Сіз адам ұрлап па едіңіз? Ол үшін құн талап еттіңіз бе? Тамаша, сіз бізге лайықсыз, директордың лауазымына тағайындаймыз! Бұл әзіл емес. Бұл шындық: Алматыда №2 олимпиадалық резерв мектебінің директоры қылмыс жасағаны үшін сотты болған азамат.
Қазіргі таңда №2 олимпиадалық резерв мектебіне Разбек Байтілеу жетекшілік етеді. Бас прокуратура мен ішкі істер органдары берген анықтамаға сәйкес, бұрын бұл адамның тегі, яғни, фамилиясы басқа болған – Өмірзақов Разбек Әбілмәжінұлы.
Заң фамилия ауыстыруға тыйым салмайды, бірақ Байтілеу мырзаның мұндай қадамға баруға ерекше себептер жетелеген, олар — оның Өмірзақов болған кездегі жасаған қылмыстық ерліктері: адам ұрлау және бопсалау.
Алайда аудандық білім басқармасындағылар Алматыдағы олимпиадалық резервтің №2 БЖСМ қазіргі директорын балалар мекемесін басқаруға шақырғанда, оның өмірбаянындағы осы фактіні байқамай қалыпты. Сонымен қатар, олар 2000 жылы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып (ҚР ҚК-нің 125- және 181-баптары — адам ұрлығы және бопсалау), бостандыққа шыққаннан кейін интернаттардың біріндегі моншада жұмыс істеген мырзаның өміріндегі басқа фактілерді де байқамаған.
Неге екені белгісіз, осындай маңызды балалар мекемесі басшысының лауазымына соншалықты ауыр баптар бойынша сотты болған монша қызметкерінен басқа үміткер табылмапты.
Осындай кадр саясатының жемісін балғын спротшылар мен олардың ата-аналары тартуға мәжбүр. Бүгінде көптеген жылдар еңбек еткен бапкерлер сияқты, олардың шәкірттері де бұрын Өмірзақов болған Байтілеу мырзаның мекеме қабырғасында істеген істерінен шошына бастаған:
— Баламыз 2014 жылғы 16-қаңтарда кестеге сәйкес төрт бірдей бапкердің өтіп жатқан жаттығуларын тоқтатқанын айтқанда, біз кәдімгідей күйзеліске ұшырадық, — дейді ата-аналардың бірі. – Балаларды, баламыз айтқандай, бұрышқа тұрғызып қойған, ал бұл кезде
залда бір топ сақалды адамдар жаттыға бастаған, мүмкін олар имамдар мен мешіттің басқа діни қызмыткерлері шығар. Біраздан кейін діндарлар жаттығуларын тоқтатып, балалардың көзінше күрес кілемдерінің үстіне намаз оқыған.
— Жоқ, біз намаз оқуға қарсы емеспіз – мархабат, намаз оқисыз ба, басқа құдіретке табынасыз ба, өзіңіз біліңіз, бірақ оны жоспарлы жаттығулар өткізілетін балалар спорт мектебінде жасауға болмайды ғой! Заң бойынша Қазақстан Республикасында дін мектептен бөлінген.
Балалар мен ата-аналардың айтуынша, белгісіз тұлғалардың „жоспардан тыс„ жаттығулары мектепте тұрақты түрде өткізілуде.
Редакцияға „істі„ болған директордың өміріндегі басқа да қызықты фактілері белгілі. Бірақ оларды жариялаудан бұрын, біз құзырлы органдарға — прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне — мынадай сұрақ қойғымыз келеді:
бұрын „істі„ болған адам қалайша балалар мектебінің басшысы болған?
Жалғасы бар.