Алматыда қала көшелерінің жолдары жүйесіндегі ақылы автотұрақтарға қатысты кезекті дау ушығып келеді. Жүздеген тұрақшылар дел-сал күй кешуде – қала билігі шынымен 2016 жылғы 1-мамырға дейін барлық ақылы автотұрақтардың көзін жоймақ. Бұл уақыт автомобиль мінген алматылықтармен қала қонақтарынан ақы жинау технологиясын автоматтандыру үшін қажет.
Қазіргі таңда автотұрақтар жұмысына уақытша тыйым салу мәселесін қалалық әкімдік пен мәслихат қарау үстінде. Әкімдіктегі дерек көзі атап өткендей,
Бауыржан Байбек Алматының көлікке толы көшелерінде тәртіп орнатуға белді бекем буыпты, қазір „қала әкімшілігі дәл осы мәселемен терең айналысып жатыр„.
Тұрақ орындарының тапшылығынан қала көшелерінде ақылы тұрақтар көбейіп кеткен, жағдай жыл санап нашарлап барады. Алматыдағы автұрақтарға 13 жыл бойы „Алматы тұрақ„ мемлекеттік қазыналық кәсіпорны иелік еткен (жақында ол «Алматы арнайытұрақ сервис» ЖШС-і болып қайта құрылды, – ескерту).
„Алматы тұрақ„ жүйесінің жұмысы табысты көрінген-ді: қала орталығы және адамдар көп баратын орындардың бәрі „машина орындарға„ бөлініп, ол жерлерде тұрақшылар жұмыс істеп жатты. Қала әр уақытта көлікке толы, сондықтан тұраққа деген сұраныс ұсыныстан жетіп-артылатын, атап айтарлығы, көпшіліктің наразылығына қарамастан, жүргізушілер темір тұлпарының тізгінін уақытша босату үшін ақыны үн-түнсіз төлейтін. Бірақ оларға ақшаның орнына не түбіртек, не чек берілмейді. Сөйтіп, қазір билікке өте қажет орасан зор сомалар салықты айналып өтіп, бәз біреулердің қалтасына түсіп жатты.
Осындай форматтағы ақылы тұрақтар жылдар бойы белсенді түрде өсіп-өркендеп жатты. Бұған ешкім кедергі жасаған жоқ. Осы уақытқа дейін бұған көз жұмып келген билік енді неге аяқ астынан көреген бола қалды?
Мұны екі мәселемен түсіндіру мүмкін шығар. Олардың біреуі бойынша, шенеуніктердің күрт қимылдарын жаңа әкімнің барлығын „жөні түзу елдердегідей жасауға„ ұмтылысымен түсіндіруге болады.
– Неліктен қазір барлығы өзгеріске ұшырауда? Оған екі себеп бар. Біріншісі — қалаға жаңашылдыққа, жаңалыққа ұмтылған жаңа әкім келді, ол барлығын „Еуропадағы сияқты„ жасауға ұмтылуда – бұл маңызды себеп, – дейді жағдайды түсіндіре бастаған экономист және саясаткер Петр Своик. – Дегенмен, маңыздылығы кем түспейтін тағы бір себеп бар — бюджет жағдайының нашарлауы. Бюджет жағдайы өте елеулі нашарлады. Сондықтан қала билігі жергілікті салықтардың жиналу деңгейін көтеруді ойластыруда. Біздің көз алдымызда қала көшелерін камералармен жарақтандыру арта түсуде, атап айтарлығы, ол жол қауіпсіздігін жақсартуға ғана бағытталып отырған жоқ, сонымен қатар, бұл бюджеттік алымдарды арттыруға бағытталған талпыныс. Маған белгілі болғандай, айыппұлдарды жинауға сот орындаушылары да қамтылған. Тұрақтар мәселесі де сондай жағдайға тап болды. Билік енді алымдарды ресмилендіріп қана қоймай, сондай-ақ оларды біреудің жеке қалтасына түсірмей, тікелей бюджетке жолдауға ниетті, әлбетте, бұл тек құптарлық іс.
Алматыдағы тұрақтардың жұмысын Бауыржан Байбектің тапсырмасымен „Нұр Отан„ партиясы жанындағы қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, техника ғылымдарының докторы Борис Джаппаров жетекшілік еткен жұмыс тобы мұқият зерттеген. Өзінің есебінде Джаппаров „бақылаудың болмауы салдарынан
көпқабатты автотұрақтар салуға бөлінген жерлерде бизнес-орталықтар салынып, ал тұрақтардың әлі күнге дейін қажетті жабдықтармен жарақтандырылмауына әкеліп соққан
деп жазады. Бұл аз болса, Алматы қаласының Алмалы аудандық прокуратурасы тұрақтардан жиналған қаржы көлемінің екі есе азайтылып көрсетілгенін анықтады. Кәсіпорынның жылдық табысы 150 миллион теңгеден кем болмауы керек еді. Бірақ кәсіпорын 75 миллион теңгеден аспайтын табыс туралы мәлімдеген».
Үкіметтік партия тексерушілерінің есептеуінше, барлық 42 автотұрақтағы бір сағаттық ақының жалпы көлемі 305 500 теңге болған. Егер тұрақтағы автокөлік тәулігіне төрт рет ауысады деп болжасақ, бір тәуліктегі жиналған алымдардың сомасы 1 222 000 теңге, ал бір жылда – 446 030 000 теңге болу керек.
Алайда осыдан біраз бұрын ғана әкімдікте мүлдем басқа цифрлар туралы айтқан болатын. Алматы әкімінің экс-орынбасары Ербол Шормановтың ресми мәліметтері бойынша, барлық тұрақтардың бір күндік орташа табысы 200 424 теңге болған, яғни, нұротандықтардың есептеулеріндегі бір сағаттық ақыдан аз болған.
Атап айтарлығы, партиядағылар айтқандай, „ақша қайда кетті?„ деген сұрақ зерделенбей қалып отыр.
– Тұрақшылар құрылымының мұндай көп жылдық тұрақтылығы таң қалдырады, Храпуновтың кезінде дүниеге келген бұл жүйе барлық әкімдердің басына су қойды. Жалпы, бұл жартылай заңды жүйе, – деп санайды Петр Своик. – Тұрақшылар табыстарын шенеуніктермен бөлісіп отырған, ал олар өз кезегінде, олардың ісіне көз жұмған. Әрине, мұны дәлелдейтін қандай да бір тікелей айғақтар жоқ, бірақ егер бұл құрылым көп жылдар бойы жартылай заңды түрде өмір сүрсе – қолма қол ақша алып, оған ешқандай құжат бермесе, бүкіл ақшаны тек өз қалтасына баспаған шығар.
Бір қызығы, танымал заңгерлердің пікірінше, бұл үшін ешкім жауапкершілік тартқан емес және тартпайды да.
– Алдымен олар төлейтін салық салынады, одан кейін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеледі, міне, сол ақша белгілі бір мөлшердегі сомадан асып кетсе, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – дейді Сергей Уткин. – Егер кассалық чек берілмесе, бухгалтерлік құжаттарда түскен қаржы көрсетілмесе, заң бұзылады, бірақ кәсіпорын қызметін жалғастыра береді.
– Компания табысты жасырғаны бетіне басылғанына қарамастан, қызметін жалғастыра бере ме?
– Иә. Ешқандай тергеудің де, соттың да болмауы ғажап емес. Менің білуімше, ол мемлекеттік компания.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков