Өткен аптада қазақ тойындағы келбеті қазаққа қызына ұқсас жалаңаш бойжеткеннің биін көрсеткен бейнежазба интернетті дүр сілкіндірді. Әй, «ауру қалса да әдет қалмайды», деген осы шығар, әсерлеп айтқанды қоймаймыз.
Дүр сілкіндірді дейміз, бірақ осы бейнежазбаны бүкіл қазақстандықтар көрсе де оған тек «Қамшы» сайтының журналистері наразылық білдіріп, қалам тартыпты. Сонда рухани тақырыпқа жазған әр мақаласын «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деуден бастайтын қалған журналист ағайындарымыз қайда? Сол бесікті түзейтін ағаларымыз бен апаларымыздың белі бесіктен енді босаған бойжеткеннің жалаңаш биін үнсіз тамашалауын неге бетіне баспайды?
Ал қит етсе, ұлттық құндылық, рухани байлық, деп қызыл кеңірдек болатын ұлт жанашырлары, халық қалаулылары — депутаттарыз қайда? Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, бірақ осындай азғындықты көргенде неге үнсіз қалады? Әдетте, өзімізді өзіміз жер көкке сыйғызбаймыз, қазақтар сөз қадірін білген, жүйелі сөзге тоқтаған, қыздарын қадірлей білген халық деп жар саламыз. Мүмкін, «Гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркі» деп жырлаған бабаларымыз қыздарын басына көтеріп, олардың қадірін білген шығар, бірақ қазіргі замандастарымыз туралы олай айта алмаспыз. Әйтпесе, сол жалаңаш бойжеткен билеген тойда отырған дүйім жұрттың ішінен осындай азғындықты тоқтатын бір адам табылмағанын қалай түсінеміз? Той басталғанда Беташар айтылып, жаңа түскен келінің бетін керемет салтанатпен ашып, жас келінді жаңа жұртымен таныстыратынын ескерсек, сол пәк келіннің алдында жалаңаш бойжеткенді билеткізген сол шаңырақ отағасының бұл қылығын қалай түсінуге болады? Әйелдің жалаңаш тәні – тек оның жары көретін тылсым дүние емес пе?!
Әдетте, қазақтың ортаңқол тойына 100-150 адамның жиналатынын ескерсек, жалаңаш қыздың биіне тапсырыс берген той иесінің жерге қарап отырған азамат емес екенін аңғаруға болады. Ендеше, бұл тойда 300 адамнан кем болмағаны анық. Сонда тойда болып, осындай азғындықты көрген, ақылы бір ру елді асырауға жететін ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз, аналарымыз түк болмағандай, қалай шыдап отырды десеңізші?! Неткен сұмдық! Қасында жүрген балалары мен немерелерінің бетіне қалай қарады екен?! Міне, біздің осындай немқұрайдылығымыздың салдарынан қоғамымызда түрлі зұлымдықтар орын алып жатыр емес пе?!
Жалпы, біз қазақ қызық халықпыз. Әр нәрседе артық айтып, асыра сілтемесек жүре алмаймыз. Осыдан 4-5 жыл бұрын бір туысымыздың қыз ұзату тойында болдым. Барлығы тамаша, той өте жақсы өтті, бірақ сәнді өткен салтанаттың соңында күйеу жігіт қалыңдығын әкететін кезде керемет бір қимастық сезім шыңырау шегіне жететін сәтті той басқарып жүрген асаба жеңгеміз керемет бір трагедияға айналдырып жіберді ғой. Бейне бір, қалыңдықты өзі қалаған сүйген жарының емес, қас жауының қолына бергендей әсерде болдық. Ал одан кейін жастарға бата берген қария зарлағанда, қан майданға аттанып бара жатқан батыр қыздарымыз, апаларымыз Әлия мен Мәншүкке де ондай бата бермеген шығар деген ойға қалдым.
Осындай жан ауыртар жәйттер жанымызда күнделікті орын алып жатады. Осыдан біраз бұрын тағы сол ғаламторда тағы бір қазақ тойында шалбарын шешіп, дамбалмен билеп жүрген ел ағасы болатын жастағы азаматтарды көрсеткен бейнежазба шыққан еді. Ал рухани жұтаңдықтың, азғындықтың шыңырау шегі болып табылатын мына бейнежазба қоғамды, ұл-қыз тәрбиелеп отырған дұрыс ата-ананы бей-жай қалдырмауы керек.
Мұндай жәйттер тағы да орын алмасын десек, бүкіл қоғам, оның ішінде, қызын қадірлейтін қазақ қоғамы осындай ерсілікке, рухани ағындыққа, жұтаңдыққа тойтарыс беру керек. Бұл мәселені қоғам талқысына салып, әр қазақтың санасына жеткізген жөн. Сонда ғана өскелең ұрпағымызды арзан күлкіден, рухани азғындық пен жұтаңдықтан сақтай аламыз. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?