Бағалаушылардың республикалық палатасы президиумы төрағасының орынбасары Александр Калинин мемлекет меншігіндегі 853 нысанды жеке меншікке беруді көздеп отырған жекешелендіру бойынша түсініктеме берді.
– Мемлекет қазіргі таңда ауыртпалық түсіріп отырған активтерден арылуға талпынып отыр, – деп қысқа қайырды сарапшы.
– Шынымен бе? Құсайынов жеке меншікке «коммерцияға бағдарланған, рентабельді кәсіпорындар», яғни, мемлекет меншігінде қалған үздік кәсіпорындар беріледі деген еді ғой.
– Бұл жерде бір нәрсені нақты түсінген жөн, қазіргі кезде тартымды, тиімділігі жоғары активті кім сатады? Шындап келгенде, ондай активтер жоқтың қасы, жақсыларын баяғыда жеке меншікке өткізіп жіберген. Егер нақты табыс беретін кәсіпорындарға келетін болсақ, олардың тек мемлекет иелігіндегі үлесі, яғни, 10-15 пайызы сатылады. Егер осы үлесті сатып алсаңыз, сіздің дивиденд алатыныңызға, оның үстіне, кәсіпорынды басқаруға қатысатыныңызға ешкім кепілдік бермейді.
– Мемлекет – тиімсіз меншік иесі, оны әлемдік тәжірибе де дәлелдеп отыр.
– Мен мемлекеттік меншікке негізделген тиімді экономика мысалын келтіре аламын.
– Кеңестер Одағы ма?
– Қытай, Малайзия, Сингапур… Қытай басқа жолды таңдады – онда мемлекеттік меншік жеке меншікпен ұштасқан, нәтижесінде, ел жыл сайын ІЖӨ-ні 15-16 пайызға арттырып отыр. Ал бізде ол, ары кеткенде, 5-6 пайыз өседі. Тағы бір мысал – Ливия. Оларда, тіпті, жартылай коммунизм болған. ҚазМУ-да шетелдік студенттер бойынша декан болып жұмыс істедім, онда ливиялық жастар оқыған еді. Олар өз мемлекетінен ай сайын 300 доллар сомасында стипендия алатын. Ал біз оларға 90 сом төлейтінбіз.
– Осы жекешелендіруге байланысты түбегейлі мәселе туындап отыр: қайсысы жақсы – мемлекеттік экономика ма әлде нарықтық экономика ма?
– Мен аралас экономиканы қолдаймын. Қазір ол бізде мемлекеттік-жеке меншіктік серіктестік деген сәнді сөзбен аталады. Жеке меншікке өткізу – мәжбүрлі шара. Ал оның, атап айтқанда, жешелендірілетін нысанмен қалай жүзеге асатыны, бөлек дүние.
– Ал ол қалай жүзеге асады?
– Қазіргі жекешелендірудің ерекшелігі — онымен қатар капиталды жария ету жүріп жатыр. Олар кездейсоқ қатар келді ме? Кез келген жария ету, ол мемлекеттің тиімді бақылауды ұйымдастыра алмауын мойындауы болып табылады. Жекешелендірудің екінші толқыны — мемлекеттік меншікті бүгін оны басқарып отырғандардың қолына беру, былайша айтқанда, «нені күзетсең, соған ие боласың». Жекешелендіру үдерісінің өзі күңгірт, айқын емес. Жақында «коммуналдық меншікте, холдингтер мен ұлттық компаниялардың меншігінде болған, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам 28 нысан жекешелендірілді», деп жәриялады. Сіздің таныстарыңыздың біреуі біле ме, нені, кімге және қандай бағамен сатқанын?
– Ал сіз білесіз бе? Мүмкін, халықтың көзін ашарсыз, осы келісімдерден мемлекет табыс тапты ма, әлде, әдеттегідей, есесін жіберіп алджы ма?
– Мен де білмеймін. Бірақ шенеуніктердің сөзіне сенсек, барлығы «мейілінше айқын» жүзеге асырылуда. Бірақ әркім мемлекеттік меншікті кімнің «тиімді» сатып алып жатқанын жақсы түсінеді. «Қазақфильм» немесе Неке сарайын сатып алуға мүдделі адамдардың шеңбері өте тар. Жалпы, бізде барлығы ерекше «инвестицияланады». Алдымен ақша елімізден оффшорлық компанияға шығарылады, артынан шетелдік инвестор кейіпімен кері қайтарылады. Ал шындап келгенде, ол қазақстандық ақша. Оффшордың тартымдылығы – меншік иесі белгісіз. Мұнай саласында қаншама осындай нұсқалар болды, жапондық ақсақалды алып келіп, «міне, мынау инвестор» деп көрсетеді. Ал оның қалтасында шетелдік төлқұжаттан басқа түгі де жоқ.
– «Қазақфильмді» «рентабельді емес өндіріс» депайтуға болмас, керемет қолайлы жер…
– Халық содан қорқады, жешелендіріп, одан кейін оның аумағының бір бөлігіне «Қазақфильм-2» элиталық тұрғын үй кешенін немесе тағы бір сауда орталығын салады. Біз 90-жылдары бәз біреулер АЗТМ, «Мерей», «АДК», «АХБК» сияқты басқа нысандарды мардымсыз бағаға сатып алған кезде жекешелендірудің не екенін түсінбедік.
– Алайда бүгін жекешелендірілген кәсіпорындар кәсіп бағытын өзгертпейді деп отыр ғой…
– Ал жекешелендіру келісімін кім көрді? Онда шынымен сондай тармақ бар ма? Қазір бізге басталған жекешелендіру нәтижесінде жоспарланғаннан көп қаржы алынды деп жатыр. Ал қанша қаржы алу жоспарланған еді? Сатылатын нысандарды кім бағалады? Егер баланстық құнымен жекешелендірсе, онда баланс – активтер құны: жер, ғимараттар, құрал-жабдықтар. Ешкім сатып алмаса, қалдық құнымен немесе бағасы төмендетілетін аукцион арқылы сатылады. Кәсіпорынды сату үшін алдымен оны қарызға батырып, құнын түсіреді, ал реті келсе, банкрот етеді. Өйткені, егер кәсіпорын рентабельді болса, оның кірісін, табыстылығын есептеу қажет. Әлеуетті сатып алушылар оған мүдделі емес. Ақшалай жекешелендіру – белгілі жеңілдікпен өткізілетін жаппай сатылым. Жекешелендіру мен нарықтық баға ұғымдары бір біріне сәйкес келмейді. Ол мүмкін емес. Нарықтық бағамен өткізу – қарапайым сату. Дәл солай, алып-қосары жоқ. Ал қазіргі жекешелендіру мүлдем бөлек сипатта: мемлекет бизнеске келесі мәселелерді меңзейді: активтерді сатып алыңдар және еңбекақы, медицина, білім беру, зейнетақы және салық мәселелерін шешіңдер. Сондай-ақ басқарушылық реформалауды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметпен қош айтысқан шенеуніктерді ұмытпай, қызметке алыңдар!