Еуразиялық экономикалық одақ даму үшін шекаралардың ашық болуы және еуропалық одақпен өзара әрекеттесу қажет. Екі одақ интеграциясын тежеуші фактор – саясат, бірақ оны экономика айналып өте алмайды. Италияның экс-премьер-министрі және Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы (1999 – 2004жж.) Романо Проди осылай деп есептейді.
Ол Еуропалық комиссияға төрағалық еткен кезде Еуропа Ресеймен бірге ортақ экономикалық кеңістік құру туралы бастама көтерген-ді. Бұл жоба 2003 жылы жарияланып, оны жүзеге асыру бойынша елеулі жұмыс атқарылды. Жұмыс барысының бір кезеңінде қазіргі ортақ экономикалық кеңістікті тек Ресей емес, Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптастыратыны белгілі болды. Расында да мұндай ортақ экономикалық кеңістік екі одақ серіктестігінің негізінде құрылады.
— Осыдан 10 жыл бұрын кеңеюге, Ресейді қамтуға, қосуға тырыстық, бірақ біз онымен ғана шектелмедік. Біз ашылуға тырыстық. Бұл өте сындарлы болатын, және мен де ол кезде бірте-бірте керемет сауда аймағын құрамыз деп ойлаған едім. Бірақ олар экономикалық сипаттағы мәселелер емес еді, сондықтан сол аспектілердің барлығына қол жеткізе алмадық. Ирактағы соғыс салдарынан әлем саяси шиеленісте болатын. Бүгінгі күн туралы әңгіме қозғасақ, мен экономист ретінде еуропалық одақ пен еуразиялық экономикалық одақтың жақындасуының техникалық аспектілерін зерттедім. Алайда ешқандай шешілмейтін техникалық қиындықтарды көріп тұрғаным жоқ. Мен бұл ұстанымды бірте-бірте – тармақтан тармаққа, бөлімнен бөлімге өте отырып, жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Кезінде біз Еуроодақта солай жасағанбыз. Дегенмен, менің ойымша, жақындасудың себебі саясатта жатыр. Ол кезде Иракта соғыс болса, қазір Украина бар. Яғни, біздің техникалық және экономикалық мәселелеріміз саясаттан аяқ алып, жүре алмай отыр. Атап айтарлығы, егер техникалық және экономикалық интеграция — асықпай, бірте-бірте оқып шығатын кітап болса, саяси мәселелер – мүлдем басқа кітап.
— Ал ЕАЭО-ға ЕО-мен қызметтесу қаншалықты тиімді, оның үстіне, еуроаймақ қазір күрделі кезеңді басынан кешіріп отыр?
— Саяси қиындықтар туралы қандай да бір пікір білдіру үшін мен техникалық сарапшы емеспін, қазір біз қиын кезеңді басымыздан өткеріп отырсақ та, ЕО тәжірибесі, әрине, өте пайдалы болушы еді. Егер мен барлығын дұрыс түсінсем, сіздер 2025 жылғы қарай немесе одан кейін бірыңғай валюта енгізбекшісіздер. Әлбетте, бұл өте күрделі мәселе болмақ, өйткені ЕАЭО-ның ЕО-мен ғана емес, басқа елдермен де байланыстары бар. Десек те, біз Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіміз – біздің еншімізде жалпы сауда айналымының 53 пайызы.
— Еуразиялық одақ табысты даму үшін не істеу қажет?
— ЕАЭО-ның ашық болуын және кеңеюін жіті бақылап отыру қажет, әйтпесе, өздеріңіз қол жеткізуге тырысып отырған мақсатқа қарама-қарсы нәтиже алуларыңыз мүмкін. ЕАЭО-дағы екі негізгі серіктестің – Қазақстан мен Ресей — экономикалық құрылымына сараптама жасағанда, мен олардың сауда мәселелеріндегі үлкен ұқсастығын байқадым, мұнай-газ, шикізат өнімдері және т.б. Ресей Федерациясы мен Қазақстандағы модернизациялау ЕО-мен тұрақты әрі байсалды байланыстар болғанда ғана мүмкін болады, әйтпесе, оларға өздеріне ұқсас мемлекеттермен саудаласуға тура келеді. Ал ұқсас құрылымдары бар мемлекеттерге өзара саудаласу алмасулар мен өзгерістерге кепілдік бере алатын құрал емес. Қазақстан мен Ресей ұмтылып отырған үлкен экономикалық революцияға қол жеткізу тек шекараларды ашып, ЕО-мен және Қытаймен ынтымақтастықта болғанда мүмкін болады. Бұл жерде ЕАЭО-еның басқа көршілерден оқшаулануы сияқты зардаптар болуы мүмкін. Бұл өте нәзік әрі жауапты мәселе.
— Міне, біз қайтадан саяси мәселеге тірелдік…
— Иә, біз қайтадан саяси мәселеге оралдық. Бізде экономикалық және саяси мәселелер жиі қиылысып, қабаттасып жатады. Сондықтан мен Украинадағы шиеленіс сабасына келгеннен кейін екі тараптың ұтыс үрдісі қисынды жалғасын табады деген сенімдемін. Және мен біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын.