Қазақстанның ДСҰ-ға ену бойынша келіссөздердің басы-қасында үнемі жүрген Жанар Айтжанова ханым жуырдағы үкімет отырысында аталған халықаралық сауда ұйымына қандай талаптар негізінде енгеніміз туралы мәліметтерді алға тартты. Жалпы да бұл келіссөздер жабық есік жағдайында өткені белгілі. Сондықтан осы реттегі ақпараттарды қазір отандық тауар өндірушілер асыға күтіп отырғаны белгілі. Бұл ретте біз мамандар министр сөзінен не түйгенін сұрап көрдік.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов ауылшаруашылығы үшін талап етіліп алынған 8,5 пайыз көлемді керемет жетістік деп санамайтынын жеткізді. Маманның айтуынша, бұл салаға қатысты ДСҰ елдеріне 10, 15 пайыз жеңілдіктер қарастырылады, ал біз соның ішінде соңғысы болмаса да төменгісін қамтығанбыз, сондықтан бұл мақтанатын нәрсе емес.
Неге бұлай болды? Оны ғалым төмендегідей түсіндіреді.
Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:
— Англия капитализмді дамытуды жеңіл өнеркәсіптен бастады. Қырғызстан да солай етті. Олар жеке-дара ДСҰ-ға енуде ұтты деп ойлаймын. Бішкектің жанында, әрине шикізатқа бай Қазақстанның мүмкіндігі жоғары еді. Бірақ біз ұйымға кіруге асықпадық. Өйткені Кеден одағы шаубайымызға жабысты. Соның салдарынан ұйымға енуде Қазақстан бес жылға кешікті. Бұл – біріншіден. Екіншіден, келіссөз жүргізуге 19 жылымызды сарп еттік. Бастапқыда таза ұлттық мүдде талап етілді. Бірақ соңғы кезде ұлттық талапты Кеден одағынікімен өзгертуге мәжбүр болдық. Осы жағынан алғанда, алдыңғы оннан астам жылғы келіссөзге кеткен еңбектің көп бөлігі зая кеткен секілді. Бұл – ғаламат шығын. Әсіресе, соңғы жылдары Қазақстан үшін ауыр болғанына бек сенімдімін. Өйткені ол арада біз екі оттың ортасында қалдық. Мемлекеттіміздің мүддесін таңдаймыз ба, әлде Кеден одағы мүддесін де? Міне, осындай қарама-қайшылық басқа түсті. Мүмкін ДСҰ бойынша 3-4 салаға жеңілдіктер қарастыра алған шығармыз, бірақ бұл арада біз керемет ұтыстамыз деп мен ойламаймын. Нақтырақ айтқанда, ДСҰ-ға ену бойынша, әу бастағы Қазақстанның ойға алғаны ақталмаған секілді.
Саясаттанушы Уәлихан Төлешов ДСҰ-ға енгеннен кейін Қазақстанға сырттан келетін кез келген тауар 20 пайызға, ал ауылшаруашылығы өнімдері 24 пайызға арзандайтынын, экономикалық бәсекелестік өте қатал жүретінін айтады. Алайда саясаттанушы ДСҰ сапалы дамуға жасалған қадам болғандықтан оған позитивті қарайтындығын ескертуді ұмытпады.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
— ДСҰ – экономиканы жаңғыртудың ең мықты қозғаушы күші. Егер экономикамызды өсіріп, бәсекеге қабілетті бола алмасақ, онда осыған дейінгі алға қойған мақсат пен армандарымыздың күлі көк болады. Біз ДСҰ-ға кіріп қойдық. Оған өту үшін 7 жыл мерзім беріліп отыр. Демек, кім не десе де бізді алда кезең-кезеңімен жүзеге асатын экономикалық стратегиялық реформалар күтіп тұр. Онсыз болмайды. Өйткені ДСҰ-ға енгенде біздегі барлық тауардың, көрсетілетін қызметтің құны 20 пайызға, ауылшаруашылығы тауарлары 24 пайызға арзандайды. Яғни, 7 жыл ішінде жасалатын реформалар біздің тауар өндірушілер де арзан тауар шығара алатындай жағдай туғызуға бағытталуы тиіс. Ол үшін тауардың өзіндік құнына әсер ететін электр қуатын бүтіндей өзіміз өндіруіміз керек, арзан отандық жанар-жағармай шығаруымыз қажет. Мұның барлығы мемлекет және оның әрбір азаматын жауапты, ұйымшыл, тиімді, өнімді, бәсекеге қабілетті болуға алып келеді. Бұл — сапалы дамуға жасалған қадам. Сондықтан оған позитивті түрде қарау керек. Алдағы дамуға адамдарды моральдық тұрғыда дайындай алмасақ, оның арғы жағын сөз етудің өзі артық. Сондықтан мен бұл ретте «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, бәрі жақсы болады дегенге сүйенгенді жөн көремін.
ДСҰ-ға ену, Айтжанова ханымның айтуынша, негізінен, төрт бағыт бойынша жүргізілген, соның ішінде ауылшаруашылығына 8,5 пайыз көлемде мемлекетттік қолдау талап етіліп алынғанын ескерте кетелік.
«Соңғы бес жылдағы келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан ауылшаруашылығына ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 8,5 пайызы көлемінде мемлекеттік қолдауды талап ете алды. ДСҰ елдері үшін бұл реттегі бастапқы ставка 5 пайыз екенін айта кетейін» деді министр Айтжанова ДСҰ мен ЕАЭО талаптарын үйлестіру сөз етілген үкімет отырысындағы сөзінде.
Камшат Сатиева