Осыдан біраз бұрын Батыс Қазақстанда орын алған мұнайшылар ереуілдері сырт көзге ел билігі жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясаттағы кемшіліктер салдарынан орын алғандай көрінген-ді.Шындап келгенде, ол тек сылтау.Бұл құбылыстың мәні неғұрлым терең және ауқымды.Атап айтарлығы, мәселенің мәнісі қазақстандық жұмысшыларды кемсітуде ғана емес. Десек те, дәл осы мәселе орын алған наразылықтардың негізгі себебі болды.
Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында орын алған наразылықтар фактілері бойынша отандық және шетелдік белгілі басылымдар өкілдері жүргізген журналистік зерттеулер ереуілдердің ешқайсысы тектен тек орын алмағанын көрсетеді. Былайша айтқанда, орын алған оқиғаларды егжей-тегжейлі зерттеген баспасөз өкілдерінің пікірі соңғы жылдары олардың барлығы бір сценарийге ұласып, бір сарынды дегенге саяды.
Бүгін біз өткен ғасырда бірде бір революцияның, 1917-жылғы қазаннан бастап, «араб көктемі» мен Майданға дейін сыртқы күштердің көмегінсіз жүзеге аспағанын жақсы білеміз. Алайда көп рете мемлекеттегі биліктің өзі елде көтеріліс орын алу үшін жағдай жасайды. Сөйтіп, кең ауқымды сыбайлас жемқорлық, әлжуаз әлеуметтік-экономикалық саясат, шетелдік инвесторлар алдында жөнсіз бас ию елдегі жұмысшы табының ашу-ызасын тудырып, нәтиженсінде, осының барлығы шағын ұшқын тисе, алып өртке ұласатын тез тұтанғыш материалға айналады.
Екінші жағынан алсақ, «еркіндік пен демократия» лебінің жер қойнауы бай немесе стратегиялық ұтымды жерде орналасқан елдерге соғатыны заңдылыққа айналып барады. Ал өздеріңіз білетіндей, олардың екеуі де Қазақстанға тән.
Бақытымызға орай, Қазақстанның батысында орын алған ретсіздіктерді ауыздықтап, еліміздің басқа аймақтарына қанат жаймауына қол жеткіздік. Алайда сарапшылардың пікірі бойынша, біз ондай құбылыстарға дайын болуымыз керек. Өйткені, осы орайда, біздің елді жеке мемлекет ретінде емес, Орталық Азияның ажырамас бөлігі ретінде қарастырған жөн.
2011 жылға дейін Қазақстан этносаралық қақтығыстар мен экстремизмнің бой көтеруін айналып өткен бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекені іспетті еді. Бірақ біздің Кедендік одаққа кіргеніміз сол еді, елімізде аяқ астынан пайда болған радикалдық діни топтар күрт белсенділік таныта бастады, нәтижесінде, төрт шулы лаңкестік акті орын алып, олардың екеуі мемлекеттің батысында бой көтерді. Ал біраз уақыттан кейін Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы әйгілі жөгенсіздіктер орын алды, олардың себебі мұнайшы-жұмысшылардың ереуілдері болыпты-мыс.
Біраз уақыт өткеннен кейінгі қазіргі таңда, әлемде орын алып жатқан оқиғалардан кейін мәселенің беті ашыла бастағандай: Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған алғашқы елеулі талпыныстың дәл осы мұнайлы батыста орын алуы мүлдем кездейсоқтық емес. Біздің елімізді өмірлік қажетті табиғи байлықтардың орасан зор қоры жинақталған бағалы ресурстар қоймасы деп атайды. Оның үстіне, еліміздің жағрафиялық орны планетаның табиғи байлықтарын иемденуге және игеруге ұмтылған Батыстың белгілі топтары үшін үлкен геосаяси мәнге ие. Қазақстанның маңыздылығын әйгілі геосаяси стратег Збигнев Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында атап өткен. Естеріңізге салсақ, ол бірінші болып Қазақстанды бүкіл Еуразияның барлық дерлік жолдары тоғысатын, бүкіл Орталық Азияны, Ресейді және Қытайды бақылауға алуға мүмкіндік беретін «Ресейдің жұмсақ қарны» деп атады.
Егер 2011 жылғы оқиғалар хронологиясын еске алсақ, қызық тізбек сап құрады. 31-қазанда Атырау орталығында екі жарылыс орын алды. Уақытына сәйкес олар украиндық саясаттанушы Игорь Швыревтың пікірі бойынша Орталық Азиядағы жарылыстың негізгі детонаторы болуға тиіс Қырғызстандағы сайлаумен қатар келді. Жарылыс, яғни, наразылық тұрғындары тақтан тайдырылған президент Бақиевтің жерлестері болып табылатын және оны қолдайтын Жалал-Абад облысында орын алу керек еді. Алайда көрші елдің құқық қорғау органдары республиканың оңтүстігіндегі жағдайды толық бақылауға ала білді, нәтижесінде, детонатор іске қосылмады. Есесіне, бірнеше күннен кейін Таразда лаңкестік әрекет орын алып, оның барысында 34-жасар жұмыссыз ер адам, полицейлерді қосқанда, 7 адамның өмірін қиып, соңынан өзін өзі жарып жіберді.
Осы кезде Жаңаөзен де толқып жатты, ол жердегі ахуал, қазандағы су іспетті жарты жылдан бері қайнау үстінде болатын. Бұл факті «демократияны» экспорттаушы — мүдделі мемлекеттердің арнайы қызметтерінің назарынан тыс қалған жоқ. Олар «демократиялық құндылықтарды ілгерілету үшін» қаржы алып отырған үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ осындай мақсаттарға бөлінетін шетелдік гранттар есебінен күн көріп отырған қоғамдық бірлестіктер мен жекелеген құқық қорғаушылардың көмегімен жағдайды ушықтыра түсті.
Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. 201 жылғы 8-тамыздағы жөгенсіздіктерге арандатқаны үшін «Қаражанбасмұнай» компаниясының заңгері Наталья Соколова алты жылға сотталды. Дәл осы адамның шетелдік қоғамдық ұйымдардың айтуымен арандатушылықпен айналысқаны туралы мәліметтер бар. Әрине, бұған сенбеуге де болады. Бірақ сот үкімінің жәрия етілген сәттен оған АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі Иэн Келлидің ара түсуі назар аударарлық факті.
Қазір баршаға белгілі, кезінде азаматша Соколова АҚШ армиясы мен флотының гуманитарлық мисссиясында аудармашы болып қызмет еткен және мемлекеттік департаменттің әйгілі USAID агенттігімен тығыз байланысты болған. Егер осы фактілерді ескерсек, бұл әйел орын алған оқиғаларға кездейсоқ қатыспаған және олардың барысында ең соңғы рөл атқармаған.
Өздеріңіз білетіндей, осы дау үлкен ақпараттық қолдауға ие болды. Тұманды Альбионды мекендеген қашқын олигархтар қаржыландыратын бұқаралық ақпарат құралдары бірінен кейін бірі посткеңестік кезеңнен кейін қол жеткізілген «демократиялық құндылықтарды» құртып жатқан «тоталитарлық қазақстандық биліктің» озбырлығы туралы жарыса жазды.
Оның барысында еліміздің бұрынғы премьері Қажыгельдин де елеулі рөл атқарды. Оның өзінің сөзіне қарағанда, ол шетелде жүрсе де «ол Қазақстан игілігі үшін жұмыс істеуде, үнемі саяси ортада жүріп, елімізді демократиялық мемлекеттердің қатарына тарту мақсатында белгілі қайраткерлермен, тіпті, батыс мемлекеттерінің басшыларымен кездесіп жүр». Сол оқиғалардың алдында ол газеттердің біріне берген сұқбатында жақын уақытта Қазақстанды елеулі күйзелістер күтіп тұр деп мәлімдеген еді.
Одан кейін батыстық БАҚ-тар тарапынан Қазақстанға бастырмалатқан ақпараттық шабуыл басталды. Елімізге Еуропарламент депутаты Пол Мэрфи келді, ал белгілі әнші Стинг «тоталитаризмге наразылық» белгісі ретінде Қазақстан қалаларында концерттер бермейтін болды.
Пол Мерфиге келетін болсақ, ол гомосексуализм мен түсіктердің таралуын белсенді қолдайтын, саны жағынан екінші троцкистік әлемдік ұйым – Жұмысшы интернационалы комитеті секциясының мүддесіне өкілдік ететін Ирландия социалистік партиясының белсендісі.
Осы орайда, орын алған оқиғалар туралы әгімелеген қазақстандық танымал телеарналардың бірінің журналисі конституциялық тәртіпті қалпына келтіру жөніндегі операцияға тартылған ішкі әскерлерге жақсы қаруланған және дайындалған кәсібилер қарсы тұрды деп мәлімдеді. Егер шынымен солай болса, онда олар Қазақстанның батысына оңтүстіктен, яғни, Өзбекстаннан келуі ғажап емес.
Бір қызығы, белгілі оқиғалардың алдында Өзбекстанға сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон келіп кеткен еді. Ал ол өз елінің посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге шамасы келгенше жол бермейтінін бірнеше рет мәлімдеген еді. Өз кезегінде, мәртебелі қонақпен бірге журналистерге шыққан Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов болашақ Еуразиялық экономикалық одақты сын тезіне алды. Мүмкін, оның осы сыпайылығы үшін Өзбекстанға көрсетілітін әскери көмектегі шектеулер алып тасталынған болар. Ал кейінірек біздің оңтүстіктегі көршімізге Конгресстің, Мемлекеттік департаменттің, тіпті, Ақ үйдің делегациялары, сондай-ақ Даунинг-стрит, 10-ның өкілдері келіп қайтты. Бұл жөнінде өзбек және батыс ақпарат құралдары кеңінен жазып, осы шараларды екі ел арасындағы «ашық әрі толыққанды саяси диалогтың» бастауы деп бағалады.
Тағы бір қызық факті бар. 17-желтоқсанда Жаңаөзенде төтенше жағдай енгізілген кезде құқық қорғау органдары Алматыда рұқсат етілмеген наразылық акциясын бағытталған талпыныстың алдын алды. Оның бастамашылары арандатушы ұрандарды айғайлап, Қазақстанды сол сәтте түрлі түсті революциялар толқыны орын алған солтүстік Африкамен салыстырды. Осының барлығы, ұйымдастырушылардың жорамалы бойынша, «елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында шетелдік гуманитарлық араласуды» талап ететін жалпыхалықтық ашу-ыза тудыру керек болатын.
— Қазақстанның батысындағы мұнай өндірісі елдің басқа аймақтарынан шөл даламен бөлініп тұрғанына назар аударған жөн, – дейді ойын ортаға салған Игорь Швырев. – Жалғыз байланыстырушы көлік артериясы — Маңғышылақ — Ақтөбе магистралі. Сондықтан Жаңаөзендегі оқиғалардың ертеңіне экстремистердің осы көлік тарауын басып алмақшы болуы ғажап емес. Менің ойымша, бұл Каспий аймағындағы ахуалды тұрақсыздандыруға талпыныс. Атап айтқанда, тұрақты сепаратистік талпыныс байқалады, оның мақсаты Маңғышылақтың мұнай өндірісін Қазақстаннан бөліп алып, Астана бақылауынан алып шығу. Әрине, бүгін ол бос қиял іспетті. Бірақ бәйгеге Еуразияны қайта құру бойынша геосаяси мүдделер тігіліп отыр. Егер орын алған оқиғаларды осындай қайта құрудың сәтсіз бастамасы деп есептесек, басқа талпыныстарды да күткен жөн.