Нанға ақылға қонымды баға белгілеу, яғни оның бағасын көтере отырып, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына дотация беру жөніндегі ұсыныс қоғамымызда кеңінен талқылануда. Халықтың бәрі бірдей бұл бастаманы қолдаған жоқ, оны түсінуге де болады — адамдар нан бағасын белгілі бір шартты әлеуметтік бірлік ретінде қабылдайды. Дегенмен қазақстандықтардың көпшілігі, оның ішінде, аз қамтамасыз етілгендер де, мұның, ең алдымен, нан өндірушілерге қатысты дұрыс екендігіне келісті. Алайда бағамен қатар нанның сапасы туралы мәселе де халықты толғандыруда.
Бидай өсірумен және оны шет елдерге экспорттаумен айналысатын Қазақстанда наның сапасы, әсіресе, әлеуметттік деп аталатын бөлке нанның сапасы өте төмен. Десек те, тоқаштар мен батондардың да сапасы да жоғары сипаттамалармен ерекшеленбейді.
Бұл турасында әлеуметтік желіде пайдаланушылар келесі пікірлер қалдырыпты:
«Мен нанды лақтырып тастаймын. Өйткені ол бір тәулікке де шыдамайды, көгеріп, ашиды. Жабысқақ болады және сасиды».
«Дүкен сөрелерінде жатқан батондар мен бөлкелерді үш тәуліктен кейін иттер де жемейді».
«Біздегі нанды жеу — денсаулыққа қауіпті, ал егер оның бағасын көтерсе, ол көмектесу емес, халықты арсыз тонау болады».
«Мұндай нашар нанның бағасын қалай көтеруге болады, оның сапасы қазіргі бағаға да сәйкес емес!»
Егер бидай өндірушілерден, ұн тартушылардан, наубайшылардан нан сапасы нашарлығы сияқты құбылыстың сыры неде деп сұрасаң, олар әңгімесі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатын: нан — әлеуметтік өнім, арзан сондықтан мардымды табыс бермейді, ендеше — өздеріңізге не керек дегенге саяды.
Иә, қазір „бұрынғы„, дүкеннен үйге жеткенше бұрышын кеміріп тастайтын хош иісті, қытырлақ қабықшасы бар нан жоқ. Десек те нан пісіру – соншалықты табысы мардымсыз іс емес. Оны жаңадан ашылып жатқан меншікті диірмендер мен наубайханалар санының көбеюі дәлелдейді.
– Бір ғана Қостанайда 120-дан астам диірмен бар. Қостанай – Қазақстан диірмендерінің астанасы. Міне, сол диірмендердің қожайындары жүгіріп жүріп, молырақ бидай сатып алуға тырысады, — дейді 365info порталына атын айтпай, сұқбат беруге келіскен қостанайлық диірмендердің бірінің директоры. – Сөйтіп, бағаны өзімізге өзіміз көтереміз: біреу екі теңге жоғары берсе, енді біреу екі жарым береді, осы орайда, атап айтарлығы, бидай сапасы мәз емес.
Өткен жылы, астық қардың астында қалып, сапалы бидай өте аз болды, негізінен қар астында қыстап шыққан бидайды ұсынды, ал ол нағыз у
— Мұндай бидайды тағамдық мақсатта және мал жеміне пайдалануға тыйым салынады, өйткені ондағы улы заттардың күшті болатыны соншалық, олар, тіпті, қыздырғанда да жойылмайды. Бірақ жақсыны жаманмен араластырып, түрлі химияны қосып, оны ағартуға, балауыздықты көтеруге болады емес пе…
Соңғы кезде көптеген өндірушілер „нанның сапасын жақсартады„ деген желеумен түрлі биологиялық қоспаларға әуестеніп кетті…
2015 жылы ұнның сапасын жақсартуға арналған ферменттерді стаумен айналысатын компаниялардың айы оңынан туды.
Қоспалар үлкен сұранысқа ие болды, солардың арқасында нашар бидай жоғары сорттағы ұнға айналды
Алайда қоспалар да әр түрлі – табиғи және синтетиткалық болады. Синтетикалықтары, әрине, арзанырақ тұрады, сондықтан оларды көбірек сатып алады. Бірақ олар кері нәтиже береді. Халық нан сапасының нашарлығына жиі шағымдана бастады. Бұрынғы хош иіс жоқ, ақ нан ретінде кебудің орнына бөлке үгітіліп қалады, екі күнге жетпей көгеріп кетеді.
Оның үстіне, бүгін нанды пластикалық пакеттерге қаптап тасымалдайды, бұл, өз кезегінде, нанды жылы бөлмеден неғұрлым салқын бөлмеге апарғанда пакеттің ішкі жағында кейіннен нанға сіңетін ылғал пайда болады, әлбетте, ол наның дәмділігін арттырмайды.
– Біздің тұтынушылардың нан сөресі жанындағы әрекетін бақылап көріңізші. Тұтынушы наның бағасына мүлдем көңіл бөлмейді. Оларды бірінші кезекте нан өндірушінің кім екені толғандырады, тек содан кейін (мұршасы жетсе), бағасына қызығушылық танытады, – дейді Бидай өндірушілер одағының президенті Евгений Ган.
Осы мақаламен жұмыс істеу барысында қызық жағдаят анықталды: ұн тарту саласында тиісті бақылау жоқ. Қазақстанда әлеуметтік нанның сапасын, ең болмаса, кеңестік стандартқа жеткізуді бақылауға алатын құзырлы орган жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінде осы саладағы жағдайды бақылайтын бөлім жоқ болып шықты.
– Шын мәнінде, ұн тартушылар еш қандай бақылаусыз , яғни реттеушісіз қалған. Мемлекет қолдауынсыз экспортқа бағдарланған саланы дамытып көріңізші — қолыңыздан ешнәрсе келмейді, өйткені қазір барлық салалар және олардың бөлімшелерін түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары „бөліп„ алған, – дейді «KAZNEX INVEST-ің» басқарушы директоры Ғазиза Шаханова. – Егер үкімет сіздің бағытты басымды деп тапса, онда субсидияға ие боласың, ал олай болмаса — жөніңе жүре бер!
Наубайшылардың да жағдайы мәз емес.
Азық-түлік бағасын бір деңгейге шегелеп қоюға тырысатын билік қысымы салдарынан, наубайшылар, өздерінің сөзі бойынша, аз пайдамен, кейде, тіпті, шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр.
Ағымдағы жылғы тамыз айының соңында оралдық наубайшылар әкімдіктің нан бағасын қымбаттатпау туралы өтнішіне қарамастан нан бағасының өсетінін мәлімдеді. Себеп — бидай, май, тұз бағаларының өсуі.
Солай десек те, Оралда арзан әлеуметтік нан, тіпті, сапасы нашар болса да, жетіспейді. Қала тұрғындары айтпақшы: «Таңертең дүкенге 20 бөлке нан әкеледі. Оны түске дейін зейнеткерлер алып кетеді, кейде оларға да жетпейді».
– Отандық нан индустриясына тек нарықтық қатынастар жағдайындағы қалыпты жұмыс көмектесе алады, – деген сенімде Евгений Ган. – Қалыпты баға белгілеумен, қалыпты бәсекелестікпен. Ал бүгінгі біз пайдаланып отырған жүйе (нанның бағасын қатаң реттеу) – бар болғаны ескі кеңестік жүйенің сарқыншақ қалдығы. Бұл жерде сапа туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.
Өндірушілер шығынды төменгі өзіндік құнға сыйғызу үшін барлық компоненттерден үнемдеуге немесе оларды неғұрлым арзан суррогаттармен айырбастауға мәжбүр.
Атап айтарлығы, ұнға арналған бидай сапасына бақылаудың болмауы және жарамсыз шикізатты пайдалануға ешқандай жаза қолданудың болмауы нанды қымбат қана қылмай, сонымен қатар оны адам денсаулығына қауіпті етіп отыр.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков