23-қаңтарға қараған түні 91-жасында өкпе инфекциясынан Сауд Аравиясының королі Абдалла қайтыс болды. Әлемде мұнай нарығындағы ахуал денсаулығына тікелей байланысты адамдар соншалықты көп емес. Екі қасиетті дүниенің – Мекке мен Мединедегі мешіттердің сақтаушысы солардың бірі. Сондықтан Абдалланың өлімі туралы хабар мардымсыз болса да мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Баға орнына қайта келгенімен, олардың толқуы Парсы шығанағындағы араб монархияларының біріндегі қазіргі ахуалға әлемдік қауымдастықтың, оның ішінде, Қазақстанның назарын аудартпай қойған жоқ.
Бұл таң қаларлық іс емес. Сауд Аравиясы мұнай қоры бойынша әлемде екінші орында тұр. Бұл мемлекет „қара алтынды„ тасымалдаушы елдердің ұйымы — ОПЕК-тің негізгі ойыншыларының бірі. Батыс әлемі мұнайдың тек энергия көзі емес, сонымен қатар саясаттың тиімді құраларының бірі екенін осы Эр-Риядтан білді. Мәселен, 1973 жылы кезекті араб-израиль соғысының қызған шағында Сауд Аравиясы АҚШ пен Батыс Еуропаға мұнай жеткізуге эмбарго енгізді. Сол кезде бір жыл ішінде баға жеті рет өзгерді – барреліне 1,75-тен 13 долларға дейін көтерілді.
Бағаның сол күрт өзгеруі планетадағы елеулі энергетика дағдарысына әкеліп соқты, сөйтіп, көптеген елдердегі экономиканың құрылымын және таяу шығыстағы геосаясаттың сәулетін өзгертті.
Бірқатар сарапшылардың пікірі бойынша, 1980-жылдардың ортасында Сауд Аравиясы қайтадан „мұнай қаруын„ пайдаланды. Бұл жолы ол мұнай бағасын жасанды түрде төмендетті, бұл Кеңестер Одағының өндірістік экономикасына елеулі соққы болды. Эр-Рияд пен оның батыстағы одақтастарының баға келісімі КСРО экономикасы құлдырауының және одан кейінгі империя ыдырауының негізгі себептерінің бірі болды деген пікір бар.
Бүгін шетелдік және отандық БАҚ-тан соңғы жарты жылда Эр-Рияд пен Вашингтон арасында белгілі бір келісімдер болғандықтан мұнай бағасы төмендеді дегенді оқуға болады. Бір жағынан Батыс, екінші жағынан Ресей мен Иран тұрған текетірес шиеленіскен қазіргі жағдайда мұнай факторы Мәскеу мен Тегеранды жаһандық және өңірлік сахнада тоқтатудың негізгі тетігіне айналды. Қалай болса да, көмірсутегі шикізатын сатудан түсетін үстеме табыстың төмендеуі бұл экспортелердің маневр жасау кеңістігін қысқартты.
Сөйтіп, сауд факторы жаһандық мұнай нарығының ахуалына және болашағына қатысты мәселеде елеулі рөл атқаруды жалғастыруда. Әлбетте, қазір барлығын „қара алтын„ бағасымен не болады деген сұрақ толғандыруда. Сауд Аравиясы басшылығының өзгеруінен кейін олар жоғары көтеріле ме, бұрынғы деңгейде қала ма әлде құлдырауын жалғастыра ма?
Сарапшылар Абдалланың өмірден озуынан кейін мұнай нарығында және өңірлік саясатта елеулі өзгерістерді күтіп отырған жоқ. Жаңа монарх – Абдалланың бауыры өз туысының тактикасынан ауытқымайтын сыңайлы. Бірақ бұған оның Абдалланың жақын серігі және пікірлесі болғанының еш қатысы жоқ. Абдалла 2012 жылдан бері ауыр дертке шалдыққандықтан Сауд Аравиясын шын мәнінде осы Салман басқарып келді. Ендеше, Эр-Риядтың мұнай бағасына немесе Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарға қатысты соңғы жылдардағы саясатын негізінен мұрагер ханзада Салманның өзі қалыптастырған.
Жалпы, атап айтарлығы, таққа мұрагерлік сауд элиталарының алдында тұрған түйіткілдердің ең өзектісі есептелінеді. Заң бойынша, таққа қазіргі монархтың балалары емес, әулеттің негізін қалаушы Абдель Азиз ибн Саудтың ұлдары мұрагерлік етеді. Мәселен, Абдалла Абдель Азиздің он үшінші ұлы болған, ал Салман – жиырма бесінші. Ибн Саудтың үлкен немерелері тақ үшін күреске тек заманауи сауд мемлекетінің негізін қалаушының ұлдары қайтыс болғаннан кейін ғана түсе алады. Ханзадалар санының өте көп болуы және сауд қоғамындағы қарама-қайшылықтарды ескере отырып, болашақта елдегі биліктің ауысуы ішкі саясатты тұрақсыздандырудың факторы болуы мүмкін деуге болады. Тәжге таласта үміткерлер өздерінің қолында бар барлық күштер мен қорларды пайдалана алады. Олардың елдегі тәртіпке наразы, ала-құла сауд оппозициясының көмегіне жүгінбесіне кім кепілдік береді. Мәселен, дәстүрлі дін мамандарынан тұратын ваххабиттердің, немесе өз жақтастарын мұғалімдерден, студенттерден, батысқа және шиитттікке қарсы шығушы маргиналдық элементтерден тұратын салафиттер деп аталатын неоваххабиттердің немесе либералды діни саясат қабылдауды талап ететін ұстамды исламистердің көмегіне жүгінуі мүмкін. Олардан бөлек, діни азшылыдық болып табылатын, бірақ саяси және экономикалық мәртебесін көтеруді талап етуші саудтық шииттер де бар.
Сауд Аравиясы королі отбасының саны – 10 000 адам
Ол адамдар өздерінің амандығына әлеуетті қатерлер мен қауіптердің деңгейін сөзсіз түсінеді. Сондықтан олар бір-бірімен тіл табысуға тырысып, таққа мұрагерлік ету құқығын өзгертудің амалын табады. Мәселен, кезінде король Фахд солай істеген-ді. 1992 жылы ол декрет шығарды, сол декретке сәйкес, монарх жас шамасына қарамастан өзінің ізбасарын тағайындайды, және оны орнынан алып тастап, басқасын тағайындауға құқығы бар.
Атап айтарлығы, бұл Эр-Риядтағы мұрагерліктің сабақтастығы туралы барлық мәселелерді шешпеген сыңайлы, бұл саудтық серік АҚШ үшін принципттік тұрғыдан өте маңызды болып отыр. Әсіресе, мазасыз өңірдегі жалпы турбуленттікті және бүкіл Таяу Шығысты трансформациялау туралы әңгімелерді ескеретін болсақ. Қазіргі таңда
Вашингтон үшін Сауд Аравиясындағы биліктің ағадан ініге ауысуының ешқандай талас-тартыссыз және бейбіт жолмен жүзеге асқаны өте маңызды.
Өйткені АҚШ бұл өңірдегі геосаяси және басқа үдерістердің болжамалы болғанына мұқтаж. Осы орайда, президент Барак Обаманың өткен жылғы наурыздағы Сауд Аравиясына сапарынан бір күн бұрын король Абдалланың шахзада Мұқранды таққа мұрагер шахзада Салманның мұрагері ретінде тағайындауы туралы жарлығы біраз нәрседен сыр бергендей. „Тақтың нөмір екінші мұрагерінің„ пайда болуы мұрагерлік мәселесіндегі шиеленісті төмендетіп қана қоймай, сондай-ақ Эр-Риядтың елдің сыртқы және ішкі саясатындағы сабақтастықты сақтауға ұмтылысын растады.
Соңғы жылдардағы өңірдегі және әлемдегі негізгі оқиғалардың елді шын мәнінде Салман мен оның мұрагері Мұқран басқарған кезде орын алғанын ескерсек, Сауд Аравиясындағы биліктің ауысуы халықаралық мәселелері бойынша елдің саясатын түбегейлі өзгертеді дегенді білдірмесе керек. Сөйтіп, Эр-Риядтың өзекті мәселелерге қатысты ұстанымы бұрынғыдай қала бермек, бұл Иранға, сириялық дағдарысқа, суннитер мен шииттер текетіресіне және тағы басқа мәселелерге де қатысты. Алайда мұндай жағдайда саудиттер баға соғысын жалғастыруға мүдделі болады, ендеше, „қара алтын„ баррелінің бағасы күрт көтерілмейді деген сөз.
Мақала Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының рұқсатымен басылып отыр
Аударған Қайрат Матреков.