«Tinkoff-Saxo» велокомандасының қожайыны Олег Тиньков «Астана» командасының басшылығына ауыр айыптар тақты. Оның айтуынша, қазақстандық шабандоздар әділ ойын ережесін ұмыт қалдырған.
Орыс олигархы Олег Тиньков өз командасының серкесі Альберто Контадордың «Джиро д’Италия» көпкүндік веложарысын ұтып алғанына қарамастан, өз командасының жалпыкомандалық есептегі ұтылысымен келісе алмай отыр. Spots.kz порталы хабарлағандай, ресейлік «Tinkoff-Saxo» командасының қожасы менеджер Джузеппе Мартинелли жетекшілік ететін Астананың спортшылары велоспорт этикасын бұзды және қаза болған Марко Пантанидің аруағын масқаралады деген мәлімдеме жасады.
Финалда Контадордың негізгі қарсыластары «Астананың» көшбасшылары Фабио Ару мен Микель Ланда болды. Атап айтарлығы, екі көшбасшы командалардың fair play ережелерін сақтауға қатысты бір-біріне деген талап-тілектері болды.
«Егер бізде бір сәтсіздік бола қалса, мен «Астананың» соңғы кезеңде де шабуылдайтынына таң қалмаушы едім. Оларға Қазақстаннан саяси қысым жасалуда, десек те мен Александр Винокуровпен сөйлескем, ол өте ақылды адам, ал Мартинелли — әпенделеу жігіт, мүмкін оған жеңіс үшін бонус берілетін шығар. Ол үшін ұяламын, өйткені ол Марко Пантанидің спорттық директоры болды емес пе, менің ойымша, ол Пантанидің атын масқаралады», — деді Тиньков «Р-Спорт» агенттігінің тілшісіне.
«Қазір велоспортта ешкімді ешкім күтпейтін уақыт келген сияқты. Әрине, нольдік километрден кейін Мартинелли сияқты ешқандай fair play болмайды, мұның барлығы жұмыс істемейді деп есептейтін адамдар бар. Жарайды, егер Ланда мен Ару дәрет алуға тоқтаса, біз шабуылдаймыз. Сонда ол айтқандай, нольдік километрден кейін жарыс басталады және ешкім ешкімді күтпейді ме? Велоспортта бұрыннан келе жатқан ережелер бар: соңғы кезеңде шабуылдамайды, дәрет алуға тоқтағанда, көшбасшы құлағанда шабуылдамайды. Мен солай болғанды қалаймын», — деді сөзін жалғастырған ол.
Сонымен қатар, Олег Тиньков: «Біз бүкіл Қазақстан мемлекетімен жарыстық. Өйткені «Астанада», шын мәнінде бюджет жоқ— Александр Винокуров (бас менеджер) кімді қаласа, соны сатып алады. Руперт Мердок иелік ететін «Sky» командасында немесе артында орасан табысы бар ірі корпорациялар тұрған Etixx-Quick Stepc, Movistarда да сондай жағдай», — деп мәлімдеді.
Қазақстан командасының басшылығы Олег Тиньковтың айтқанына бірден жауап қатты. «Tinkoff-Saxo» Қазақстанды ұта алмайды, — деп мәлімдеді ҚР велоспорт федерациясындағылар. — Күш мүлдем тең емес.
Дархан Қалетаев, ҚР Велоспорт федерациясының басшысы:
— «Tinkoff-Saxo» Қазақстанды жеңді дегенге қатысты — бұл мүмкін емес дүние. «Tinkoff-Saxo» Қазақстанмен емес, «Астанамен» жарысты. Ол командалық есепте жеңіліс тапты. Иә, жеке есепте Контадордың мерейі үстем болды. Алайда біздің «Джиро д’Италияға» жіберген құрамымыз ең мықтылардан тұрған жоқ. Біздің капитан Винченцо Нибали «Тур де Франсқа» дайындалып жатыр, сондықтан жас жігіттерге жол бердік. Шынтуайтқа келсек, олар өте жақсы нәтиже көрсетті: 2-ші және 3-ші орындарды иеленді.
Саяси қысым көрсетіліп жатыр дегенде оның нені меңзегенін білмеймін. «Астана» командасына ешқандай қысым жоқ. Бұл жобаның елдік, беделдік екені түсінікті, бірақ бірінші кезекте — ол спорттық жоба. «Астана» жобасы жұмыс істеп жатқан 10 жылда елімізде велоспорт дамуы жаңа сапалы деңгейге көтерілді, жоба сол мақсатты жүзеге асыруға арналған болатын. Бұл көзге ұрып тұр және оны ешкімге дәлелдеудің қажеті жоқ.
«Әділ ойынға» қатысты наразылықтарды да қазақстандық команданың басшылығы негізсіз деп есептейді.
— Біздікілер де құлаған — оларды ешкім күткен жоқ. Ал Джузеппе Мартинели — пелотондағы ең беделділердің бірі және оны жоққа шығара алмайсың. Джузеппе күтпеңдер деп айта алмайды, олай болуы мүмкін емес.
Үлкен бюджетке қатысты — біз соңғы бірнеше жылдан бері ақшаны жас шабандоздарға жұмсап жатырмыз. Винценцо Нибали, Ару, Ланда — олардың барлығы жастар. Біз бір шабандозды алуды мақсат еткен жоқпыз. Контадор бұрын бізде болған, біз онымен келісімшартты ұзарта алушы едік, бірақ оған жұмсалатын ақшаға бір-екі маусымда суырылып алға шығатын бірнеше дарынды жас спортшыларды алуды жөн көрдік. Бүгін біз соның жемісін көріп отырмыз, яғни біз дұрыс стратегия таңдадық.
Мен Тиньков мырзаны сыйлаймын, ол велоспорт үшін көп іс атқарып жүр: әлемдік деңгейде де, Ресейде де. Ресейдің велоспорт федерациясымен арамызда жақсы қарым-қатынас орнатылған. Игорь Макаровпен де, «Катюша» командасымен де жақсы байланыстамыз. Мен «Евроспортқа» айтқам, біз тек трассада бәсекелеспіз, ал өмірде біз доспыз. Біздің келешекте де бір бірімізді айыптамай, осы форматты ұстанғанымыз жөн.
Естеріңізге салсақ, «Джиро д’Италия — 2015″ 31-мамырда Миланда аяқталды. «Tinkoff-Saxo» командасының шабандозы Альберто Контадор аталмыш веложарыстың бас жүлдесін ұтып алды. Қазақстандық «Астананың» өкілдері Фабио Ару и Мигель Ланда тиісінше, екінші және үшінші орындарды иеленді. Ал жалпыкомандалық есепте қазақстандық велотоптың мерейі үстем болады.