Қазақ футболында ақша деген шаш-етектен асады. Премьер-лигадағы ортаңқол клубтардың орташа бюджеті бүгінде миллиард теңгеден асады. Ал енді бес-он жылдан кейін бүгінгі «шеберлердің» орнын басатын өрендерді дайындауға қанша ақша бөлінеді? Көп емес. Жақында алматылық «Енбек» балалар футбол клубы келеңсіз жағдайға тап болды. Іле-Алатау саябағының аумағымен жүгіріп өткені үшін балғын футболшылардан ақша талап еткен. Сөйтіп, жаттығу үшін команда 8000 теңге төлеуге мәжбүр болды.
– Біз, тіпті есеңгіреп қалдық, – дейді «Еңбектің» бапкері Александр Кузнецов. – Орташа биіктіктегі тау жағдайында спортшылардың кросс жүгіруі әдеттегі іс. Саябақтардың аумағындағы ауа таза және ол жерде көлік те жүрмейді. Бұл жолы біз Навои көшесімен жоғары қарай жүгірген едік. Алайда бақылау-өткізу бекетінде бізді тосын сый күтіп тұрды: одан әрі өту үшін біз әр адамға 385 теңгеден төлеуге мәжбүр болдық! Не үшін? Біз демалуға келген жоқпыз ғой. Бізге екі чек берді – біреуі 185 теңгеге болса, екіншісі 200 теңгеге. Олардағы көрсетілген уақыт біз болған уақытпен сәйкес келмейді. Мен бұл неге солай деп сұрағанымда, маған телефон нөмірін берді, бірақ сол нөмірге телефон шалғанымда ешкім жауап бермеді.
— Сіз жағдайға жақсы қанықсыз ғой, Қазақстандағы балалар футболының ахуалы қандай?
– Ол бір сұмдық. Мен көптеген Еуропа елдерінде болдым, футболдың қалай дамып жатқанын көрдім. Мәселен, бельгиялықтарды алайық. Әлем чемпионатында олардың командасы ең бай командалардың бірі болды – ойыншылардың трансферлік құнын айтқанда. Бұл жерде іс мынаған байланысты: кезінде олар екі маңызды шешім қабылдады. Футбол алаңдарын балалар үшін қолжетімді етті және бапкер болғысы келетіндердің курстарда тегін оқытылатынын жариялады. Ал бізде бәріне төлеу керек. Орталық стадион маңындағы алаңда жүгіргің келе ме? Сағатына 10 мың теңге төле. «Нархоздың» алаңында матч өткізгің келе ме? Ол жердің бағасы қымбаттау – 20 мың теңге. Енді ойлап қараңызшы, бізде қала біріншілігі өтіп жатыр делік, ал «Еңбекте» түрлі жас шамасындағы бес команда бар. Біз алаң иесі ретінде қарсыластарымызды «өз алаңымызда», яғни, жалға алып отырған алаңда қабылдауымыз керек. Сонда алаң үшін біз апта сайын кем дегенде, 50 мың теңге төлеуіміз керек. Ал одан бөлек біз жаттығуымыз бар, ойнауымыз керек, халықаралық турнирлерге барамыз. Клуб жұмыс істеп келе жатқан 8 жылда біз Алматы қаласының спорт басқармасынан, басқа түгілі, бір доп та алған емеспіз. Барлығы ата-аналар есебінен атқарылып жатыр. Мен оларға балаларының денсаулығына сонша қаржы жұмсауға мүмкіншілік тауып отырғандарына алғыс білдіремін. Бірақ елімізде балалар футболға ақылы негізде қабылдануда, ал бұл ата-анасы ақы төлей алмайтын балаларды футболдан аластатуда. Ал бұл дұрыс емес.
— Қазақстанның премьер-лигасындағы ойыншалардың үштен бір бөлігі осыдан біраз бұрын басқа елдердің азаматтары болып келген еді, енді аяқ астынан қазақстандық болып шыға келді. Клубтардың басшылары бізде дарынды ойыншылар жоқ деп ойлайтын сыңайлы.
– Әрине, олай емес. Мен біраз жылдан бері балалармен жұмыс істеп келемін, дарынды балалардың бар екенін көріп жүрмін. Біздің балалардың еуропалық құрдастарынан еш жері кем емес. Тек ол жақта балалар мен бапкерлердің еш нәрсеге басы ауырмайды — онда барлығы қарастырылып қойылған. Қаржыландыру да, киім, доптармен және тағы басқаларымен қамтамасыз етілген. Ал бізде ше? Балалар футболына қолдау көрсетіледі дейді. Білесіз бе, осыны айтқан шенеуніктің Алматыға келуіне ұшаққа билет сатып әперуге дайынмын. Бұл жерде мен оған «лимузинді» жалға алып, біздің стадиондарды аралатамын. «Спутник», «Локомотив» стадиондарының жағдайымен таныссын. Орталық стадионның қосалқы алаңы қандай масқара жағдайда екенін көзімен көрсін! Арамшөп пен тікен басып кеткен, жанындағы жүгіру жолдарының быт-шыты шыққан. Айтпақшы, қосалқы алаңда басқа жердегідей емес, тегін ойнауға және жүгіруге болады.
— Бүгінде мына мәселе белсенді талқылануда: егер ойыншы басқа клубқа ауысса, оны тәрбиелеген клубқа қандай өтемақы төленуі керек?
– Бұл маңызды мәселе бізде әлі шешімін тапқан жоқ. Мынандай жағдай болған. Мен бүгін «Қайратта» ойнап жүрген қақпашы Грошевті таптым. Мен оны аулалардың бірінен тауып алдым, жаттықтырдым, қазір оның жақсы деңгейде ойнап жүргеніне қуанамын. «Қайраттың» тағы бір ойыншысы Қуаныш Советов те біздің түлегіміз. Алайда өтемақы туралы әңгіме қозғағанымызда, бізден талап етілетін құжаттар тізімін көріп, мәселені жылы жауып қойдық. Осы дұрыс па? Жоқ. Ережедегі тармаққа былай деп анық жазу керек: егер бала, тіпті, бес жасында команда ауыстырса да оған өтемақы төлеу керек. Түрлі қулық-сұмдықтарға жол бермес үшін «ойыншының төлқұжатын» жасап, онда келесі мәліметтерді көрсеткен жөн: ойыншы қай қалады тұрады, қай мектепте оқиды, оның жас мөлшері. Бұл ойыншылардың жас мөлшері бойынша түрлі қулық-сұмдықтардың алдын алуға, сондай-ақ елімізде қанша баланың футболмен шын мәнінде айналысатынын білуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, қазіргі статистика ойдан шығарыла салынған.
— Алматыдағы балалар футболын дамыту үшін не істеу керек?
– Мен әрине, түсінемін, жеке меншіктегі стадиондардың иелерін балаларды тегін жаттығуға жіберуге міндеттеуге болмайды. Бірақ олармен жеңілдіктер жасау туралы келісуге болады ғой? Әлде спорт басқармасы, атап айтқанда, оның жетекшісі Хайдаров мырза балалар футболын дамытуға мүдделі емес пе? Сондай-ақ егер Алматы қаласының билігі өз қарамағындағы шағын стадиондарды футбол федерациясына берсе, тамаша болушы еді. Ал федерация оларды қалай пайдалану тәртібін өзі анықтаушы еді.
— Әдетте, көпшілік Алматы футболын «Қайрат» футбол клубы дамытып жатыр деп есептейді.
– Дауласпаймын: олар жақсы қызмет атқарып отыр. Түрлі базалар, академия салып жатыр. Бұл тамаша. Бірақ «Қайрат» өзін халықтық команда ретінде көрсетеді. Олай болса, неге олар өздерінің тамаша базаларына Алматыдағы балалардың өзге футбол командаларын жаттығуға кіргізбейді? Әлде олар барлығын тек өздері үшін жасай ма?
— Мұндай жағдайда қалай жұмыс істеп жатырсыздар?
– Әрине, оңай емес. Бірақ басқа амал жоқ. Қазір барлығы ата-аналарды қаржысы мен балалар бапкерлерінің күшімен жасалуда. Бапкерлер балалармен әлек болып жатқанда біздің футбол шеттен келген бапкерлердің аузына қарап отыр. Мұндай жағдайда өзіміздің бапкерлер шеберлігін қалай шыңдамақ – бұл әрине, қызық сұрақ. Мен шетелдік бапкерлер осындай жағдайда біздің жаттықтырушылар сияқты балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде жұмыс істей алады деп ойламаймын. Ал біз істей аламыз.