Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Қазір экс-қорғаныс министрі мен оның адвокаттары материалдармен танысуға кірісті. Іс сот қрауына көктемде беріледі деп күтілуде. Сот процесінің қаншалықты ашық болатынына құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің және жалпы мемлекеттің беделі тәуелді деп есептейді саясаткерлер.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовке қатысты істің шынайы астары туралы пікірдің түрлі, тіпті, күмәнді болуына қарамастан, барлық саясаткерлердің пікірі бір арнаға тоғысуда – сот процесі неғұрлым ашық болуға тиіс. Тек сонда әркім істің мән-жайына қанық болып, орын алған оқиға туралы өз пікірін қалыптастыра алады.
— Естеріңізде болса, премьер Қажыгелдинді сырттай соттады, ол кезде процесс ашық сияқты болған еді, перденің артында адамның күлкісін келтіретін куәгерлер тұрды. Ол кезде барлығы Қажыгелдин өзінің Президент болғысы келетіндігі туралы ниетін ашық білдіргені үшін зардап шекті деп шешкен еді. Ал бұл жағдайда қылмыстық қудалауға саясаттан мүлдем алшақ, әруақытта өзінің саясаттан алыс, таза шаруашылықпен айналысатын премьер екенін үнемі айтатын адам ұшырап отыр. Міне, бұл осы дағдарыстық үдерістер мен тиісті ішкі тартыстың қосымша шиеленіске ұрынғанын көрсетеді. Қалай десек те, оған тағылып отырған қылмыстар премьердің масштабы үшін ұсақ-түйек дүниелер. Ол ешқандай таң қаларлық ұрлық жасаған жоқ. Оған қандай жаза қолданылатыны да белгілі. Мен оның, бір жағынан өзінің дәрежесіне, екінші жағынан істеген ісінің мардымсыздығына сәйкес 7 жылға сотталатынын айта аламын. Болжам осындай. Премьерді сыбайлас жемқорлық үшін соттайтын болса, 7 жылдан кем бермейді, дәрежеге сәйкес емес. Ал одан көп беруге болмайды — негіз жоқ. Ол өзінің орнында болған басқа адамнан артық кінәлі емес.
— Егер өзіміз әрқашан бағдар алатын демократиялық мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, мұндай сот процестері әрқашан ашық өтеді. Тіпті, Қытай сияқты, соншалықты демократиялық емес мемлекеттерде де, әсіресе, топ-шенеуніктерге, топ-менеджерлерге қатысты шулы істер ашық өтеді. Бұл істің шын мәнінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты екенін дәлелдеу үшін қажет. Сондықтан құқық қорғау, сот органдарының, Серік Ахметовтың, мемлекеттің беделі тұрғысынан сот процесінің ашық болғаны жөн. Өйткені сот процесі ашық болған жағдайда БАҚ, қоғам тарапынан бақылау болып, әкімшілік ресурстарын пайдалану мүмкіндігі азаяды. Жабық процесс барысында ондай тетіктерді пайдалану мүмкіндігі арта түседі. Бұл сот процесі өзара есеп айырысу, басқа тартыс, ішкі күрес деген түрлі әңгімелер туындауда. Ашық сот процессі президенттің үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде айтылған сөзімен де үндесіп жатыр. Өз сөзінде Елбасы шенеуніктерді сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға үндеп, оларды үстінен іс қозғалып, абақтыға қамалған әріптестерінің ісінен сабақ алуға шақырған-ды. Ал осындай сабақтың ең үлкені — ашық сот процесі емес пе?
— Істе қорғанысқа, ұлттық қауіпсіздікке және т.б. қатысты баптар жоқ. Менің білуімше, істің фигуранттары арасында бірде бір әскери адам жоқ. Егер әкімнің қатысымен болған істер ашық форматта өтсе (олардың да білетіні аз емес), ал Ахметовпен барлығы басқаша болу керек. Әңгіме мемлекеттік құпияларды жариялауға қатысты болып отырған жоқ. Мен Ахметовтың қоғаушылары қорғаныстың қандай әдісін таңдағанын білмеймін, бірақ ол өзінің кінәсіз екеніне кәміл сенімді болса, онда ол басқаларына қарағанда үлкен паблиситиге мүдделі.
Естеріңізге салсақ, Серік Ахметов аса ірі көлемде бюджеттік қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынған еді. Қазір ол қамау мерзімі 18-ақпанда аяқталатын үй қамағында отыр. Бұрынғы премьер өзіннің кінәсін мойындаған жоқ.