Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр Қазақстанға алыс-жақын шетелдерден 3 мыңнан астам қазақ отбасы оралып, шамамен, 7 мыңға жуық қандасымыз тарихи отанына қоныс аударыпты. Алайда заңдық негіздердің нақтыланбауы салдарынан, атажұртына оралған қазақтардың тұрақты тіркелуі, азаматтық алу мәселесі әлі де қиындықтар тудыруда.
Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке оралмандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен құқықтық жеңілдіктерді қайтадан жандандыруды тапсыра отырып, олардың, яғни, оралмандардың Қазақстан үкіметі белгілеген аймақтарға баруға тиіс екендігін де атап өтті.
Оралмандардың азаматтық алу мәселесі 2000 жылдардың басына дейін құқықтық-заңнамалық тұрғыдан шешімін таппай келген-ді. 2000 жылы арнайы қабылданған «Азаматтық туралы» заң шетелден келген ұлты қазақ азаматтар үшін азаматтық беру мәселесін біршама жеңілдеткен еді. Бұл заң баптары бойынша, шетелден келген этникалық қазақ өзінің қазақ екендігін дәлелдесе жетіп жатқан-ды, 2-6 ай аралығында еш кедергісіз ҚР азаматтығын алатын. Алайда, 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасына берілген саяси баға, оралмандардың келуіне кері ықпалын тигізді. Осыдан кейін, Қазақстан билігі оралмандардың келуін шектейтін бірнеше заңнамалық актілер мен Қаулылар қабылдап үлгерді. Солардың ең ауыр тигені – этникалық қазақтардың Қазақстанда тұрақты тіркелуі қиямет-қайымға айналды. Екіншіден, былтыр үлкен дау-дамаймен қабылданған «Еңбек мигранттары туралы» заңда оралмандардың азаматтық алу мерзімі төрт жылға дейін ұзартылды. Соның салдарынан, еліне оралған қазақтардың көпшілігі тұрақты тіркеуге тұра алмай жүр. Алынбас қамалға айналған тұрақты тіркеу мәселесі шаршатқан қандастарымыздың біразы келген елдеріне қайтуға мәжбүр болды.
Мұхтарбек Сәлиұлы ақсақал Қытайдан 2009 жылы келгендігін айтады.
– 2009 жылы оралмандардың азаматтық алуы бүгінгідей қиын емес еді. Екі ұлыммен оралғанмын. Үлкені сол замандағы жеңілдікті пайдаланып, азаматтық алып үлгерді. Одан алты ай кешігіп жеткен екінші ұлымның азаматтық алуы былай тұрсын, тіркелуі азапқа айналып кетті. Осында келгеннен кейін, ол үйленген еді. Келінім аяғы ауыр болған кезінде, осында тұрақты тіркеуге тұру үшін қаншама жүгірдік. Тіркеуде жоқ адамды аурухана да қабылдамайды екен. Ақылы емханаға жатқызып жүріп, босандырып алдық. Немереме туу туралы куәлікті берді. Алайда, келінім босанғаннан кейін, оның бір жылға аштырған келу визасының уақыты да аяқталды. Ақыры, амал жоқ, осындағы Қытай консулдығына барып, балаға Қытай төлқұжатын жасатып, келген еліне қайта қайтуға мәжбүр болды. Қытайға барғаннан кейін, ол қайтадан келу визасын рәсімдеуді қолға алып, ондағы Қазақстан елшілігінің төлқұжат-виза бөлімінде екі ай кезекте тұрып, қарашада визасын қайта рәсімдетіп, желтоқсан айында осында оралды. Енді мен олардың тезірек Қазақстан азаматтығын алып, осында туған баласына тиесілі жәрдемақылары мен Жеке сәйкестендіру нөмірін алып, балабақшаға кезекке тіркелгенін қалаймын. Балаларым да жұмысқа орналаса алмай жүр. Естуімше, жақында оралмандардың тіркелуі мен азаматтық алуын рәсімдеуді жеңілдететін заң қабылданады екен. Міне, қаңтардың да ортасынан ауды. Сол заң қашан қабылданар екен? – дейді сергелдеңнен шаршаған қария.
Мұхтарбек ақсақал өз қаржысына Алматыдағы Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан пәтер сатып алған екен. Балаларын осы пәтерге тіркете алмай жүргеніне бес жыл болған.
Этникалық қазақтарға ерекше жеңілдіктер беріле ме екен?
Оралмандардың республикалық «Жебеу» бірлестігінің мүшесі Базаралы Әріпұлы 1995 жылы Қытайдан оралыпты.
– Бес жыл базарда саудамен айналыстым. Алайда, артымда қалған ел-жұртым, туған-туысқандарым атажұртқа оралғысы келетінін және менің көмек қолын созғанымды қалайтындықтарын жеткізді. Сөйтіп, 2000 жылы «Нұр-Шұғыла» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, Қытайдағы қазақтарға шақыру рәсімдеу, виза жасауға көмектесу, көшіп келгеннен кейін құжаттарын рәсімдеу бойынша қызмет көрсетіп, қол ұшын беруді қолға алдым. Алайда, 2011 жылдан кейін шетелден қазақтардың келуі сиреп кетті. Өйткені, оларды тұрақты тіркеуге алу және азаматтық беру мәселелері түрлі кедергілерге ұшырады. Бұрын Қытайдан Қазақстанға келген қазақтар визасының мерзімі аяқталған соң, осындағы миграция органдары арнайы мөр басып, созып беретін еді. Қазір оны мүлдем тоқтатты. Келу визасын үш айға ғана беріп келген кездері болған. Алайда, осы мәселені Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында талқыға салғанымыздың арқасында, келу визасы бір жылға ұзартылды.
Алайда, оралмандарды әлі күнге дейін сергелдеңге салып келген баптар бар. Мәселен, Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін Қытай азаматтары ондағы тұрақты тіркеуден шығып келуі тиіс. Екіншіден, сотталмағаны туралы анықтама әкелуі керек. Бұл шетелдік азаматтар үшін бұрыннан келе жатқан талаптар. Бірақ, әрбір баптың соңында жақша ішінде «мұның этникалық қазақтарға қатысы жоқ» деген сөйлемдер болушы еді. Кейінгі редакцияларында осы сөйлем түсіп қалды да, этникалық қазақтар өзге ұлт өкілдерімен теңестірілді. Жоғарыда аталған екі құжатты Қытайдың Қазақстандағы консулдығына растату туралы талап тағы бар. Қытай консулдығы алғашында бұл құжаттарды еш кедергісіз растап беріп келді. Алайда бір жылдан кейін, аталған құжаттарды растау үшін бақандай төрт құжат талап ететін болды. Олар: банкте қарызы жоқ деген анықтама; егер, мемлекеттік қызметкер болса, қызметтен қол үзгені рас деген анықтама; сотталмағаны туралы анықтама; 4) НОПОСТ өшіріп келу.
Бұлардың соңғы екеуін алу өте қиын. Қытай сотталған азаматтарына шетелге шығатын төлқұжат бермейді, екіншіден, Қытай заңында ел азаматы екінші бір елге тұрақты қоныстанған немесе азаматтығын алған жағдайда арнайы нота арқылы хабар алып, оны өз есебінен автоматты түрде шығарып тастайды. Ал НОПОСТ дегеніміз – тіркеу қағазы. Оны өшіріп келу деген сөз, Қытай азаматтығынан шығып келу деген сөз. Қытай өзге елдің азаматтығын қабылдамаған адамды ешуақытта азаматтықтан шығармайды. Сол себепті қазір Парламентке келіп түскен «Халықтың көші-қоны туралы» заңынан осы талаптарды алып тастауды өтінеміз.
Сондай-ақ, бұрын студенттер оқу визасымен келіп-ақ, жатақханаларда тіркеуде тұрып, Қазақстан азаматтығын рәсімдей алатын еді. Алайда қазір оқуын бітірген соң оларды шығу визасымен келген еліне қайтару үрдісі қалыптасты. Бұл Қазақстанда тұрақты тұрып, еңбек етуге құлшынып келген жастардың меселін қайтарады. Шығу визасымен кеткеннен кейін, қайта келуге құлшынбайды да, сол себепті жастардың осы мүмкіндігін қайта қалпына келтірсе, – дейді Базаралы Әріпұлы.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Көші-қон комитетінің Этникалық көші-қонды реттеу басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев «Халықтың көші-қоңы туралы» заңның жаңа редакциясы Үкіметте талқыланып, Парламент Мәжілісіне түскенін айтады:
– Үкіметте талқылау жұмыстары аяқталып, заң жобасы Мәжіліске түсті. Қазір ол комитеттерде қарастырып жатыр. Барлық процедуралардан өтіп, заң қабылданғанға дейін 5-6 ай өтетін сияқты. Менің ойымша, заң жаз айларында қабылданып, күшіне енуі мүмкін. Жобада осы уақытқа дейін біз айтып келген талаптар қарастырылған. Ең бастысы, азаматтық алуды үш айда аяқтау, өңірлік квоталар сияқты жеңілдіктер енгізілді. Ендігі мәселе, тұрақты тіркеуге тіреліп тұр. Заңды талқылау барысында қоғамдық институттар белсене қатысып, заңдағы осы бір түйткілдерді реттеуге, ішкі істер органдарының қатаң талаптарын өзгертуге күш салуы керек.