Біздің тілшілеріміз алғашқы әскери дайындық сабағында граната жарылып, бір оқушы бойжеткен мерт болған Алматыдағы сән және дизайн колледжінің әскери жетекшісі Ғабит Қарабалаевтың ағасы Әзи Қарабалаевты тапқан еді. Әңгіме барысында Әзи Әбілжанұлы өздерінің отбасы, бауыры Ғабит және оның өмірі м ен отбасы туралы әңгімелеп берді.
— Әңгімемді бастаудан бұрын, мен граната жарылысынан қайғылы қазаға ұшыраған Светлана Яковлеваның отбасына көңіл айтқым келеді. Мен және менің отбасым сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, — дейді қажетті сөздерді әрең тапқан Әзи Қарабалаев.
Әзи Әбілжанұлының айтуынша, олар Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы екен. Әкелері көп жыл бойы ауыл шаруашылығында мал дәрігері қызметін атқарған. Аналары үй шаруасында болған, өйткені отбасында 8 ұл 4 қыз болғандықтан, балалардың тәрбиесімен айналысқан.
— Ата-анамыз бізге дұрыс тәрбие берді деп ойлаймын, барлығымыз білім алып, мамандық игердік, өмірден өз орнымызды таба білдік, — дейді Әзи Қарабалаев. — Бойымызды ішімдік, темекі сияқты заттардан аулақ ұстадық. Біздің отбасы жайында жағымды пікір қалыптасты. Біз де әке-шешемізді жерге қаратпауға тырыстық.
Ғабит отбасындағы алтыншы бала екен, 1985 жылы мектепті тәмәмдаған соң, ол Алматы облысының Есік қаласындағы педагогика колледжінің дене тәрбиесі бөлімшесіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң туған ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Әскери борышын өтеп қайтқан Ғабитті Қазалы аудандық әскери комиссариаты қызметке шақырып, Қырғыз КСР-інің Ош қаласына оқуға жібереді. Оқуын бітіріп, арнайы прапорщик әскери атағын алған Ғабитті Қазалы ауданы әскери комиссариаты әскерге шақырылушылармен жұмыс істейтін бөлімшенің бастығы лауазымына тағайындайды. Осы жерде ол табан аудармай 16 жыл қызмет етеді.
— Сыр өңірі экологиясының соншалықты жақсы емес екені көпшілікке белгілі, — дейді әңгімесін жалғастырған Әзи. — Соның салдарынан 3,5 жастағы бүлдіршінен айырылған бауырым Ғабит, қалған екі баласын аман-есен ер жеткізу үшін, 2006 жылы Алматыға қоныс аударады. Қазір ұлы Қуанышбек 25, ал қызы Гаухар 24 жаста.
Бұл жақта да Ғабитке өз орнын табу оңай болған жоқ — жалдамалы пәтерде тұруға тура келді. Қазалыдағы үйді сатудан түскен ақша тек жер телімін және аз-маз құрылыс материалдарын сатып алуға ғана жетті. Үй салу үшін ұстаздық жұмыстан уақытша бас тартуға тура келді. Сөйтіп, күзетшілік жұмысқа ауысты. Өйткені бір тәулік жұмыста болып, екі тәулік үйде болу құрылыс жүргізуге тиімді болды. Жұбайы Ғазиза да жұмысты қойып, үй шаруасымен және бала тәрбиесімен айналысуға мәжбүр болыпты.
— Ол тіпті, Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратында тіркеуде тұрды, өйткені жұмысқа тұрып, отбасын асырау керек болды, — дейді Әзи. — 2014 жылғы қыркүйекте бауырым сән және дизайн колледжіне әскери жетекші қызметіне ауысты. Бірақ Ғабиттің әскери жетекші болып жұмыс істеуге ынтасы болмады. Бірде маған теледидар мен түрлі таспаларға тапсырыс бергенін айтқаны еді. Ойы. сабақта атыс, жарылыс қаруларын қолданбай, көрнекі құралдары арқылы жүргізу болатын. Колледжде орын алған жарылыс, ақылға қонбайтын дүние. Өз басым, бауырымның гранатаның колледжде пайда болуына қатысты емес екеніне сенімдімін.
Әңгімесін ары қарай жалғастырған Әзи Әбілжанұлы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің алғашқы әскери дайындық пәнін мектеп бағдарламасынан алып тастау жөніндегі ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
— Егер гранатаның жарылатынын білгенде, Ғабит оны өз денесімен жауып, шәкірттерін қорғап қалатынына сенімдімін. Ол бала десе, жанын беретін азамат, — дейді әңгімесін аяқтаған Ғабит Қарабалаевтың ағасы Әзи.
http://youtu.be/r_hPfivpYrM