Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін мемлекеттен бөлінген. Дегенмен, 2011 жылы Діни істер жөніндегі агенттіктің құрылуы – елдегі діни ахуалды биліктің қадағалауы қажеттігін көрсеткендей.
Қазір қазақ мұсылмандығының өзі бірнеше бағытқа бөлініп кетті. Қазақ салт-дәстүрін ту етіп, Иассауи ілімін пір тұтқан «софылар» көсемдерінің түрмеге қамалғанына да біраз уақыт өтті. Сондай-ақ, салафиттер, тәкбіршілер, нұршылдар, «тарихатшылар», «зікіршілер», «сүлейменшілер», «уақабилер» сияқты жаңа ағымдар туралы естіп, «Хизбуттахрир», «Таблиғи», «Ахмади» секілді жаңа секталар мен бірлестіктердің пайда болғанын көріп жүрміз. Олардың бірі ата-баба аруағына сыйынғанды «шірк» десе, екіншісі қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріне шүйлігуде. «Ел іші партия болды да, бүлінді» деп Абай бабамыз айтқандай, діни иммунитеті төмен қазақты бүгін алуан түрлі ағымдар бүлдіре бастады. Осы ретте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үні, өкінішке қарай, әлі де құмығыңқы. Осы жарияланымда біз «Қазақстанға қандай Ислам керек?» деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік.
Жақында әлдебір танысым былтыр қайтыс болған туысының жылын берді. Осы жиында Қызылорда облысының бұрынғы имамы, дінтанушы Әбілдә Әуезов қазаққа қажет Ислам туралы біраз әңгімелердің шетін қайырды. Әбілда аға қазақтың өз мұсылмандық жолы бар екенін тілге тиек ете отырып, «Мұсылман болу – араб болу емес» дегенді кесіп айтты. Оның айтуынша, арабтың өмір сүру салты мен қазақтың өмір сүру салты екі түрлі жағдаятта қалыптасқан. Біріншісі, Сахарадағы күннен қорғану мақсатында сәлдеге оранып, хиджаб киген. Тіпті, бұл киімүлгісі Исламнан бұрын пайда болуы да мүмкін. Сондықтан арабтың киім кию үлгісін қазаққа таңудың қажеті жоқ.
— Әр халықтың өз киіну салты бар. Құрандағы аят бойынша, Алла біздерді ұлт-ұлыс етіп жаратқан соң, тұрған жерімізді, өмір сүру салтымызға қарай ұлттық киімімізді белгілеп берді, біз оны құрметтеуге тиіспіз. Арабтардың ұлттық киімі басқа ұлт өкілдеріне арналған нысандық киім үлгісі емес.
Қыз, келіншектеріміз ұятты жерлерін ұлттық киіммен жауып, өздеріне жарасымды етіп жүру керек, ал ерлеріміз заман талабына сай, таза әдемі көрініп киіну міндеттері. Мешіт қызметкерлерінің жұмыс орынының киімі жалпы мұсылман болған адамға форма болып есептелмейді. Әрбір жұмыс орнының өз формада киімі болатынын ескерейік, — деді дінтанушы.
Сондай-ақ ол әсіредіншілдердің қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне қарсы тұрып, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруы адал Ислам өкілдерінің іс-әрекеті емес екендігін жеткізді.
Жақында бір танысым қызының әлде бір діни ағымның жетегінде кеткендігін айтып шағынды.
– Қызым қатты ауырды. Медицинадан көрмеген көмегін әлдебір емшіден алды. Алайда, сол емші бізге қырсық болып жабысты. Қызымды әлдебір ағымдарымен елітіп әкетті. Сөйтіп, өз перзентім маған естіп-білмеген тыйымдарды көлденең тартатын болды. Мен де намаз оқимын, Исламның бес шартын орындауға тырысамын. Бірақ, қызымның ұстанып жүрген жолы мұсылмандыққа мүлдем сай келмейді. Туған-туысқандарымен бірге тамақ ішуден қалды. Тіпті туған анасы менің жегендерімнің өзін «харам» дейді. Бірге, тамақ ішпейді. Апта сайын «Пайғамбарыма құрбан шалып жатырмын» деп, бір сиырды жайратып тастап отырғаны. Құрбандықты мұсылмандар жылына бір рет шалатын еді ғой. Менің қызымның қазіргі әрекеттері маған ұнамайды, – дейді ол, қызының қай медресеге баратынын жасыра отырып.
Алматы қаласындағы Орталық мешіттің наиб имамы Нұрмұхамед Иминов қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерімен кездесуінде өзін шектеулі салафиттерміз дейтін мадхалиттердің қоғамға зияны мол екендігін айтты.
— Олар жихадқа үндемейді, террористік пиғылдары жоқ, билікке қарсы келмейді, сөйте тұра Мұсылмандар діни басқармасына қарсы. Яғни, мадхалиттер өз имамдары мен тыңдаушыларын, әсіресе, жастарды діни басқармаға қарсы тәрбиелеу арқылы «такфиризмге» жетелейді, — деді.
Жақында Талдықорған қаласында діни бағыты жат пиғылды, тыйым салынған ағымды насихаттайтын бір топ құрықталып, сотталды. Атап айтарлығы, олардың арасында бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ, ылғи қазақтар. Қоғамның бүгінгі алатайдай бүлінісі өзгеден емес, діни бүлінушіліктен басталатын секілді.
Біз осы ретте елдегі дінтанушылардың біразына хабарласып, олардың Қазақстандағы қазіргі діни ахуал туралы пікірін білуді жөн көрдік.
Мұртаза Бұлытай, дінтанушы:
– Негізінен Ислам діні біреу, бірақ басқа әлемдік діндер сияқты ол да тарих ағымында түрлі интерпретациялар, саяси ықпалдар, діни синкретизм т.б. салдарынан түрлі бағыттарға бөлінген. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде отарлаушы күштердің белсенді әрекеті кесірінен радикалданып, саяси идеологиялар мен лаңкестік топтардың құралына айналған. Осы қысқа ғана анықтамадан кейінгі айтарым – біздің қазақ қоғамына осындай деструктивті бағыттағы діннің керегі жоқ. Бізге зиялы, зайырлы ислам керек! Адамзаттың универсалды құқықтарын дәріптейтін, білім мен өнерді насихаттайтын, демократия мен меритоктартия принциптерін пайдаланатын, еңбек пен пайдалы іске шақыратын, гуманизм жағы басым, рационалды ойлауды ардақтап, бейбітшілік пен қолдау мәдениетін уағыздайтын Ислам керек.
Досай Кенжетай, дінтанушы:
– Қазақстандағы исламға қатысты қазіргі діни ахуалды қалай сипаттайсыз?
– Қазақ мұсылмандығы егемендік алғаннан бері өзінің тарихи қалыптасқан тұтастығынан ажырап үлгерді. Діни танымдық жіктеулер мен саясиланған дін экспанциясына қарсы діни ағартушылық, танымдық және құқықтық қабілеттерді арттыру тетіктері қарастырылуда. Қәзір осындай әлемдік құбылыстар мен өз тарихи тәжірибемізді салыстырған сараптамалық талдаулар жасалып жатыр. Өкінішке қарай, бұл қоғамдағы бөлінушілікке қарсы бой көрсетуге көмегін тигізбеді.
– Сунниттер мен шииттер Иракты екіге бөлді. Руға жіктелу бөле алмаған қазақты діниалауыздық бөлшектейді деп қорықпайсыз ба?
– Егер жақын арада қазақ болмысында тұтастыққа негізделген мемлекеттік идеология бой көрсетпей, діни танымдық жіктер тереңдей түсетін болса, ертеңгі күн туралы ойланудың өзі қорқынышты.
– Салафит, тәкбір, сүлейменшіл секілді түрлі діни ағымдар пайда болып, елдің ішін бүлдіре бастан кезде, біздің билік оған қарсы қандай да бір әрекеттер қолданып отыр ма?
– Елімізде осы діни ағымдарды реттейтін екі құрылым — Қазақстан мұсымандарының діни басқармасы (ҚМДБ) және Дін істері жөніндегі агентік бар. Мемлекет бұл мәселелерді зайырлылық арқылы да реттейді. Біздің ел зайырлы мемлекет. Яғни, мемлекет пен дін екі бөлек институт. Осы екі институт өздерінің қоғамдағы орны мен рөлін өзара мойындай отырып, құқықтық, демократиялық ұстанымды басшылыққа алуға тиіс. Зайырлы мемлекетте дін мен саясатқа қатысты терминдер мен сөз тіркестері бар. Олар «діни саясат», «дін саясаты», «саяси дін».
Діни саясатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүргізеді. бұған мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнына муфтиаттың барлық іс шаралары жатады. Мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазхабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру жатады. Бірақ бұл шаралар халықтық билікпен бірге, құқықтық шеңбер аясында жүзеге асырылады.
Ал енді дін саясаты тіркесіне келсек, оны мемлекет құқықтық конституциялық ұстанымдар мен заңдық қағидалар негізінде жүзеге асырады. Елдегі діни ахуал «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңымен қорғалады. Бұл зайырлылық ұстанымының басты функциясы. Мемлекет қоғамдық талаптарға сәйкес, осы заңда мұсылмандар мен православтардың тарихи, мәдени, рухани тәжірибесін ескеріп, «ханафи мазхабы мен православие» туралы бап қабылдады.
Сондай-ақ оған зайырлы елдегі діни білім беру, діни бірлестіктерді тіркеу, олардың діндер аралық қатынастарын реттеу, бақылау, қадағалау іс-шаралары кіреді.
„Саяси дін„ тіркесіне қатысты іс-шараларды да мемлекет өз құзіретіне алады. Бұл жерде біз саяси ислам анықтамасының ішіне кіретін фундаментализм, экстремизм, терроризм сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданатын, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық мағынадағы, ұстанымдағы топтарды айтамыз. Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатындықтан бұл топтарға заңмен тыйым салған. Зайырлылық тек мемлекет пен дін қатынасын ғана емес, дін ішіндегі қатынастарды да қадағалайды. Зайырлылық — дінді бір жамағаттың монополиясынан алып шығатын ұстаным. Ол жастарды кез келген топтың ықпалынан арашалай алады. Зайырлылық жастардың діни нанымды ерікті таңдауын да реттейді. Жастарды алдап, тұзағына түсіруге тырысатын діни топтармен күресудің орталығы да осы зайырлылық.