Айсұлтан Назарбаев үшін Қазақстан футбол федерациясы президентінің орынтағы кез келген басқа адамға қарағанда, анағұрлым қымбат болмақ — Айсұлтан үшін бұл тек саяси трамплин, қазақстандықтардың сенімі ғана емес, сонымен қатар әкесінің ісін жалғастыру.
Айсұлтан Назарбаев Қазақстанның Футбол федерациясы лауазымын иемденуге белді бекем буды. Алдымен ол ҚФФ-ның атқару комитеті мүшелеріне үндеу жолдады, одан кейін бірнеше футбол клубтарының өкілдері оған қолдау көрсетті, сәлден соң ел президентінің жиені өзінің сайлау алды бағдарламасы туралы мәлімдеді. Федерацияның қарсылығына қарамастан, тартыс жалғасатын сыңайлы.
Уәлихан Төлешев, саясаттанушы:
— Қазақстан футболы элитасының басшылығын өзгертудің жөні бар, өйткені соңғы жылдары, Қазақстанның УЕФА-ға енуінен кейін, ешқандай айтулы табысқа қол жеткізе алмадық. Біз үнемі іріктеу турнирлеріне қатысамыз, бірақ еуропалық кубоктарды сарапқа салатын ақтық кезеңге шыға алмай келеміз. Ішінара болмаса, біздің футбол клубтарымыз дұрыс ойын өрнегін көрсете алмауда. Олар қандай да бір көрнекті футбол технологиясын да қолданып жүрген жоқ.
Біз халықаралық бапкерлерді жалдаймыз, бірақ соған қарамастан, олардың тәжірибесін біздің футболшылар дұрыс қабылдай алмауда. Жағдайды елеулі өзгертуге жеткілікті ұзақ мерзім өтсе де көшке ілесе алмай келеміз
Өз басым футболдағы ескі билік Қазақстандағы футбол қозғалысын дамыту мен футбол инфрақұрылымын құру мәселелерін ескі, тіпті, кеңестік жолмен шешіп жатқан шығар деген ойдамын. Ал жастар, атап айтқанда, Айсұлтан Назарбаев, әлемнің үздік клубтарында тағылымдамадан өткен, олардың тәжірибесі мен осы процесстерді жаңа, жас ұрпақтың, яғни, көптеген қазақстандық футбол жанкүйерлерінің көзімен көру мүмкіндігіне ие. Олар біздің, отандық футболды бизнес саласы ретінде емес, еуропалық деңгейде дамыған, командалық өрнегі бар ойын ретінде көргісі келеді.
Атап айтарлығы, қазір Еуропаның өзінде, УЕФА-да және футболдың әлемдік ұйымдарында жұмыстың ескі әдістерінен арылу процесстері жүріп жатыр. Атап айтқанда, Блаттерге, Платиниге қарсы тексерулер футбол қозғалысын, футбол бизнесін, футболды әлемдік форматтағы спорт ретінде қалыптастырудың жабайы кезеңінің өтіп кеткенін көрсетуде. Бүгінде бұл мәселеге байсалды, ұлттық-корпоративтік тұрғыдан қараған жөн.
Дегенмен Қазақстан футбол федерациясында мерзімінен бұрын сайлау өткізу идеясын белсенді ілгерілете, ал халықтың қазіргі басшының шынымен де соншалықты заңды емес екенін тани бастағанына қарамастан, Ерлан Қожағапанов лауазымнан өз еркімен кетуге асығар емес, соңына дейін күресуге бел буған сыңайлы. Міне, дәл осы мәселе қазір көпшілікті таң қалдырып отыр.
— Мұның түбінде материалдық себептер жатыр, — дейді осы сұраққа жауап берген саясаттанушы Уәлихан Төлешев. — Қазақстан футбол федерациясы басшысының орынтағы — жеткілікті маңызға ие. Қаржы жағынан да, футбол қозғалысына ықпалы жағынан да. Бұл өте маңызды. Ескі элита мұнымен қоштасқысы келмейді. Мен қазір олар түбегейлі өзгерістер енгізіп, жағдайды жақсартуға қабілетті деп ойламаймын. Ал жастар футбол қозғалысын демократияландыру, футбол саласында тәртіп орнату, біздің футбол федерациясының ішіндегі ойынның кейбір ережелерін өзгерту бойынша шұғыл әрекеттер жасай алады. Мен бұл өте дұрыс болушы еді деп есептеймін. От пен мұз қақтығысатындай, ұрпақтар да қақтығыссын. Бұл саладағы бәсекелестік тоқыраудан артық деп ойлаймын. Егер осындай қақтығыс, бәсекелестік футбол дамуының қуатты үлгілерін тудыруға қабілетті болса, бұл өте тамаша болар еді.
Айсұлтан Назарбаев қандай да бір кеңесшілердің көмегімен дұрыс қадамдарға бара алады, оның үстіне, оның шықан тегі де танымал. Ешкім соншалықты қарсылық білдіреді деп ойламаймын. Бұл таза саяси мәселе. Жалпы, егер жастар істеймін деп ниет білдірсе, тегіне қарап, кедергі келтіруге болмайды. Ол кезең келмеске кеткен. Бүгінде Қазақстан дағдарыс жағдайында, экономикалық өсім мүлдем мардымсыз. Дәл қазір тек футбол билігін емес, сонымен қатар парламент пен үкіметті де өзгерткен дұрыс шығар. Түптеп келгенде, біз немен қаламыз, қазақстандық боксшы Головкин, басқа боксшылар, зілтеміршілер, велошабандоздар сияқты келешекте біздің футбол да танымал болады деген үміт бар ма, деген сұраққа бүкпесіз жауап беретін кез келді. Федерация басшылығына неғұрлым технократты, мақсаткерлігі өте жоғары жаңа функционерлер келуі қажет.
Оның үстіне, Айсұлтан — дәулетті азамат, пара тілемейді. Бізде келісілген матчтардың орын алғандығын айғақтайтын көптеген дәлелдер бар. Дегенмен мен ол біздің футболды осындай келеңсіздіктерден арылтуға мүдделі болады деп ойлаймын.
Шындығын айтсақ, Азия футбол лигасынан Еуропалық лигаға ауысу туралы бастаманы көтерген Айсұтан Назарбаевтың әкесі Рахат Әлиев екенін атап өткен дұрыс болады. Бұл тұрғыдан Айсұлтанның үндеу жолдауы орынды дүние. Мүмкін, бұл әке ісін жалғастыруға деген ниеті болар. Бұл болашаққа деген ұмтылыстың, мұратқа деген адалдықтың үлгісі іспетті.
Сонымен қатар, саясаттанушылар дәл Айсұлтан Назарбаев үшін Қазақстан футбол федерациясы президентінің орынтағы өте қымбатқа түсуі мүмкін деп санайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
— Бұл бизнес болуы (демеушілер ақшасын алу мүмкіндігі), сонымен қатар саяси кеудемсоқтық болуы мүмкін. Саяси көзқарас тұрғысынан алсақ, Айсұлтан Назарбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың қосалқы мұрагері ретінде қарастырлуы мүмкін. Батыстағы саяси кландар, яғни отбасылар шежірелері мұндай оқиғалардың болғанын айғақтайды. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаев кез-келген жағдайда ел есінде жағымды саяси қайраткер ретінде қалады және ол өзінен кейін жағымды саяси мұра қалдырады. Халық Назарбаевтың жемісті саясатының жалғасы ретінде өзіне ұсынылған белгілі үміткерге қолдау білдіруі мүмкін.
Естеріңізге салсақ, 2014 жылғы желтоқсанда Ерлан Қожағапанов ҚФФ-ы президенті лауазымында болған Әділбек Жақсыбековты алмастырды. Одан бұрын Қожағапанов Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасы лауазымдарында болды. Қазіргі таңда Ерлан Қожағапанов сонымен қатар, «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры (2015 жылғы 15-шілдеден бастап) қызметін атқарып келеді.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков