран бағасының теңескенін, ал реакторлардың неғұрлым тиімді жұмыс істей бастағанын хабарлайды. Бұл ұйым атом саласында азаматтық зерттеулер жүргізуге ниет білдірген немесе онымен айналасып жатқан елдерге әлемнің бір жерінде төмен байытылған уран отынының қоймасы бар екеніне дұрыс баға беру үшін, Ресейдің Еуропаға газ жеткізу бойынша ойындарына мұқият қарау жөнінде кеңес береді.
Қазақстан осыдан біраз бұрын ғана КСРО күйрегеннен кейін қалған Семей ядролық полигонын жапты және шабуылдаушы ядролық қару паркін ұстаудан бас тартты. Осы қадаммен ол Батыстың толық сеніміне ие болды. Бірақ уранның бай қорына ие Қазақстан бейбіт атом энергетикасын дамытудан бас тартқан жоқ. Оны атом индустриясының көптеген нысандарының сақталуы дәлелдейді, олардың ішінде уранмен жұмыс істеудің 60 жылдық тарихы бар Ульба металлургия комбинаты да бар.
Қазақстаның өз аумағында қойма орналастыру туралы шешімі біреуді өз аумағында уранды байытуға арналған центрифуганы сатып алмауға итермелейді, сөйтіп ол Қазақстаннан уран алу үшін МАГАТЭ-ге жүгінеді. Жоғарыда айтылған таратпау туралы келісім бойынша, МАГАТЭ таратпаудың жағдайын және бейбіт атом нысандарын әскериге айналдырмауды бақылайды. Қазақстан 2017 жылы бұл үрдістің маңызды стратегиялық қатысушысы болады.
Сөйтіп, болашақта Қазақстан дүниежүзілік бейбіт атом өндіру мәселесінде стратегиялық маңызға ие болады.
Орысшадан аударған Кайрат Матреков