Жерар Депардье күзде Мәскеуде «Жерар» атты мейрамхана ашуды жоспарлауда, деп хабарлады Еuromag.ru.
Мейрамханада француз және орыс асханасының тағамдары ұсынылады. Енді Жерар Депардье өзі ресми тіркеуден өткен Санкт-Петербургте, сондай-ақ Саран қалаларында мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.
Актердің жекеменшік шарап өнеркәсібі мен «Жерар қоймасы» атты шарап сататын сауда дүңгіршегі, сонымен бірге Парижде, Бельгияда үш сауда нүктесі бар.
Еске сала кетейік, Франция премьер-министрі Жан-Марк Эро Жерар Депардьенің өз елінде салық көп болғандықтан Бельгияға көшіп кету туралы шешімін сынағаннан кейін, өнер иесі Франция азаматтығынан бас тартуды жөн санады. Сол кезде ел президенті Франсуа Олланд бай француздар үшін кіріске 75 пайыз салық енгізуді көздеген еді.
Жерар Депардье Ресейге көшіп келіп, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей азаматтығын алды. Төлқұжатты Владимир Путиннің өзі табыс еткен еді.