«Табиғатты аялап, болашақ ұрпаққа мұраға қалдырайық», деген аталы сөздің өзектілігі күн сайын арта түсуде. Атап айтарлығы, ол, тіпті, сұғанақ, қаскөй аңшылардың көбеюі салдарынан орын алып отырған жоқ. Болашақта елімізде аулайтын балық, ататын аң қалмайтын сыңайлы. Қапшағай су қоймасындағы кәсіби балықшылар «егер бұрын бір түнде 25 метрлік ауға бір қап балық түссе, қазір сол бір қап балық үш километрлік ауға әрең түседі», деп кеиді. Біртіндеп дала аруы атанған елік, марал, қоян, қабандар жоғалып барады. Жергілікті тұрғындар оларды балаларына, көп ретте, бір ғажайып дүние ретінде көрсетеді.
Республикалық «Браконьер» жедел алдын алу шараларының қазанның ортасында аяқталғанына қарамастан табиғат қорғау полициясы Алматы облысының аңшылары мен балықшылары таңдаған жерлердегі апта сайынғы рейдтерін жалғастыруда. Осындай әр сапар аймақ фаунасына үлкен қауіп төніп тұрғанын дәлелдей түсетіндей.
Далада келе жатқан жол талғамайтын автомашинаны көрген, қолына дүрбі ұстап, камуфляж киген адам «УАЗ — Патриот» машинасынан секіріп түсіп, екі инспектор мен жүргізушіге қысқа бұйрық беруі мұң екен, екі джип орнынан ытқи жөнелді. Бірнеше минут селкілдіктен кейін біз үш ер адам мен аңшылыққа қажетті құралдар тиелген машина тұрған, оның қасында шәуілдеп, спаниель жүгіріп жүрген алаңқайға шықтық.
Елді мекеннен алыс далада полицияның кездейсоқ пайда болуы аңшыларды таң қалдырса да, олар сыр бермей, сабыр сақтауға тырысты. Бір-екі минуттық тілдесуден кейін ауа райының аяқ астынан бұзылуы салдарынан аңшылардың жолы болмағаны белгілі болды. Солай болса да тәртіп сақшылары қару мен оның құжаттарын тексере бастады.
— Аңшылыққа лицензияларыңыз бар ма? – деп сұрады инспекторлардың бірі.
– Қайдағы лицензия? Біз еш нәрсе атып алған жоқпыз ғой.
– Бірақ ол бәрібір болу керек қой, – дейді бой бермеген полицей.
– Біз оны егерьге қалдырып кеттік, – деді кішкене кібіртіктеуден кейін, есін жиған жігіт ағасы, шамасы, ол араларындағы тәжірибесі молдау аңшы болса керек.
– Қай егерьге? Аты кім оның? – дейді сұрақтарын жаудыра түскен инспектор.
– Ерболға.
– Фамилиясы кім оның?
– Білмеймін.
– Бірақ лицензияда фамилиясы көрсетілуі керек қой.
Өздерін алдарқатып тұрғанын түсінген екінші инспектор машинаны қарауға дайындауды өтініп, орын алған үнсіздікті бұзды. Жігіттер шынын айтыпты. Машинадан атылған аң, құс табылмады.
— Тәртіп бұзушылық бар, – дейді Алматы облысы Ішкі істер департаменті табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы Бүркітбек Даданбеков. – Біріншіден, аңшылыққа рұқсат беретін құжаттар жоқ. Екіншіден, аңшылық иттің арнайы төлқұжаты жоқ. Бірақ бұл ұсақ тәртіп бұзушылық болғандықтан ескертумен шектелдік. Егер машинадан атылған құс немесе аң табылғанда, әңгіме басқаша болып, жазаға тартушы едік.
Кезекті рет даладағы жолға түскен полицейлер Қапшағай су қоймасына қарай беттеген машинаның жаңа түскен іздерін байқады. Дәл осы шағын Шелек қалашығының маңында Іле өзені Қапшағайға құяды. Осы жерден сонау Қытаймен шекараға дейінгі аймақта жылдың кез-келген мезгілінде балық аулауға тыйым салынады.
— Бұл балық уылдырықтанатын жер. Өзен су қоймасына құятын саяз жер, көктемде балық дәл осы маңға уылдырық шашуға шығады. Сондықтан мұнда жыл бойы балық аулауға тыйым салынады, – дейді Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы табиғатты қорғау полициясының инспекторы Мақсат Кәрібаев. – Соңғы жылдары тағы бір қиындық пайда болды. Трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы халықаралық заңдылыққа қарамастан Қытай тарапы суды өздеріне тиесілі мөлшерден артық алуда, соның салдарынан бізде өзен таязданып барады. Соңғы екі жыл ішінде су, шамамен екі-екі жарым шақырымға дейін тартылды. Яғни, біз тұрған жерде судың тереңдігі екі жарым метр болу керек. Міне, енді ойлап қараңыз, көктемде балық мұнда келіп, уылдырық шашады, ал біраз уақыттан кейін көршілеріміз өзенді жартылай жабады да, бізде таяздану басталып, бүкіл уылдырық өледі.
Табиғат қорғау инспекторлары қателеспепті. Жағада, дәл тыйым салынған аймаққа УАЗ автомашинасымен келген төрт балықшы орын теуіпті. Қоңыраулары сылдырлап, желден иілген оншақты қармақты суға салып та үлгеріпті.
— Біз осы жаңа ғана келдік. Біраз бой жазып, демалып, балық ауласақ деп едік, – дейді балықшылардың бірі.
– Ал сіз бұл учаскеде жыл бойы кез-келген құралмен балық ұстауға тыйым салынғанын білесіз бе? Бұл уылдырық шашатын аймақ, – деді қызығушылық танытқан Бүркітбек Даданбеков.
– Біз енді. Ау құрып жатқан жоқпыз ғой, жәй, қармақты ермек қылып отырмыз. Басқалары бұл жерде балықты аумен ұстайды, – деді ақталмақшы болған жігіттердің бері.
– Кім ау құрды, көрсетіңізші, – дейді әңгімесін жалғастырған полицей. – Қызық адамсыздар. Анау ау құрады, деп әңгімені бірден басқа жаққа аударуға тырысасыңдар. Әркім өзінен бастау керек. Бұл жерде аулауға ыйым салына ма – аулама. Қоқыс лақтыруға болмай ма — лақтырма, жинап, өзіңмен бірге алып кет. Өзіңіз тәртіп бұзғанда әңгімені басқаларға аудармаңыз, олардың қандай қатысы бар? Біреуді қаралап, өзіңізді ақтаудың қажеті жоқ Тағы қайталап айтамын, әркім өзінен бастау керек.
Әңгіме ауаны достық жағдайында болып, дауға жетпесе де, полицейлер құқық бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырып, олардан қармақтарын жинап, балық аулаған жерден кетуді талап етті.
— Әрине, бұл ең сорақы тәртіп бұзушылық емес, – дейді мәселені түсіндірген Бүркітбек Даданбеков. – Ел арасында «электриктер» деп аталатындар табиғатқа орасан зор зиян келтіреді. Олар — балық аулағанда «электр қармағын» пайдаланатын браконьерлер. Көп ретте, су түбінен ірі балықтар жиналатын шұңқырларды тауып, суға электр қуатын қосады. Соның салдарынан ондаған метр радиустағы балық өледі. Әсіресе, ірі балықтар қатты зардап шегеді, өйткені олардың денесі үлкен болғандықтан, олар ұсақ балыққа қарағанда, сумен көп жанасады. Браконьерлер олардың біраз бөлігін жинап алады, ал қалғаны бекер өліп қалады. Егер су бетінде қалықтап жүрген шағаланы немесе жағада жүрген жыртқыш аңды көрсеңіз, олар «электриктерден» кейін өлген балықты жинап жүр деп білесіз.
Браконьерліктің тағы бір түрін — балықты қармақбаудан жасалған аумен ұстауды да адамгершілікке жатады деп айтуға болмас. Бағасының арзан болуына байланысты браконьерлер оларды көп ретте бір-екі реттен артық пайдаланбайды: олардың шырмауын тарқатудан гөрі тастай салған оңай. Сөйтіп, шірімейтін ауды суға тастап кете береді, ал ол тек балықты ғана өлтірмейді. Көп ретте, осындай ауға құс және ондатр түсіп, өліп жатады.
— Мұндай ауларға бізде толық тыйым салынған, – дейді мәселенің мән-жайын түсіндірген полковник Даданбеков. – Соған қарамастан, осындай ауларды пайдалану жиілеп барады, өйткені олар өте арзан. Мәселен, 100 метрінің бағасы бір мың теңгенің төңірегінде. Олай болса, кім оны кім әуреленіп, жазып жатады? Қазір Балқаш тартылды, жағаны қарасаңыз, браконьерлер қараусыз тастаған осындай аулар
жүздеген километрге созылып жатыр.
Егер заңсыз аңшылық бойынша бәрі анық болса: лицензияң болмаған, қызыл кітапқа енген аңды атып алған немесе аңшылыққа тыйым салынған кезде табиғат қорғау полициясының құрығына ілінген жағдайда, саған айыппұл салынып, немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болсаң, судағы браконьерлердің жөні мүлдем бөлек. Бүгінде балықтың заңсыз немесе тыйым салынған құралдармен ауланғанын дәлелдеу мүлдем мүмкін емес. Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий браконьерлерге жақсы болды.
Қазіргі қолданыстағы заңдарға сәйкес, балықты тасымалдау кезінде жеке кәсіпкерге ешқандай жүкқұжаттың қажеті жоқ екен. Яғни, балықтың заңсыз ауланғанын дәлелдеу мүмкін емес. Әдетте, құрықталғандар мұндай жағдайда келесідей уәж айтады: «Мен кәсіпкермін. Жағалаумен келе жатыр едім, бір ер адам арзан бағамен балық сатып алу туралы ұсыныс жасады, мен келісіп, сатып алдым. Ал оның балықты қалай аулағаны маған беймәлім». Егер балық аулайтын құралды таппасаң, мұндай адамды жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Ал браконьерлер оларды өздерімен алып жүрмей, жағалаудың маңына тығып қойғанды жөн көреді.
Табиғатты қорғау туралы заңдылықтан кәсіпкерлерден жүкқұжаттары мен басқа рұқсат қағаздардың болуын талап ететін тармақтың қалай алынып тасталғаны белгісіз. Сондай-ақ мәселе бірнеше дүркін көтерілсе де, заң шығарушылардың оны назарға ілмей отырғаны да түсініксіз.
— Осындай қиындықтарға қарамастан, биылғы жылы атқарылған жұмысымыздың көрсеткіштері жаман емес, – дейді Бүркітбек Даданбеков. – Бірталай құрықтаулар болды, оның ішінде, қызыл кітапқа енген жануарларға аңшылық жасағандар да бар. Алдымызда желтоқсан айының басынан сонау жаңа жылдық мерекеге дейін жалғасатын қылқан жапырақты ағаштардың жас талдарын отауға жол бермеу бойынша атқарылатын жұмыс науқаны тұр.
Үстіміздегі жылғы 9 айда Алматы облысы ішкі істер департаменті табиғатты қорғау полициясының бөлімшесі табиғатты қорғау заңдылығын бұзуға қатысты 870-тен астам факті анықтады. 73 факті бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қалғандары бойынша, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылардан заңсыз ауланған 4 тона балық, заңсыз аулаудың 115 құралы және заңсыз оталған 150 текше метр ағаш тәркіленді.
[gallery ids=»50911,50912,50909,50910,50908,50905,50906,50907,50904,50903,50902,50901,50900,50898,50899,50896,50897,50895,50893,50894,50892,50889,50890,50891,50887,50888,50886,50885,50883,50884,50882″]
http://youtu.be/s848LcgBsfM