Генетик Нұрбол Баймұқанов бірегей жобамен жұмыс істеуді аяқтауға жақын – ол қазақ халқының генетикалық портретін дайындауда. Бұл сөзге, теория мен құжаттарға емес, ешкім дауласа алмайтын ДНК анализіне негізделген таза ғылыми зерттеу. Атап айтарлығы, Баймұқановтың жаңалығы тек қазақтарға қатысты емес.
— Қазақ халқы — көптеген ғасырлар бойы өзінің шыққан тегін, яғни шежіресін біліп, бақылап отырған аз халықтардың бірі. 21-ғасырда әр қазақ жаңа ғылымның көмегімен өз шежіресінің дұрыстығын анықтай алады. Нұрбол, сіз Қазақстан және басқа елдер бойынша көптеген экспедициялар жүргіздіңіз, сонда алға қойған мақсатыңыз не?
– Біздің мақсатымыз – жалпы адамзат шежіресін жасау. Біз айналысып жатқан іс генетикалық генеалогия, деп аталады, яғни, біз халықтың генетикалық тарихын зерттейміз. Ол сізге 21-ғасырда ғылымның көмегімен адамзат шежіресіндегі өзіңіздің орныңызды дәл табуға және Африка құрлығынан шыққан ежелгі бабаларыңыздың көші-қоң эволюциясы үдерісін көз алдыңызға елестетуге мүмкіндік береді.
— Қазақтардың этногенезін зерттеу барысында сіз көптеген елдерде болдыңыз. Сол кезде өзіңізге жаңалық болған дүниелер болды ма?
– Қазақтардың генеалогиясы, яғни, шығу тарихы генетикалық генеалогияға 85-90 пайыз сәйкес келеді.
— Яғни, шежіренің ғылыми мәліметтермен бірдей болғаны ма?
– Иә, мұның өзі ғылыми жаңалық.
— Бұл, шамамен, 17 ұрпақ…
– Қазақ шежіресі 18-15 ұрпақтан құралады. Бұл Алтын Орданың күйреуі мен Қазақ хандығының құрылу кезеңімен қатар келеді. Барлық халықтар үшін шежіре — қасиетті дүние. Рудың негізін қалаушылар – Алтын Орданың өркендеген кезінде әмір болған, тарихи тұлғалар, бірегей адамдар.
— Нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Үйсін руларының негізін қалаушы – Бәйдібек атаның бабасы болып табылатын Майқы би. Алшындарда – Алау батыр. Бұл Жәнібек ханның кезеңі. Арғындарда – Қарақожа. Яғни, әр рудың өзінің негіз қалаушысы бар.
— Сонда бұл ақсүйектер халқы ма?
– Жоқ. Егер генеалогия осындай тұлғалардан бастау алып, ғасырлар бойы қадағаланып отырса, біз тестілеуден өткізілген адамдардың ортақ генетикалық картасын басшылыққа алып, осы тұлғалардың снипін, яғни, тектік өзгерістерін анықтап, олардың бет-әлпетін қалпына келтіреміз. Снип – дегеніміз рудың негізін қалаушы адамның нақты тектік өзгерісі. Атап айтайын дегенім, генеалогия – өз шежіреңді білу. Ағылшын тіліндегі «джентльмен» сөзінің түбірі «өз шежіресін білетін адам» деген мағынаны білдіреді. Уақыт өтумен бірге бұл сөзде дамыды. Ал ақсүйектілік – өз шежіреңді білу және Отаныңа қызмет ету.
— Қазақтар генеалогиясы – ол қаншалықты біртекті?
– Қазақ халқы біртекті – мен мұны батыс, солтүстік, оңтүстік, шығыс қазақтарының аталық және аналық ұрпақтарының аутосомдық картасын, яғни, жыныстық емес хромосомдарын зерттеуді ескеріп, айтып отырмын. Біз 2500 шақырымдық радиустағы біртектілікті көріп отырмыз. Яғни, қазақтардың аутосомдық жағынан бір бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Десек те, кейде бір халық бола тұра, популяция, яғни, қауымдалыс жағрафиялық орналасуына сәйкес өзгеріп отырады.
— Мысалы?
– Шартты түрде алсақ, орыстар – олар шығыс еуропалық және оралдық орыстары болып бөлінеді. Міне, осылай бір бөлігінің белгілері басқасынан асып түсуі мүмкін. Көптеген шығыс еуропалық халықтарда не шығыс не еуропалық белгілер басым, немесе олар аралас болады. Ал Қазақстан — барлық желілер қиылысқан нүкте.
— Барлық желілер қиылысады. Осы аумақ арқылы қаншама халық өтті. Олар қазақтардың генетикалық портретінде қалайда із қалдырған болар?
– Қазақтың генетикалық портреті шығыс азиялық популяцияның 55-60 пайызы.
— Шығыс азиялық популяция дегеніміз – Қытай ма?
– Ол Сібір мен Моңғолия. 15-20 пайызы – еуропалық популяция — Шығыс және Оңтүстік Еуропа. 15-17 пайызы – Таяу Шығыс пен Орта Азия. Бұл соңғы үш ұрпағында метистену, яғни, ұлттардың араласуы болмаған қазақтың портреті. Шын мәнінде, қазақтар ұлт ретінде метис болып табылады, өйткені Еуропа мен Азияның арасында орналасқан. Егер тарихқа өңілсек, мұны оңай түсіндіруге болады. Біздің бабаларымыз жауынгер халық болған, солтүстікке, оңтүстікке жасалған жорықтардан әр жауынгер өзімен бірге әйелдер әкелетін. Ол әйелдер ассимиляцияға ұшыраған, бірақ олар халықтың генетикалық портретінде із қалдырды.
— Аналық ДНК тұқым қуаламайды ғой?
– Қуалайды. Қазақ әйелдері ДНК-сының түрлілігі славян әйелдерінікіне қарағанда, 4 есе жоғары.
— Ал сіз өз зерттеулеріңізді қалай жүргізесіз? Сізге өзінің шежіресін білгісі келген адам келді делік…
– Тест – ол жиынтық. Онда екі капсула және екі қылшықша болады. Беттің ішкі эпителиі алынады және сол капсулаға салынады. Содан кейін ол зертханаға жіберіледі.
— Ал зертхана қай жерде орналасқан?
– Хьюстонда.
— Хьюстонда – бұл өте жақсы.
– Қазір жаһандану заманы.
— Меніңше, Хьюстонда әлемдегі ең ірі ДНК зертханасы орналасқан.
– Біз әлемдік базаға бірігіп жатырмыз. Егер біз үлгілерді алып, оларды өзіміздің зертханада зерттесек, біз бәрібір оларды ештеңемен салыстыра алмаймыз.
— Анализ жасаудың өзі қанша уақытқа созылады?
– 1,5 — 2 айға.
— Одан кейін тапсырыс берген адам келіп, өз шежіресіндегі 20 ұрпақтың сәйкестігін немесе қандай да бір өзгерістің болғанын біле ме.
– Түсіндірейін. Адам жеке кабинет алады. Оның мәліметтері басқа миллиондаған мәліметтермен бірігеді. Сол кезде ол сәйкестіктерді бірден көреді.
— Сонда бұл әлеуметтік желі іспетті ме?
– Бұл сол әлеуметтік желінің өзі. Анализдің үш түрі бар – Y-хромосома бойынша, митохондриальдық ДНК бойынша, оларға қоса аутосомдық тест бар. Қазақтардың генеалогиясы Y-хромосомы бойынша анықталады.
— Яғни, аталық желі бойынша ғой?
– Иә. Мәліметтерді енгізе отырып, ана немесе мына руға немесе топқа сәйкес тектік өзгерістерді көреміз. Нақты бұл рудың өлшемі, үлгі-нұсқасы деп аталады. Базаға біріккеннен кейін сіз өзіңіздің “сәйкестіктеріңізді”, топтағы сіздікіне ұқсас гендік өзгерістерді көресіз.
— Сіз бір әке болады дейсіз. Ол тек қазақтарға емес, барлығына қатысты. Ендеше, барлығымызға ортақ түпкі әкеміздің болғаны ғой?
– Адам-ата мен Хауа-ана.
— Американдық ғалымдар Адам-атаның келбетін құрастырды. Онда еуропалық, моңғолдық, азиаттық кескіндер бар ма.
– Жоқ. Тек африкалық. Өйткені ол африкандық құрлықта өмір сүрген. Мүмкін, фантастика, қиял ретінде көрінер, бірақ генетикалық генеалогия – бүкіл адамзатты біріктіретін ғылым. Қазақтар туралы әңгіме қозғағанда, біз 500-600 жыл туралы айтамыз, алайда уақыт кеңістігінде бұл өте қысқа мерзім. Халықтар, тілдер, мәдениеттер қалыптасады, бірақ негіз туралы – “біз кімбіз?” – адамдар ойланбайды. Барлық адамдар — генетикалық туыстар. Адамға келетін болсақ, жыл сайын жаңа ақпарат пайда болуда. Генетикалық Адамның жаңа популяциялары анықталуда.
— Сонда ол қай кезде өмір сүрген?
– Ғалымдардың пікірі бойынша, шамамен, 120 мың жыл бұрын. Адамзат популяциясының көш-қоң картасына көз салыңызшы: шыққан жеріміз – Африка. Қазақстан арқылы үш желі өтеді. Яғни, ол жолдармен халықтар көшіп-қонған. Еуропа халықтарының 80 пайызы – Орталық Азиядан шыққандар.
— Ағылшындар мен египеттіктер ұқсас дейді.
– Олар R1B тобынан болу керек. Бір желі Африкадан Еуропа жаққа қарай созылып жатыр. Ал екіншісі қайтадан Африкаға кіреді. Ұқсастықтары бар британдықтар мен египеттіктердің ортақ көші-қоң желісі бар. Осы желілер бойынша біз ата-бабаларыңыздың қай топқа жататынын және олардың көші-қоң желісі қандай болғанын білеміз.
— Сіз бірде жұмбақ адам – Бәйдібек ата болған деген едіңіз.
– Көп рулардың негізін қалаушы аталар бар. Бұл кісі оннан астам қазақ руларының негізін қалаушы, түпкі атасы. Зерттеулер бұл адамның шынымен өмір сүргенін растайды. Бәйдібенк атаның ұрпақтары сол кісінің мәліметтеріне сәйкес генетикалық материалды тасымалдаушылар.
— Ол кісі кім болды, немен айналысқан еді?
– Жақын уақытта ол туралы мақала жарық көреді. Көптеген тұлғалар құпияға толы, оны ғылым ашуы мүмкін.
— Сіз біздің 365info.kz порталынан «Қазақ+» – жаңа бет-әлпет фотожобасын көрген шығарсыз. Мұнда метис-балалардың суреттері берілген. Міне, мына ұл бала египеттік. Осылай біздің көз алдымызда жаңа популяция, жаңа халық қалыптасып жатқан жоқ па?
– Бұл керемет. Егер қазақ шежіресін қарасаңыз, қазақтың жеті атаға дейін қыз алысып-қыз беріспейтінін көресіз. Сондықтан қан араласуы болмаған. Қазақтар бұл қағиданы қатаң сақтаған. Метистер популяциясының пайда болуы – нағыз байлық. Сіздердің жоба бір адамның бойында тоғысқан гендер, мәдениеттер түрлілігін көрсетеді.
— Олар неғұрлым келбетті емес пе?
– Гентика тұрғысынан олар неғұрлым табысты, дені сау болады. Генетика біркелкі тектік өзгерістің бірінің үстіне бірі қабатасқанын қабылдамайды. Бұл қандай да бір ақауды білдіреді. Қазақ популяциясында неге генетикалық сырқаттар аз? Өйткені әр ұрпақ некеге отырушылардың жеті атаға дейін туыс болмауына жіті көңіл бөліп отырды. Одан ары бұдан да жақсы болады. Мұндай некеде дүниеге келген балалар неғұрлым толерантты, шыдамды, байсалды болады. Қазақстанда 100-ден астам халықтар тұрады, сондықтан метистердің пайда болуы табиғи дүние. Ал ұлттық ұқсастық мәселесі тәрбиеге байланысты. Көрші Ресейге қараңызшы: барлық ақсүйектер — метистер. Кутузов, Тургенев. Романовтар және басқа ақсүйектер әулеттері метистер болған.Қазақстан тарихында көптеген тұлғалар метис болған. Бірақ олар өздерін қазақ санайтын. Сондықтан…
— Болашақ метистердің қолында ма?
– Иә.