Қазақстанға әзірбайжан бензинін жеткізу жөніндегі ұзаққа созылған, әрі шытырман оқиға әйтеуір, аяқталды. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі біздің порталға ресми жауабын берді: «Келісімге қол қойылған жоқ. Жеткізілетін бензинге алдын ала төленген ақы қазақстандық тарапқа толық көлемде қайтарылуда. Одан әрі Әзірбайжанмен келіссөздер жүргізілмейді».
«ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясы уәде еткен әзірбайжандық бензин Қазақстанға ақыры жеткізілмеді. «Контрагент контрактіде көрсетілген мерзімде мұнай өнімдерін жеткізбеді. Осы мерзім аяқталған соң «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-сі төленген ақшаны (алдын ала төлем) қайтару жөніндегі жұмысты атқарды. Контрагент ақшалай қаржыны кері қайтарды», — деп атап өтті Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі Ресейден жеткілікті мөлшерде бензин жеткізілгендіктен, Әзірбайжаннан бензин жеткізу туралы қандай да бір келіссөз жүргізілмейтінін хабарлады: «Ресей Федерациясынан АИ-92 бензинін жеткізу бойынша қолданыстағы келісім бар екенін ескерсек, Әзірбайжаннан бензин жеткізудің қажеті жоқ. Әзірбайжан Республикасы мұнай өңдеу зауыттарынан бензин жеткізу жөнінде қосымша келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ».
Келісімшартты орындамағаны үшін айып төлемнің не төленгені, не төленбегені туралы Энергетика министрлігі хабарлаған жоқ.