«Қытай қор биржасы қатты құлап, дағдарыс алдында тұр. Мұндай жағдайда Ресей бірінші болып дефолтқа ұшырауы мүмкін» деп жазады Лондондағы «МК» басылымы. Бастысы қор биржасындағы дүрбелеңнен соң Қытай мұнай тұтынысын шектеуі ықтимал. Демек, бұл халықаралық нарықтағы мұнай бағасын тағы төменге сүйрейді. Өйтсе шикізат табысына тәуелді Қазақстанның да жайы мәз болмайды дейді мамандар.
Жуырда Қытайдың бағалы қағаздар нарығында үлкен дүрбелең орын алды. Соған сәйкес Қытайдың мемлекеттік компанияларына өз акциялары бойынша операция жүргізуге атаң тыйым салынған. Жергілікті биржалардың индексі 7-ден 40 пайызға дейін құлаған, ал ҚХР қор нарығын капитализациялауы бірден 3/1 бөлікке омақаса жығылған.
Болжамдар бойынша 2015 жылғы қытай экономикасының өсімі 7 пайызды құрайды. Бұл — 20 жыл ішінегі ең төменгі көрсеткіш. Қытай экономикасы қарқынының бәсеңсуі мұнай тұтынысын шектеуге әкеліп соғады, ал «қара алтынға» деген сұраныстың төмендеуі рубльге қатты соққы болмақ. Ресейдің бюджеті мұнай бағасы 60 доллардан табыс әкеледі деп есептелген. Ал оның қазіргі бағасы 57 доллар. Ал егер ол 40 долларға түсетін болса, онда Ресей бюджеті жоспарланған 12 трлн рублі 3 трлн-ға дейін азаяды. Бұл — айтарлықтай көлем. Оған қоса Ресейге бағытталған батыс санкция да жағдайды ушықтыра түседі деп санайды сарапшылар.
Қаржыгер-маман Ілияс Исаев бұл арада үлкен саясаттың рөл атқарып жатқанын, мұнай бағасының қатты құлауы әбден мүмкін екендігін, оның Ресейге, соның ішінде Қазақстанға міндетті түрде кері әсері болатынын айтады.
— Бұл арада екі жағдай бар. Кезінде Қытай әлемдік валюта ретінде юаньды нығайту үшін қор биржасында 50 млрд доллардың мұнай фъючерсін, яғни келісімшартын юанмен номинациялап есептеген. Міне, осы Қытайдың ұлттық валютамен есептелген келісімшарттары тиімсіздік танытуы мүмкін. Өйткені әлемде барлығы әзірге доллармен есептеледі. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Иран халықаралық нарыққа арзан бағамен мұнай шығара алады. Соңғы кездері Батыс пен АҚШ Иранның ядролық бағдарламарына қатысты мәселелерге жұмсақтық таныта бастады. Демек, Ираннан мұнай санкциясын алуы әбден мүкін. Ондағы мақсат – Ресейге соққы беру. Бұл геосаясаттың күнтәртібіне шығып кеткен мәселе. Сондықтан Қытайдың қор биржасындағылар баға құламай тұрғанда бағалы қағаздарын сатуға жапа-тармағай ұмтылуы мүмкін. Оны Қытай билігі әзірге күштеп ұстап отырған секілді. Әрине, Иран арзан мұнай сата бастаса, онда Қытай арзанға жүгіреді. Бұл мұнай сатушы елдер үшін, әрине жағымсыз жаңалық.
Саясаттанушы Кеңес Сманов Қытай мұнай бағасының құлауынан қауіптеніп жатқанда басқасына не жорық дейді. Осы жағынан алғанда, маман алдағы жыл көп мемлекеттің, соның ішінде Ресей мен Қазақстан экономикасына ауыр болатынын, бұл жалпы экономикалық құбылыс екенін баса айтады.
— Осыған дейін мұнай бағасы құламайды дейтіндер оныИранның арзан мұнайын мұхиттан ары асырып жеткізетін супер кеменің жоқтығымен түсіндіретін. Бірақ жуырда Тегеран санкция алынса болды, «қара алтынға» толы супер танкерлері дайын екендігін мәлімдеді. Әрине, мұнай нарығында сұраныстан гөрі ұсыныс көбейіп кетті. Сәйкесінше ол бағаның құлауына әкеліп соғады. Сондықтан мұнайдың тағы арзандауы мүмкін. Қазіргі жағдайда Қазақстан бюджетті мейілінше үнемдеуге тырысып бағуда. Елбасы Ұлттық қордан бір тиын шықпайды деп бекерден бекер мәлімдеп отырған жоқ. Өйткені алда ақша тапшылығы болатындығы анық, — дейді саясаттанушы.
Еске сала кетсек, Қазақстанның бюджеті мұнай баррелі 2015 жылы 80 доллар болады деген есеппен жасалған. Кейіннен ол қайтадан есептелді. Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Абылқасымова ел бюджеті әлемдік нарықта «қара алтынның» бағасы 70, 60, 50, тіпті 40 долларға дейін төмендеуін есепке ала отырып, жоспарланғанын мәлімдеп, көпшіліктің аптығын басқан еді.