Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Құлмұрзин 365info.kz медиа порталына берген сұқбатында мұнай компанияларының қандай акциздер төлейтіні, жанармайдың ішкі бағасын жоғары қарай не итеретіні және шенеуніктердің жанармай квотасын бөлгенде нені басшылыққа алатыны туралы әңгімелейді.
– Жанармай нарығындағы ең үлкен құпия – ол баға белгілеу. Біздің бензиннің бағасы неден тұратыны туралы айтып берсеңіз…
– Бәрі өте қарапайым. Жанармайдың нарықтық бағасы бірнеше құрамдас бөліктен тұрады: өндіру, тасымалдау, өңдеу, бөлшек сауда үстемесі, салықтар.
– Бағаның құрылымдануындағы мұнай өндіруші компаниядан тұтынушыға дейінгі тізбекті біз басынан аяғына дейін қарап шыға аламыз ба?
– Бізде мемлекеттік реттеу белгілеген мұнай өнімдерінің ішкі бағаларын есептеудің әдістемесі бар. Жанар-жағармайды бөлшектеп сату бағасының шекті мөлшерін реттейтін формула мұнайдың әлемдік бағаларына байланған.
– Егер бөлшек сауда нарығында сіздердің формулаларыңыз жұмыс істесе, көтерме саудадағы жағдай күрделірек. Қазақстандық жанармай ассоциациясы көтерме саудамен айналысатындарды бағаны көтергені үшін бірнеше рет айыптап, олардың бағасымен жанармай сатудың тиімді емес екенін жеткізген болатын. Неліктен мемлекет тек бөлшек сададағы бағаны реттеп, көтерме саудамен айналысатындарды бетімен жіберген, ал олар бағаны өз қалауы бойынша «реттейді»?
– Бүгінде біз импортқа тәуелді елміз. Қазір еліміздегі автомобильдер жылына үш миллион тонна бензин жағады. Екі миллионды еліміздің зауыттары өндіреді. Бірден айтайын: үш зауыт та толық қуатымен жұмыс істейді, бірақ олар жанар-жағар майдың ішкі қажеттілігінің тек 70 пайызын ғана береді. Сондықтан тағы бір миллион тоннаны сырттан әкелуге мәжбүрміз. Бізден бензинді неге көп ретте Ресейден сатып аласыздар деп жиі сұрайды, оның жауабы қарапайым: бізге бензинді Ресейден сатып алған тиімді, өйткені шекаралас болғандықтан жанармайды жеткізу жеңіл және шекарамыз шексіз созылып жатқандықтан тауар айналымымызда орасан зор.
– Қытай да бізден алыс емес қой.
– 2014 жылы толлингтік операциялар шеңберінде бізге Қытайдан 200 мың тонна жоғары октанды бензин жеткізілді. Енді қараңыз, Қытайда бензин Ресейдегі сияқты Қазақстандағыдан қымбат.
– Сонда Сіздер қымбатқа сатып алып, арзанға сатасыздар ма?
– Иә, солай болып отыр. Айтыңызшы, осындай жағдайда бензиннің көтерме сауда бағасын реттеуге бола ма?
– Мемлекет реттемейтін АИ-95 бензинінің бағасы неден құралады? Желіде Ресейдегі бензиннің бөлшек саудадағы бағасының қалай құралатынын көрсететін диаграммалар жетіп артылады. Біз сізбен қазір соларға ұқсас бір нәрсе сала аламыз ба?
– Қазір біз министрдің нұсқауына сәйкес, осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бензиннің бағасы неден тұрады, деген сұраққа жауап беру үшін бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысы қажет. Біз тиісті есептеулер алу үшін ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа, қаржы министрі Бахыт Сұлтановқа, Кеден комитетіне, Салық комитетіне өтініш хаттар жолдауымыз қажет… Олардың әрқайсысы өзіне тиісті бөлік бойынша ақпарат береді.
– Қазірге дейін оны неге істемедіңіздер?
– Әркім өз ісімен айналысады. Сіз менің құзыретімдегі мәселелер бойынша жауап алдыз.
– Қазақстанда мұнай өндіру қанша тұрады?
– Мұнай өндіру компаниялары шығынының құрылымы қатты ерекшеленеді, сондықтан өзіндік құнның айырмашылығы елеулі болуы мүмкін. Баға өңдеудің тереңдігіне, мұнай өңдеу зауытына дейінгі тасымалдаудың өзіндік құнына және басқаларына тәуелді.
– Сіз нақты цифрды немесе «осыдан осығанға дейін» деген шаманы айта аласыз ба?
– Жоқ.
– Бұл құпия ақпарат па, әлде бұл үшін де ондаған мемлекеттік органның жұмысы қажет пе?
– Бұл саладағы кәсіби маман сізге еншқашан нақты цифрды айтпайды, өйткені ол жоқ. Ал шама өте ауқымды. Мұнай кеніштерінің барлығы бірдей жағдайда емес, кейбіреулері қолайлы жерде орналасқан. Жалпы, мұнай өндірісінің құнына көптеген факторлар әсер етеді.
– Ресейлік бензині бағасының 70 пайызын салықтар, акциздер және тағы басқалары құрайды. Ал Қазақстанда ше?
– Қазақстандағы бензин акцизінің шамасы ресми жарияланады: ол бір тоннаға 5 мың теңге сомасында белгіленген. Оның 4500 теңгесін көтерме саудамен айналысатындар төлесе, 500 теңгені бөлшек саудадағылар төлейді.
– Мұнайдың пайдасын бәрі көріп жатыр: мемлекет те, көтерме саудамен айналысатындар да, зауыттар да… Атап айтарлығы, мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) жаппай модернизациялауға орасан зор қаржыны талап етеді, түптеп келгенде, ол шығын автокөлік иелерінің мойынына түседі.
– Үш зауытты модернизациялау 4,5 миллиард доллар сомасындағы инвестицияны талап етті. Бұл қомақты сома. Бұл ақшаны бір жерден алып, құю қажет, ал ол өзін тек өңдеу құнын көтергенде ғана ақтайды. Зауыттарды қайта құрылымдау 2016 жылы аяқталады. Жалпы өндіріс көлемінің өсуі болжалануда, шикізатты өңдеу тереңдігі де артады. Яғни, зауыттар Евро-4 және Евро-5 стандартарына сәйкес келетін жанармай шығыратын болады. Бірақ қайта құрылымдаудан кейін, жобаның өзін өзін ақтау мақсатында, мұнайды өңдеу құны, кем дегенде, 40-50 пайызға арту керек.
Осы орайда, қайта құрылымдаудың арқасында шикізатты өңдеу тереңдігінің артатынын да айту керек. Яғни, мұнайдан шығатын бензин көрсеткіші де, өндіріс тиімділігі де артады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты модернизацияланғаннан кейін неғұрлым терең өңдеу есебінен шығарылатын бензин көлемінің елеулі өсуімен қатар, қосылған құны жоғары бензол, параксилол сияқты жоғары технологиялық өнімдер өндіреді.
– Барлығы мұнай өндіруді керемет табысты өндіріс деп есептейді. Айтыңызшы, қайта өңдеудің өзіндік құны туралы ақпарат та өндірістің құнындай жария етілмей ме?
– Біздің зауыттар керемет табысты өндіріс бола алмайды. Қазіргі таңда 1 тонна мұнайды қайта өңдеудің құны бар-жоғы 60-75 долларды құрайды. Бұл өзіндік құнға еңбекақы, салықтар, мұнайдың шығындары, өндіріс шығындарының циклы, ағымдағы үстеме шығындар, зауыт шаруашылығын ұстау, коммуналдық шығындар кіреді. Міне ол ақша, жалпы алғанда осыған жұмсалады. Біздің зауыттар диірмен сияқты әрқашан тек өңдеумен айналысты.
– Яғни, мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігі нөлге тең ғой?
– Бұл қызметті мемлекет, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА), бүгінгі табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) реттейді. Зауыттар әр тиын үшін есеп береді. Онда өте төмен тиімділік деңгейі белгіленген. Атап айтарлығы, МӨЗ-дер өз бетімен өз қызметтерінің құнын бір теңгеге де көтере алмайды. Барлығын ТМРА-ның қоғамдық тыңдауларында дәлелдеу қажет.
Модернизация қажеттігін дәлелдеу үшін, зауыттар жобалау-сметалық құжаттаманы дайындады, оны бас компания деңгейінде қорғады, одан кейін үкімет деңгейінде оны Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енгізеді. Міне, осыдан кейін ТМРА оған құлақ аса бастады.