1-қаңтардан бастап ЕАЭО туралы келісімі күшіне кірді, енді одақ ішінде (Ресейден, Беларусьтен, Армениядан, ал 2015 жылғы 29-мамырдан Қырғызстаннан – ред. ескерт.) автомобильдерді сатып алып, ешқандай әкімшілік кедергілерсіз ҚҚС төлемей республика аумағына әкелуге болады. Алайда жаңа жылдың алғашқы күндерінде қазақстандықтардың Ресейден әкелінген автомобильдерді рәсімдеу жөніндегі талпыныстары сәтсіздікке ұшырады.
Сондай қиындықтарға қазақстандықтар тақырыптық форумдарда байбалам салды: «ҚҚС алынды, сертификат бермейді, машиналарды тіркемейді! Енді не істейміз? Қайтадан Ресейге апарамыз ба?».
ЕАЭО туралы келісімнің «Салық және салық салу» тарауында былай делінген: «ЕАЭО мүше елдің аумағына импортталған тауарды мүше-мемлекеттің аумағына жеке тұлғалар кәсіпкерлік емес мақсатта әкелген жағдайда олардан жанама салықтар алынбайды». Алайда жаңа шарттарға көшудің «өтпелі кезеңінің» алғашқы күндері екі тарапқа да оңай тиген жоқ.
ЕАЭО аймағында одақ шеңберінде тасымалданатын тауардың салықтар мен баждан босатылатынына қарамастан не қазақстандықтардың өздері, не билік 2014 жылғы желтоқсанда машина сатып алғандар ҚҚС-ты төлейме әлде төлемей ме деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Нақтылық өте маңызды болып табылатын салық органдарында да адам түсінбейтін жағдай орын алған. Мемлекеттік табыс департаменттерінің әрқайсысы бұл сұраққа түрлі жауап береді. Мәселен, астаналық департаменттегілер импортталған тауардың ҚР аумағына әкелу датасы шекара бақылауынан өткені туралы талонда көрсетілген дата болу керек десе, алматылықтар мұндай дата ретінде сатып алу-сату келісімінде көрсетілген дата болуы мүмкін дегенді айтады.
Салық заңдылығы бойынша да заңгерлер мен мамандардың да пікірі бөлініп кетті. Өйткені, бұл мәселені ешкім тыңғылықты зерделеген жоқ. Сондықтан әркім өзінің жеке пікірін айтып, ресми түсініктеме беруден бас тартуда.
Құқық қорғаушылар импорт датасы — шекарадан өткен сәт десе, сарапшы-салықшылар ҚҚС тауар алмастыру операциясы жүзеге асырылғанда төленеді дейді, яғни, есеп машина шекарадан өткен сәтте емес, сатып алу-сату келісімі жасалған кезде қойылады. Кейбіреулер ең дұрысы — машина тіркеуге қойылған сәт дейді. Өйткені автокөлік иелері көлік құралын ҚР-де тіркеуден бұрын бірнеше ай ресейлік нөмірлермен жүруі мүмкін.
Айтпақшы, қазақстандықтар сияқты Ресейден жаппай автомобиль сатып алған белорустар мұндай қиындықтарға ұрынған жоқ.
– Ресей мен Қазақстанда кез келген жылы шығарылған автомобильді сатып алып, ешқандай кедендік баж бен салық төлемей, Беларусь Республикасының аумағына әкелуге болады, – деді телефонмен болған әңгімеде Беларусь Республикасы Салық және баж жөніндегі министрлігі әдіснама және салық салу бас басқармасы бастығының орынбасары Игорь Скринников – Бізде сатып алынған көлік құралын рәсімдеу кезінде тек утилизация алымы алынады.
Атап айтарлығы, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының (Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы – ред. ескерт.) мүшелері ресейлік заңдар бойынша 12-қаңтарға дейін демалатын болғандықтан, әзірше, бұл мәселе бойынша түсініктеме бере алмайды.
Қазақстандықтар ұрынған тағы бір қиындық (автомобильге сәйкестік сертификатын алу), сондай-ақ 12-қаңтарға дейін шешілуге тиіс. Өйткені көлік құралының төлқұжатын рәсімдеу үшін автомобиль құжаттары мен көлік құралы құжатынан бөлек сәйкестік сертификатын алу қажет. Ол автоның ЕАЭО-ның барлық техникалық талаптарына жауап беретінін, яғни, экологиялық сыныбының Еуро-4-тен төмен еместігін, рульдің сол жақта орналасқанын және белгіленген үлгідегі жарықтық құралдармен жарақтандырылғанын растайды. ҚР-дың сәйкестік сертификаты тиісті аккредатициясы бар арнайы кампаниялар тарапынан беріледі. Бірақ қазір олардың барлығы Ресейден әкелінген автомобильдерге сертификат беруді тоқтатқан. Барлық сұрақтарға біркелкі жауап беруде: «12-қаңтардан кейін хабарласыңыздар».
Тек «Казэкспоаудит» компаниясында неліктен қазір ешкім не істеу керек екенін, жаңа механизмдердің қалай жұмыс істейтінін білмейтінін түсіндірді.
– 8-9-қаңтарда сертификаттау мәселелеріне арналған форум өтеді, соның барысында барлық сұрақтарға жауап беріледі, – дейді компаниядағылар. – Егер автомобиль ЕАЭО елдерінде шығарылса немесе кедендік рәсімдеуден өтсе, қауіпсіздік туралы куәлікті алып тастауы мүмкін.