Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов екі елдің шекарасын делимитациялау туралы келісім жобасын Біріккен Ұлттар ұйымының қарауына ұсынып, халықаралық деңгейде бекіткен жөн деп есептейді. Дәл осы сәтте Ресей Федерациясы Омбы облысының губернаторы Қазақстанға аумақ ауыстыру туралы ұсыныс жасады.
Мәжілісте Үкімет сағатын өткізген Ерлан Ыдырысов қазіргі геосаяси оқиғаларды ескере отырып, Қазақстанның іргесін қымтап, ертеңгі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сәттің жеткенін айтты. Сөйтіп, Украина оқиғасы Қазақстан үшін де сабақ болып жатқанын жасырмады. БҰҰ екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы келісім жобасын бекітсе, бұл халықаралық құжат қауіпсіздігімізді бекемдеуге кепіл болары анық. Ерлан Ыдырысов бұл мәселенің аса маңызды екендігін қадай отырып, ұзындығы 14 мың шақырым шекараны делимитациялау ісі сәтті аяқталғанымен, демаркациялаудың әлі аяқталмағанын жеткізді. Демаркация жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанына орай, Ресей де қарап отырған жоқ. Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтан екі ел аумағынан жер алмасуды өтінген. Егер, Қазақстан бұл өтінішке құлақ аспаса, ресейлік «Русская поляна» ауылы шеттеп қалатын көрінеді.
Жалпы, аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан бүгінге дейін талай бөлісті бастан өткізді. Көршілерімізге талай есеміз кетті.
Кеңестік басқару кезінде қазақ жері ту талапайға түсті. Ең әуелі Қазақ ССР-інің құрамындағы Қарақалпақ автономиялық республикасы Өзбекстанға берілсе, кейіннен Оңтүстік Қазақстанның үш ауданы – Бостандық, Мақтаарал, Жетісай аудандары да Өзбекстан аумағына оп-оңай өтіп кетті. Осы кезде ҚазССР-і Министрлер кабинетінің төрағасы қызметін атқарған Жұмабек Тәшенов Қазақстанның тұтастығын сақтап қалу үшін біраз тер төккен еді. Тың игеру жылдарында Жұмабек Тәшеновтің табандылығы мен азаматтық ұстанымы СОКП Орталық комитетінің Қазақстанның Солтүстік облыстарын Ресей Федерациясына қосу жөніндегі шешімінің жүзеге асырылуына жол бермей, жерімізді аман сақтап қалды.
Қазақстан — посткеңестік елдер арасындағы іргесін қымтап, шекарасын делимитациялаған бірден-бір мемлекет. Алайда осы шекара бөлісі кезінде де көршілерімізге біраз есемізді жіберіп алғанымыз анық. Егер естеріңізде болса, Ресей екі ел арасындағы делимитация кезінде де біраз жерді айырбас жасауға ұсыныс білдірген болатын. Айталық, шекара белгілеу барысында Қостанай облысындағы Огнеупорный кенті мен Атырау облысындағы Имашев газ-мұнай кентінің тең жартысы Ресей жеріне өткен. Сол Имашев кеніші орналасқан 22400 га жер аумағы 1947 жылға дейін Ресей құрамында болды да, одан кейін өз иелігімізге қайта өткен. Енді осы жердің қақ жартысы Ресейге неге берілгені түсініксіз?
Ресей Федерациясының Орынбор облысының сол кездегі губернаторы Алексей Чернышев Ақтөбе облысынан тағы да жер сұрап, қолқа салғаны бәріміздің есімізде. Бұл мәселе екi елдiң Төтенше және өкiлеттi елшiлерi деңгейiнде қарастырылған еді. Ресейдiң Қазақстаннан сұрағаны Ор қаласы әуежайының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қондырғы. Шекара бөлiсi кезiнде ол Қазақстан аумағында қалып қойыпты.
Көрші Өзбекстанмен арадағы шекара бөлісі де ұзақ уақыт бойы талқыға түсті. Шекарадағы Арнасай бөгеті мен Түркістан, Бағыс ауылдарының тағдыры қыл үстінде тұрды. Шекараға қатысты келіссөздердің ұзақ жүргізілгені соншалық, бағыстық бір топ тұрғын «Тәуелсіз Бағыс республикасын» жариялап та жіберген болатын. Әрине, «Бағыс республикасын» жариялап, президентін сайлап жүргендер кейіннен жазасын тартты да. Ал, Арнасай бөгеті мен Бағыс ауылы Қазақстан аумағына беріліп, Түркістан ауылы Өзбекстанға өтті. Ауыл тұрғындары Оңтүстік Қазақстан аумағына көшірілді.
Сарапшылар Ресейдің қазіргі алмағайып заманда жер алмасу туралы ұсынысы буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей дейді. Саясаттанушы Әзімбай Ғали өткен ғасырдағы Ресей мен Фин соғысының жер алмасудан туындағанын айтады:
– 1939 жылы Ресей Федерациясы Финдердің Выборг деген ауылын сұраған, есесіне дәл сондай жер айырбастаймыз деген. Алайда, Финдер Выборгтің стратегиялық маңызын ойлап, айырбастауға көнбеген. Сөйтіп, Ресей-Фин соғысы тұтанады. Бұл соғыс 1939 жылдың 30 қарашасында басталып, 1940 жылдың 13-ші наурызында аяқталған. Финдер ойсырай жеңіліп, 11 пайыз территориясы мен 430 мың адамынан айрылған. Сондықтан, Ресей көз салып отырған аумақтың стратегиялық маңызы ескерілуі керек. Егер, ол аумақ Петропавл қаласына жақын болса, бермеген жөн.
Саясаттанушы Расул Жұмалы екі ел арасындағы делимитация 2000 жылдардың басында жасалып кеткендіктен, бұл жолғы айырбасқа негіз жоқ дейді.
– Шекараны делимитациялау мәселесі 2000 жылдардың басында шешіліп қойды. Ендігі мәселе демаркация жасау мәселесі. Осыдан оншақты жыл бұрын шешіліп қойған мәселеге қайта айналып соғу, арандату деп есептер едім. Қазір, әсіресе, Украинадағы соғыс жағдайында аумақ алмасу жайын сөз ету қауіпті. Кеңес заманында да біздің біраз аумағымыз Ресейге, Өзбекстанға, айталық, алғашқы астанамыз – Орынбор, Қарақалпақ автономиясы ешкімнің қалауынсыз, беріліп жіберілді. Оны даулаған да жоқпыз. Сондықтан бұндай әңгімелерді дер кезінде басып отыру керек. Өйткені, жер мәселесі өте сезімтал дүние.