20-сәуірден бастап күшіне енген жеңілдетілген автонесие мен автолизинг тек отандық өндірістегі машиналарды қолдауды қарастырады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, жеңілдетілген автонесиелеуге (жылдық тиімді мөлшерлеме, сақтандыру мен кепілзатты қосқанда, 7,5% аспау керек) тек Қазақстанда құрастырылатын, бағасы 5,6 млн теңгеден аспайтын 55 автомобиль түрін сатып алушылар қол жеткізе алады. Басқа шектеу жоқ.
– Даму банкі екінші деңгейдегі банктерді 1% мөлшерлемемен несиелендіреді, – деп хабарлады журналистерге баспасөз мәслихаты барысында „Қазақстанның даму банкі„ АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев. – Ұлттық қордан бөлінген лимит 20 жылдық мерзімге беріліп отыр. Азаматтарды несиелеу мерзімі 5 жылдан аспайды. Бұл бір жолғы бағдарлама емес, ол үнемі жұмыс істейтін болады, қаржының қайтарылуына сәйкес, банктер несиегерлерді қайтадан қаржыландырып отырады. Банк несиегерлерді қаржыландыратын біздің шарттар, біріншіден, олар тек жеке тұлғалар болу керек. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер жеңілдетіліген лизинг бағдарламасының екінші бөлімінде қарастырылған. Барлық төлемдерді қосқанда, соңғы мөлшерлеме 7,5% аспайды, ал машина құны 5,6 млн теңгеден артық болмауға тиіс. Бұл негізінен қымбат емес эконом сыныптағы машиналарға қолдау көрсету үшін жасалып отыр.
Автонесиелер «Қазақстан Халық банкі» (4 млрд теңге), «Еуразиялық банкі» (2 млрд теңге), «Ресейдің Жинақбанкі» (2 млрд теңге), «ForteBankі» (2 млрд теңге), «ЦентрКредитБанкі» (2 млрд теңге) и «АТФ Банкі» (2 млрд теңге) арқылы беріледі. Несиелеуге жататын автомашиналардың толық тізімімен мына мекен-жайдағы www.kdb.kz ҚДБ-нің сайтынан танысуға болады.
Коммерциялық техниканы, ауылшаруашылығына арналғанынан басқасын, сатуға жеңілдетілген лизинг қолдау көрсетеді, деп хабарлады «БРК лизинг» басқармасының төрағасы Алексей Боев. Бұл бағдарламаның шарттары біршама қаталдау. Лизингке отандық автоөндірушілер шығаратын коммерциялық техника және арнайы мақсаттағы техника беріледі. Осы бағдарлама шеңберінде сату қарастырылмаған ауылшаруашылық техникасы ерекшелікке ие болып отыр.
– Лизингтік қаржыландыру келесі шарттармен жүзеге асырылады: мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін, кесімді сыйақы жылдық 4% аспайды, несиелеу валютасы – теңге, алғашқы жарна – құнының 30%, – дейді жеңілдетілген лизинг шарттарымен таныстырған Алексей Боев. – Лизинг алудың негізгі шарттары: жобаның экономикалық негіздемесі, лизинг алушының қаржылай тұрақтылығы, жағымды несиелік мінездеме, салықтар мен төлемдер бойынша бюджет алдында қарыздың болмауы және, әлбетте, шешім қабылдауға және келісім-шарттар жасауға қажетті құжаттардың жинақталған толық пакеті.
Алғашқы несиегерлер бір аптадан кейін автосалондарда өздерінің несиелерін рәсімдейді деп болжалануда.