Бүгін Қазақстанның әрбір азаматының өзіне қоятын сұрағы «ресейлік рубль құлдыраудың рекордтарын жасап жатқан кезде теңгенің ахуалы қалай болады екен?». Мәселенің мәнісі, бүгін біз Ресеймен бір экономикалық аймақтамыз, сондықтан көршіміздегі, оның үстіне, мұндай ірі көршідегі жағдайдың ызғары Қазақстанға тимеуі мүмкін емес.
Естеріңізге салсақ, 2014 жылғы ақпандағы девальвация себептерінің бірі теңге бағамын 2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында елеулі құлдырап кеткен рубльдің бағамымен теңестіру қажеттігі болды. Бұл жердегі мәселе келесі де
әлсіреген рубль Ресейден әкелінетін импорттың өсуіне әкеліп соғады, ол онсыз да 2012 жылғы 12 млрд доллардан жыл сайынғы 18 млрд-қа дейін өскен. Атап айтарлығы, Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорт 2011 жылғы 6 млрд доллардан 2013 жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млрд долларға дейін құлдыраған.
Сондықтан девальвация Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасындағы экспорттық-импорттық теңгерімді біршама реттейтін әдіс болды. Ол өзінің рөлін атқарды. 2014 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ресейден тасымалданатын импорт 23 пайызға төмендеді. Алайда сонымен қатар Қазақстан экспорты да 21 пайызға төмендеді. Сөйтіп, біздің Ресеймен экспорттық-импорттық теңгеріміміздегі тепе-теңдік сақталды.
Енді міне, жаздың аяғынан ресейлік рубльдің қайта құлдырауы басталды. Ол барлық күтілімдерден асып кетті. 2014 жылғы желтоқсанның ортасына қарай АҚШ долларының құны 70 рубльге жетті.Бір доллар 32,6 рубль болған бағамның жыл басынан бері құлдырауы 100 пайыздан асып кетті.Әлбетте, бұл өте көп.
Атап айтарлығы, ресейлік билік айтарлықтай ешнәрсе болмағандай кейіп танытады. Ол аз болса, президент Владимир Путин рубльдің құлдырауы бюджетке рубльдің көбірек түсуіне әсер етті дейді. Шынын айтсақ, бұл дұрыс, өйткені мемлекет мұнай өндірушілер рубль бағамымен төлейтін экспорттық баж салығын доллармен алады. Яғни, бюджет экспорттық баж салығынан көбірек қаржы алады, ал ол биылғы жылғы барлық түйіткілдерді шешуге мүмкіндік береді.
Мұның тактикалық шара екені түсінікті. Өйткені рубль девальвациясынан бюджет табысының өсуімен қатар, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан оның табысы төмендеуде. Жазда Ресей үкіметі мұнай баррелінің бағасы бір долларға төмендесе, бюджет шығыны 70 млрд рубльді құрайды деп топшылаған еді. Тамыздан бері Brent баррелі, кем дегенде, 50 доллардан айырылды. Бұл Ресей бюджетіндегі 14 трлн рубль шығынның 3,5 трлн рубліне тең болып отыр. Сондықтан үкіметке девальвация уақыт ұту үшін қажет болды.
Бірақ келесі жылы мұнайдың жағдайы түбегейлі өзгереді деуге ешқандай негіз жоқ. Ендеше, рубльдің әлсіреуі тоқтайды деп күтудің де қажеті шамалы . Осы жерде әлжуаз рубль басқа әлсіз валюта сияқты экономика үшін игілік болып көрінуі мүмкін: өндірушілер импорттық тауарлардың алдында артықшылыққа ие болады және сыртқы нарықтарды басып ала бастайды. Мәселен, соңғы он жылда АҚШ юаньді күшейту үшін Қытайға қысым көрсетуде. Әлжауз юань тек қытайлық экспортты күшейтеді, ал ол экспорттық-импорттық теңгерімді бұзады.
Алайда Ресейдегі жағдай күрделірек. Ол, тіпті, 1990-жылдардың соңындағы дағдарыстан да күрделі. Өйткені, соңғы жылдары ресейлік экономика әлемдік экономикамен елеулі түрде біте қайнасып кетті. Кәсіпорындардың көпшілігі шетелден импортталатын түрлі құрастырушыларға тәуелді. Бұл барлық автомобиль зауыттарына және «Сухой-Суперджет» ұшақтарын өндірушілерге қатысты. Бұл балапан сатып алатын құс өндірушілерге, тұқымдық материал сатып алатын картоп өндірушілерге, шетелден шабақтар сатып алатын балық өндірушілеріне қажет. Сондықтан азық-түлік импортының орнын толтыру үшін жаңа өндіріс орындарына инвестиция құю керек, ал олар қайтадан импорттық құрастырушыларды сатып алуды талап етеді.
Яғни, импорттың Ресей экономикасына қажетті зәру бөлігі бар. Санкциялармен қатар, рубльдің сыртқы несиелерді тарту бойынша әлсіреуі импорттың елеулі қымбаттауына әкеліп соғады және ішкі нарықтағы бағының артуына жетелейді. Атап айтарлығы, бұл өсім бірнеше айға кешігіп жүзеге асуда. Бұл жерде мәселе жинақталған қорға және сауда желісіндегі бағаларды қайта қарау ережелеріне тіреліп тұр.
Сол себепті, бұл Ресей үшін соншалықты жақсы емес және жақын болашақта түсініксіз жағдай тудырып отыр. Ең қиын мәселе: осындай жайсыз жағдайда Қазақстандағы біздер не істейміз? Ресейге еріп, рубльдің соңынан теңгеге де девальвация жасаймыз ба? Әлде оның қажеті жоқ па? Ал дәл қасынан қуатты бәсекелес көрші тапқан біздің өндірушілерді не істейміз, олардың бұрын да қиындықтар тудырғанын ескерсек, қазір де қарап қалмасы анық қой?
Ішкі нарықтағы тауар өндірушілер үшін жауап біреу ғана – Ресейдің соңынан теңгеге де девальвация жасау қажет. Мәселен, ресейлік, беларусьтік украиндық арзан өнімдердің бәсекесіне тап болған Солтүстік Қазақстандағы сүт өндірушілер қазірдің өзінде дабыл қағып жатыр. Экспортерлер де осындай көзқарасты ұстануда. Теңгенің әлсізденуі оларға Қазақстан ішіндегі төлемдерден үнемдеуге мүмкіндік беруші еді. Әлбетте, егер девальвация есебінен табысы артса, үкімет те бұған қарсы болмаушы еді.
Осы оқиғаның бәрінде бір ғана мәселе бар. Енді біз сыртқы саяси қиындықтар салдарынан күрделі экономикалық ахуалға тап болған Ресей экономикасының жетегінде жүруге мәжбүрміз. Осы орайда, Ресей мен Батыс арасындағы қақтығыста кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені соншалықты маңызды емес. Бұл жерде басқа мәселе маңызды:
біздің экономика ресейдікіне тәуелді, сондықтан біз сонымен бірге әлсіреуге тиіспіз.
Осының салдарынан әдеттегідей өз табысын доллармен есептеуді дәстүрге айналдырған қарапайым халық бәрінен көп зардап шегетін болады. Бүгінгі таңда Ресейде орын алып отырған девальвациямен салыстырғанда (75%), 2014 жылғы ақпанда бізде орын алған девальвация (20%) түк еместей көрінеді. Егер болшақта көршімізде орын алатын баға көтерудің құтылмас толқынын ескерсек, бұл тек халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп қана қоймай, сонымен қатар оның әлеуметтік ахуалының нашарлауына әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне, қазір халыққа ресейлік рубльдің неліктен украиналық гривнамен тең құлдырағанын түсіндіру өте қиын. Егер 2014 жылғы қаңтарда бір долларға 8,5 гривна берілсе, желтоқсанда – 16 гривна берілген. Яғни, құлдырау 90 пайыздан асып кеткен. Бірақ Украинда соғыс болып, ол аумағынан айырылды, онда мұнай жоқ және тағы басқа жағдайлар бар.
Мұндай ахуал бізге де қатысты: өздерінің табысын доллармен есептеуге үйренген қазақстандықтарға олардың әл-әуқаты Ресейдің Центробанкі қандай саясат жүргізетініне тәуелді екенін қалай түсіндіреміз?
Сұлтан Әкімбеков, ҚР Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры.
Мақала «Центр Азии» журналының рұқсатымен басылып отыр.
Аударған Қайрат Матреков.