21-тамызда болар іс болды.Ұлттық экономика министрлігі Аи-92 бензинінің бір литрінің бағасын 115-тен 128 теңгеге дейін көтерді.Алайда баға көтеру дер кезінде жүзеге асырылмағандықтан, ол бензинмен және дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесін шеше алмады. Жанармай құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек жойылмай, нарық тұрақталмады. Десек те, шенеуніктер болашаққа әлі үмітпен қарауда.
Мәселен, 27-тамызда Астанада өткен брифингте энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин былай деп мәлімдеді: «біздің мұнай қоймаларындағы Аи-92 маркасындағы бензинінің қоры 95 мың тоннаға тең. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жетілдірілгеннен кейін, біз өзімізге қажетті жанар-жағармайды толық қамтамасыз ете аламыз». Міне, осылай орын алған мәселені бүгін шешудің орнына, бізге қайтадан болашаққа үмітпен қарауды ұсынады.
Ал мәселенің мәнісі келесіде, мұнай өңдеу зауыттары жетілдірілгеннен кейін бензин молшылығына кенелетін кезең (18,5 млн тонна шикізат өңделетін және Еуро-4 және Еуро-5 сапасына сәйкес мұнай өнімі өндірілетін) 2015 жылдан 2018 жылға шегерілді. Сондай-ақ, 2018 жылы бензин өндіру жылына бүгінгі 2,7 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға дейін, ал дизельдік отын 4,1 млн. тоннадан 5,9 млн. тоннаға дейін артатынына ешкім кепіл бермейді.
Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін мұнайдың көлемін арттыру қажет. Бірақ ол қайдан алынады? Өйткені, өндіруші компанияларға мұнайды отандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізгеннен гөрі, экспортқа шығарған пайдалы. Себебі, мұнайды зауытқа жеткізу кезінде оған қосымша құн салығын төлеу керек, ал мұнайды экспорттауда ол жоқ.
Бюджет те шығынға ұшырайды. «Егер біз мұнай экспортын жылына 7 млн тоннаға азайтып, оны ішкі нарыққа жіберсек, біздің бюджет жылына 1,8 млрд доллардан айырылады», – деген еді мұнай және газ министрі болған кезінде мұнайды қосымша жеткізуден республикалық бюджеттің шығынын есептеген Сауат Мыңбаев.
Сондықтан бұл мәселені тыңғылықты зерделеген жөн. Өндірілген мұнайды бөлу кезінде отандық мұнай өңдеу зауыттары мен жер қойнауын пайдаланушылардың мүделерін, республика бюджетінің табыстылығын ескеру қажет.
Алайда осы мәселелерді реттеу тетіктері әлі күнге дейін анықталмаған. Болашаққа үмітпен қараған үкіметіміз бүгінгі қиындықтарды ұмыт қалдырғандай. Бүгінгі жанар-жағармай саласында орын алған жағдай соның куәсі іспетті.
Халық үкіметтің жанармай бағасы бойынша берген уәдесіне сенуден қалған. Салалық министрліктің ағымдағы жылы берген уәдесі соның жарқын мысалы іспетті. Естеріңізге салсақ, наурыз айында сол кездегі мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «Қазақстанда жанармай бағасы үстіміздегі жылдың ортасына дейін көтерілмейді, министрлік оны өзіміздің мұнай өңдеу зауыттары өнімі есебінен ұстап тұрады», деп мәлімдеген еді. Бірақ мамырдың басында дизельдік отынның бағасы 102-ден 115 теңгеге деейін көтерілді.
Ал шілде айында ол «тамызда бензин мен дизельдік отын бағасы бұрынғы деңгейде қалып, айдың соңына дейін сол қалпында қалады», деп сендірген еді. Алайда үш апта өткенде үкімет Аи-92 бензинінің жаңа бағасын бекітті. Өзінің орындалмаған уәдесін Қарабалин сәтсіз жасалған болжам ретінде бағалады. Алайда шенеуніктердің бір нәрсеге уәде беріп, бірақ басқаша жасауы әдеттегі іске айналып кеткендей. Теңгенің соңғы девальвацияларын жүзеге асыру кезінде де үкімет дәл осылай әрекет еткен еді.
Аи-92 бензинінің бөлшек саудадағы шекті бағасын (128 теңге) бекіту сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз ететін ресейлік бензин импортының мәселесін де шешкен жоқ. Егер ақпандағы девальвацияға дейін Ресейден бензинді көтерме бағамен сатып алу біздің бөлшек саудаға «өлместің күнін көруге» мүмкіндік берсе, қазір ресейлік жанармайды жеткізу шығынға батыруда. Мәселен, бүгін Ресей-Қазақстан шекарасындағы Аи-92 бензинінің бағасы 125 теңге шамасында. Бірақ оған тасымалдау және сақтау шығындарын қоссақ, түпкілікті баға 150 теңгеден асып жығылады.
Осы орайда, келесі сұрақ туындайды: жанармай құю бекеттері бензинді қайдан алмақ: әкімдіктер тапсырыстарды толық қанағаттандырмайды, ал ресейлік бензин баға жағынан «өтімсіз». Ендеше, бензин тапшылығын жанармай құю бекеттерінің «ашкөз» иелері ұйымдастырмаған деген ойға қаласың.
Қазақстанда жанар-жағар май бағасының қалай есептелінетінін ешкім білмейді. Егер бұрын билік мұнай өнімдерін сатудың шекті бағасын белгілейтін формулаға (оның негізгі өлшемдерінің бірі әлемдік мұнай бағасы мен доллар бағамы болатын) жүгінсе, қазір ол жарамай қалды.
Теңге бағамын ақпанда 20 пайызға «түзету» мұнай өнімдерін Ресейден импорттаудың коммерциялық тиімсіздігіне әкеліп соқты. Соған қарамастан, мамырда тек дизельдік отынның бөлшек-сауда бағасы 11,3 пайызға артты. 19-маусымнан 19-тамызға дейінгі аралықта Brent сортындағы мұнай бағасы барреліне 115-тен 101,6 долларға дейін арзандады.
Алайда 21-тамызда Аи-92 бензинінің бағасы бұрынырақ дизельдік отын бағасы көтерілген 11,3 пайызға артты. Ал теңге девальвациясы мен мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы одан өндірілетін барлық өнімдердің шекті бағасының автоматты түрде өзгеруіне әкеліп соқпаушы ма еді. Оның үстіне, Инвестициялардың рентабельдігін зерттеу жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, Қазақстанда өндірілген жанармай бағасындағы мұнай құны 58 пайызды құрайды.
Мұнайдан өндірілетін барлық жанармай түрлері бағасының ақылға қонымды өзгеруінің болмауы жанармайдың ікші бағасы мен әлемдік мұнай бағасының арасындағы байланыстың жоқ екенін көрсетеді. Тәжірибе олардың біріншісінің бағасы екіншісінің бағасының қалай белгіленгеніне қарамастан өз бетімен өсе беретіні көрсетіп отыр. Жанармай бағасын белгілеген үкіметтің осы жолы нені басшылыққа алғаны бізге беймәлім. Сондай-ақ салалық министрліктің ай сайынғы квоталарды қандай тәртіппен бөлгені де белгісіз.
Энергетика министрлігінің 27-тамызда қыркүйекке жанармайды бөлуінің қорытындысын қарап көрейік. Бензиннің 330 мың тонна және дизельдік отынның 400 тоннадан астам қажеттілігі кезінде тиісінше, 163 мың тонна және 156 мың тонна бөлінген. Өздеріңіз көріп отырғандай, бөлінген көлемдер бензин бойынша қажетт мөлшерден екі есе аз болса, дизельдік отын бойынша үш есе аз. Осы орайда, қыркүйекте де жанармай тапшылығынан арыла алмайтынымызды түсіну үшін сәуегей болудың қажеті жоқ.
Дегенмен квоталарды бөлу ерекше қызығушылық тудырып отыр. Сонымен, Аи-92 бензині төмендегідей тәртіппен бөлінді: 47 мың тонна «Sinooil-ға» берілсе, «ҚазМұнайГаз» бен «Helios» жүйелерінің үлесіне 18 мың тоннадан келсе, қалған 80 мың тонна облыстық әкімдіктерге берілді. Дизельдік отын: 40 мың тонна – «Sinooil-ға», 17 мың тонна – «ҚазМұнайГаз-ға», 8 мың тонна – «Helios-қа» бөлінсе, қалған көлем облыстық әкімдерге берілді.
Жанармайды бөлу кезінде шенеуніктердің нені басшылыққа алғаны беймәлім, бірақ квоталардың басым көпшілігіне ие болған «Sinooil» компаниясы шенеуніктердің ерекше «ықыласына» бөленгендей. Осы орайда, атап айтарлығы Sinooil-дың» 120-ға жуық жанармай құю бекеттері болса, «ҚазМұнайГаздың» 350, «Helios-тың» – 260 бекеттері бар.
Сонымен, еліміздегі жанармайға байланысты жағдай, біріншіден, үкіметтің тек болашақтан қайыр күтуінің нәтижесі екенін мойындауымыз керек. Екіншіден, бұл жауапкершілікті біресе Ресейге (ол жақта жанармай бағасы жоғары), біресе мұнай котировкасына (қалағандай өзгермейді), біресе бөлшек сауда операторларына (бағаның өсуін күтіп, жанармайды саудаға шығармай ұстап отыр), біресе барлығына бірдей аудару салдарынан туындаған жауапкершілік тапшылғының нәтижесі. Жанармай түрлерінің кезең кезеңмен туындап отырған тапшылығы оның бағасын өсірумен басылып отыр.