ЕАЭО-ның көптеген қаржы сарапшылары валюта дағдарысына Ресейдің, Беларусьтің және Қазақстанның бірыңғай валютасы «Әмбебап жауап» болуы мүмкін, деп есептейді.
Мәселен, «Альпари» (Ресей) сараптамалық департаментінің директоры Александр Разуваев алтын еуроға лайықты бәселес болады деп болжауда.
— Мұнай бағасының құлдырауы тек Ресейдің ғана емес, сондай-ақ Казақстан экономикасына да ауыр соққы болды, — дейді жағдайды саралаған сарапшы. — Беларусь жөнінде де соны айтуға болады. Валюталық дағдарыс елеулі, валютаның құлдырауы инфляцияны үдете түсіп, тауар өндірісіне ауыр соққы болуда.
Мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін көтерілмейінше, Ресей Федерациясы мен Қазақстандағы жағдайдың қалыпқа келуі екіталай.
Алайда осы жағдайда да, Александр Разуваевтың сөзі бойынша, «дағдарысқа әмбебап жауап» бар – ол Ресейдің, Беларусьтің және Қазақстанның ортақ валютасы – алтын. Әрине, алғашқы кезде алтын әлсіз болады, өйткені Ресей мен Беларусьтің рублі және Қазақстан теңгесі — әлсіз валюталар. Алайда бірыңғай Еуразиялық кеңістікті, тауарлар мен қызметтер нарығын қалыптастыру — алтынның пайдасына жұмыс істеуі мүмкін.
— Кәсіпорындар мен азаматтар үшін оның пайдасы көзге ұрып тұр, — деп есептейді «Альпаридің» сарапшысы. — Өйткені банк бағамына, комиссияларға шығындалмайды, сауда және жеке қаржы операцияларын өткізу де ыңғайлы. Әлбетте, бірыңғай валюта бірыңғай сауда кеңістігін де қалыптастыруға септігін тигізеді. Капитал нарығы туралы да жеке айтуға тұрады. Алтын — ортақ қаржы орталығын қалыптастырудағы мықты артықшылық.
Еуразиялық қор нарығы Мәскеудің қор нарығында жұмыс істейтін болар. Ал Еуразиялық орталық банктің Алматыда болуы ықтимал.
Сарапшының ойы бойынша, алдымен алтын аудармалы ақша қалпында болуы мүмкін, тек бірнеше жылдан кейін қолма қол ақша пайда болады. Еуропа елдерінің еуроға көшу тәжірибесін ескерген жөн, бірақ алтынның еуроға ұқсас болуы екіталай — барлық шешімдерді Еуразиялық орталық банкте ұлттық банктердің басшылары немесе үш елдің премьерлері қабылдайтын болады. Болашақта Еуразиялық валюта нарығына Армения мен Қырғызстанның қосылуы мүмкін, десек те, ол Еуразиялық валют интеграциясының екінші кезеңі болуы мүмкін.
Қорыта келе, Разуваев бүгін мұнайдың «қайта сатылып кеткендей» көрінетіндігін атап өтті:
— Мұнайдың әділ бағасының деңгейі барреліне 50 доллардан басталады.
Бұл дегеніңіз, Ресей және Қазақстан экономикалары үшін қиындықтардың бәрі артта деген сөз, — дейді қорытынды шығарған ресейлік сарапшы.
Естеріңізге салсақ, ортақ валюта туралы идеяны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. 2012 жылы алтынды құру идеясына Ресей көшбасшысы Владимир Путин қолдау көрсетті. Атап айтарлығы, алтын идеясы қазақстандық сарапшылар тарапынан қолдау таппады, ең алдымен, бірыңғай валюта енгізудің саяси маңызына байланысты.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков.