Қазақстандағы білім беру саласы сынға жиі алынады, бірақ нақты ұсыныс айтқан жүйелі сын — сирек кездеседі. Осы сұқбатта парламент мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева біздегі білім беру саласының осал тұстарын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды қалай түзеу қажеттігіне қатысты өзінің көзқарасын білдірді.
— Сіз отандық білім беру саласын реформалау мәселесін жиі көтересіз. Олардың ішіндегі өзекті мәселелердің бірі – оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету және оның тапшылығы. Қамтамасыз етудегі олқылықтардың себептері не? Сіздің пікіріңіз бойынша, Білім министрлігі бұл мәселені қалай шешуі керек?
— Оқулықпен толық және дер кезінде қамтамасыз ету мәселесі жылдан-жылға көтеріліп келеді, бірақ шешілер емес. Қазір қазан айының ортасында, бірінші тоқсан аяқталуға жақындағанда, әкімдіктердің есептерінде оқушылардың 97 пайызға жуығы оқулықпен қамтамасыз етілгені жетістік ретінде көрсетілуде. Ал бұл дегеніңіз, 90 мың оқушының ата-анасы баласына оқулықтарды өз қаржысына сатып әперді деген сөз. Бұл жерде әңгіме қолдан жасалған мәселе туралы емес, балалардың тегін білім алу құқығының бұзылуында, оның ішінде, тегін оқулық алу құқығы.
Бізге, депутаттарға, оқу жылы басталғанға дейін мектеп бағдарламасынан, оқулықтар тізімінен, оларды мектерге жеткізу кестесінен беймәлім болатын ата-аналар үнемі шағым айтады. Соның салдарынан жыл сайын кітапханалар мен кітап дүкендеріндегі ұзын-сонар кезектерді, дүрлікпе мен адамдардың ашу-ызасын көріп келеміз. Нәтижесінде, 20-25 мың теңге тұратын қажетті оқулықтар жиынтығын сатып алуды қалтасы көтермейтіндер санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін арзан көшірме оқулықтарды сатып алуға мәжбүр.
Сондықтан депутаттар Білім және ғылым министрлігі (БҒМ) істейтін жұмысты өздері толығымен атқарып, осы әдебиетті өндіру және тарату мәселелерін бүге-шегесіне дейін анықтады.
Әкімшілік реформалардың ең үлкен кемшілігі, ешкім еш нәрсеге жауап бермейтін басқаруды «орталықсыздандыру» мәселесіне тіреліп отыр. Оқулықпен қамтамасыз ету ісі бұл мәселені неғұрлым анық көрсетеді.
Барлық дайындау, өндіру және тарату процесі келесі жауапкершіліктер деңгейіне бөлінген: БҒМ пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар тізімін бекітеді, баспа оларды дайындайды, жалпы санын анықтайды және басып шығарады, ал жергілікті атқару органдары метептерге қажетті әдебиеттің санын анықтайды, сатып алуды қаржыландырады және оны мектептерге жеткізеді.
Олқылықтар барлық дерлік деңгейде орын алып отыр. БҒМ әдебиет тізімі туралы бұйрықты мамыр-маусым айларында шығарады. Тізім жыл сайын қайта қаралады(!). Мемлекеттік сатып алу және тағы басқалары сияқты түрлі бюрократиялық процедуралар уақытты талап етеді. Не баспа, не әкімдік үлгермейді, сөйтіп, барлық белгіленген мерзімдер бұзылады. Байқау процедуралары реттелмеген, ережелер нақты емес – кім төмен баға ұсынса, сол жеңімпаз атанады. Арзанға қызығу, түптеп келгенде, мемлекетті шығынға батыруда. Оқулықтарды жеткізу тапсырысына не тәжірибесі, не жұмыс істеуге қажетті қоры жоқ күмәнді компаниялар ие болуда.
Әкімдіктердің оқулықтар тапсырысын толық қаржыландырмауы әдеттегі іске айналып кетті. Тапсырыс көлемі мектептердің шынайы сұранысына жауап бермейді. Сонымен қатар көшіп-қону, тұрғындар санының табиғи өсімі, оқулықтардың ескіруі сияқты факторлар ескерілмейді.
Сұранысты есептеу әдістемесі жоқ және мектептердегі кітапхана қорын жаңартудың кезеңдері анықталмаған. Сондай-ақ есепке алу, орталықтандырылған статистика жоқ. Министрлікте мәліметтердің жалпы жиынтығы жоқ. Барлығы ретсіз, бетімен жіберілген. Нақты ереже жоқ, ешкімнен ешнәрсе сұрай алмайсың. Сондықтан шенеуніктер өздерінің олқылықтары үшін жеңіл-желпі «абыржумен» құтылады. Ал ата-аналар оқулықтарды отбасындағы шағын қаражаттың елеулі бөлігін жұмсай отырып, дүкендер мен базарларда жаға жырытысып жүріп, сатып алуға мәжбүр.
Ал тапсырыс көлемі өте ауқымды. Бізде «балама» оқулықтар деп аталатын қырсықты жүйе орын алған. Бұл жүйеге сәйкес, бір сыныпқа бір пән бойынша 5 оқулық басып шығарылады. Оқу процесінің мүддесі тұрғысынан, бұл жүйенің тиімділігі нөлге тең. Атап айтарлығы, орасан зор бюджеттік қаржы «игеріледі». Елімізде 2,6 миллионнан астам мектеп оқушысы болса, қандай цифрлар туралы әңгіме болатынын өздеріңіз ойлап көріңіз. Ал міндетті оқу әдебиетінің тізімінде, әрқайсысының құны 500-1000 теңге тұратын 1192 оқулық атауы бар. Егер әр сыныптағы оқулықтар жиынтығында 13-тен 18 оқулыққа дейін болса, онда, әлбетте, олардың бағасы 11-13 теңге шамасында болады. Бұл баспадағы өзіндік құн бойынша, ал нарықтық ортада бұл цифр екі немесе үш есе артады.
Депутаттар ең төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарт деңгейінде бір сыныпқа бір пәннен міндетті бір оқулықты бюджеттен қаржыландыруды қалдыру қажет дейді. Қалған «баламалы» оқулықтарды мұғалімдердің немесе оқушылардың қалауы бойынша факультатив ретінде қалдырған жөн. Атап айтарлығы, олар бюджеттен тыс қаржыға басылуға және кітапханаларда немесе арнайы дүкендерде қолжетімді болуға тиіс.
— БҒМ оқулықтарға қатысты қандай құзырға ие болуы тиіс? Оқушыларды оқулықтармен дер кезінде қамтамасыз етуге жауапты бола отырып, оны орындамағандардың жауапкершілігін қатайту қажет пе?
— Біз мемлекеттік органдар жұмысының барлық кезеңдеріндегі жүйелі іркілістерді көріп отырмыз. Депутаттар БҒМ-нан әкімдіктерге иек арта бермей, саладағы жағдайды өз бақылауына алуды талап етуде. Білім беру жүйесінің бүкіл нормативтік-құқықтық негізі қайта қарауды талап етеді. Қысқа мерзім ішінде барлық аймақтарға бірыңғай стандарттар, әдістемелер мен нормалар бекіту және олардың жергілікті жерлерде орындалуына қатаң бақылау орнату, сондай-ақ орындаушылардың жеке жауапкершілігін белгілеу қажет. Селқос, ұқыпсыз шенеуніктерге құр сөгіс жариялаумен шектелмей, оларды жауапты қызметтен аластатқан жөн. Сонымен қатар, салалық министрлікте аймақтардағы кадрларды орналастыруға ықпал етуге мүмкіндік беретін тетіктердің болуын қарастыру қажет.
Сондай-ақ оқу бағдарламаларын жаңарту кезеңділігі мен оқулықтарды басу және жеткізу жөніндегі жұмыстың кестесін қайта қарау қажет. Жаңа оқу жылына арналған оқулықтар мектепке 1-маусымға дейін толық көлемде жеткізілуге тиіс.
Оқулықтарды жеткізуді жергілікті органдарға сеніп, тапсыруға болмайды. Тәжірибе олардың бұл тапсырманы орындай алмайтынын көрсетіп отыр. Жеткізуді баспалардың өздері немесе «Қазпошта» сияқты жеткізудің тармақталған жүйесі бар, бірыңғай оператор жүзеге асыруы тиіс.
— Қазір мектеп оқулықтарының мазмұнын баспалардың өздері дайындайды. Баспаға оқулықтарды дайындауды сеніп тапсыру қажет пе?
— Оқулықтар сапасы бойынша мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар тарапынан көптеген кемшіліктер көрсетіліп, сын-ескертулер айтылуда. Осы тақырыптағы пікірталас көптеген жылдар бойы жалғасып келеді. Оқулықтарды дайындау олардың сапасы үшін қомақты қаржы төлеуге дайын емес баспаларға тапсырылған. Одан кейін олардың дайындағандары БҒМ-да сараптамадан өтеді, артынан мемлекет оның қажетті мөлшерін қаржыландырады және жылы сайын «авторлық құқыққа» қомақты қаржы төлейді.
Ең қарапайым және ең сорақы қателерді оқулықтарды қайта басып шығару үшін қасақана жібереді деген күдік бар. Әлбетте, мемлекеттік қазына есебінен. Өз тарапынан жіберілген қате кесірінен мемлекетке келтірілген зияны үшін ешбір баспахана жауапқа тартылған емес.
Бүкіл осы жүйе мемлекетке тиімсіз, күңгірт және сыбайлас жемқорлыққа толы. Міне, сондықтан депутаттар бірнеше жылдан бері осы саланы реформалауға қол жеткізе алмай келеді. «Май шелпектен» айырылғысы келмейтіндердің де қатары қалың сыңайлы.
Біз оқулықтар мазмұнын бәсекелес нарықтық ортаға сеніп, тапсыруға болмайтынына нанымдамыз. Өйткені бұл жерде әңгіме идеология, біздің азаматтардың көзқарасы, қазақстандықтардың бүкіл өміріне арналған негізгі білім қоржыны тұрғысында болып отыр. Мұндай тапсырманы тек мемлекет атынан әрекет ететін БҒМ орындай алады. Оның құрылымында Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы бар. Сол Академия ғылыми және педагогикалық ортадағы үздік мамандарды жинап, солардың алдына осы мәселені қоюға тиіс. Біз осы саладағы мемлекеттік монополияны қолдаймыз!
Баспаларға тек қажетті оқулықтарды басуды және таратуды тапсырған жөн.
Жағдай оңалмайынша, мәжіліс бұл мәселені қайта-қайта көтере береді. Оқу әдебиетінің сапасы жөніндегі пікірталасты жоспарлап қойдық. Атап айтарлығы, біз оның мектепке арналған нұсқасын ғана емес, сондай-ақ кәсіби-техникалық және жоғары білім берудің оқу әдебиетінің де сапасын талқылауды жоспарлап отырмыз.
— Соңғы кезде реформолаушы-министрлердің әрекеттері салдарынан қазақстандық оқушылар сынақ алаңына айналғандай. Мәселен, БҒМ басшысы Аслан Сәрінжіпов балалардың мектепке 6 жастан баруын қарастыратын өзінің жаңа реформасын енгізуге құлықты. Сіз осы жаңалықтарды қолдайсыз ба, әлде оған қарсысыз ба?
— Білім процесіндегі барлық реформалар сынақтан өткен, ғылыми тұрғыдан дәлелденген және негізделген болу керек. Физиолог ғалымдар мен гигиенашылар 7 жастағы балалар 6-жасар бүлдіршіндерден елеулі ерекшеленеді дейді. Ағзаның қарқынды дамуы 6-жасар бүлдіршінді түрлі жағымсыз әсерлеге сезімтал етеді, бұл көп ретте ағзадағы өзгерістерге әкеліп, сырқаттарға ұшырау қауіпін артырады. Сондықтан 6-жасарларды оқыту кезіндегі оқу-тәрбие процесінің өзіндік ерекшеліктер болады. Осы факторлардың барлығын ескеріп, есепке алып отыру қажет. Кешенді медициналық-санитарлық, құқықтық, экономикалық сынақ сараптамалары дайын болмай, заңдылыққа өзгеріс енгізудің қажеті жоқ.
Реформа кезекті науқаншылыққа айналмауға тиіс.
Бүгінде «реформа» деген сөз қоғамда жағымсыз көңіл-күй мен сенімсіздік тудырады. Білім беру саласындағы бірде бір реформа аяғына дейін жеткізілмеді, ал мемлекет қаржысын жетесіз және тиімсіз жұмсағандар ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ.
Латынның “рекомендация” деген сөзі жағымды пікір, кеңес деген мағынаны білдіреді. Үкімет парламент депутаттарының ұсынысын осындай латын мәнерінде қабылдайды. Ал біздің күнделікті тіршілігімізден беймәлім және оны білуге құлықтылық танытпайтын көптеген халықаралық ұйымдардың ұсыныс-кеңестерін еш нәрсеге қарамастан орындайтын міндеттеме, нұсқау ретінде қабылдайды. Бұл біз үшін үлкен жұмбақ.
Бүгінгі кемелденген әлемде Болон конвенциясының талаптарына көзқарас біркелкі емес. Заманауи әлемде барлығы тез өзгереді: кеше жақсы болған дүние – бүгін іске жарамайды. Халықтың қартаюы және жұмыс қолдарының жетіспеушілігі көптеген елдерді орта білім мәселесіне жаңа тұрғыдан қарауға мәжбүр етуде. Біз орта мектептегі оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігі туралы әңгімелерді де естіп жүрміз.
Алайда біз әлі серпінмен өзектілігін жоғалтқан дүниелерді дәріптейміз. Сондықтан, біздің ойымызша, қазір бұл мәселеде асығыстық танытудың қажеті шамалы. Бізде әлі 11 жылдықпен бәрі орныққан жоқ. Әлі күнге дейін білікті педагогикалық мамандар, оқушы орындарының тапшылығы бар. Мектептердің материалық-техникалық жарақтандырылуы, оқыту сапасы мәз емес. Бізде әлі балалардың 40 пайызы, әйтеуір, білім беретін шағын жиынтықты мектептерде отыр. Мектептердің басым көпшілігінде әлі күнге дейін интернетке қосылу және электрондық білім беру мүмкіндігі жоқ. Міне, осы мәселелерді министрлік қазіргі кезеңде шешуі тиіс.
12 жылдық білім беру жүйесін енгізу, мектептердегі оқушылар орнын және мұғалімдер санын арттыру, қосымша бағдарламаны және оқу-әдістемелік әдебиетті және т.б. дайындау деген сөз. Бұл нәтижесі бұлыңғыр елеулі қосымша шығындарға жетелейді.
Қазір дағдарыс, экономикалық қиындықтар, мұнай бағасының құлдырауы және шығындарды қысқарту мүмкіндігі туралы көп айтылуда. Соған қарамастан, біз азаматтардың білімі мен денсаулығынан үнемдеуге жол беруге болмайды деген нанымдамыз. Алайда бұл — осы ұстанымды теріс пайдаланып, халық қаржысын жетесіз шашу деген сөз емес.