Иә, бүгінде әйгілі аңғарда қызу науқан, қарбалас шақ. Бір жағынан есірткі бизнесінің серкелері қарасораны дайындауға ұмтылса, екінші жағынан тәртіп сақшылары оған жол бермей, есірткі дайындаушыларға тосқауыл қоюға тырысуда. Мұндағы полицейлердің жұмысы басқа әріптестерінің қызметінен мүлдем ерекше. Өйткені олар күндіз-түні жұмыс істеп, әйгілі аңғарды үнемі аралап, бақылауға мәжбүр. Онсыз ісің алға баспайды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы Жамбыл облысы ішкі істер департаментіне қарасты ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі «Дельта-долина» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері 12 тонна есірткі заттарын тәркіледі. Атап айтарлығы, олардың басым бөлігі каннабис тобына жатады, қарапайым тілмен айтқанда, кәдімгі қарасора және одан жасалынатын есірткі заттар.
Көптеген адамдар Шу аңғары қарасора қаптап өскен, жайылып жатқан ие дала деп ойлайды, бірақ ол мүлдем дұрыс емес. 2 миллионов гектарға жуық алқапты алып жатқан аңғардың тек 145 мың гектарын құрамында есірткі зат бар қарасора алып жатыр. Атап айтарлығы, ол 5-7 километрді алатын шағын учаскелерде, негізінен сай алаларда өседі. Сондықтан есірткі дайындаушыны құрықтау үшін алқапқа шықсаң болды, деген ой мүлдем дұрыс емес. Кейде есірткі дайындаушыларды табу үшін машинамен алқапты апталап аралауға, сай салармен ондаған, тіпті, жүздеген километр жаяу жүруге тура келеді. Өйткені есірткі дайындаушының қайда тығылғанын әуеден де байқау оңай емес.
— Бізде Камаз автмашинасына орнатылған арнайы кунг бар, оның ішінде қызметкерлердің дала жағдайында ұзақ уақыт тұруы үшін қажетті нәрсенің бәрі бар, – дейді Жамбыл облысы ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысыШопырхан Жапабаев. – Соған қарамастан, бұл оңай емес.Жаздың аптап ыстығында температура 50 градусқа дейін, кейде одан жоғары көтеріледі. Автомобиль қол тигізбестей қызады. Мұны айтпағанда, аяғыңның астына қарап жүрмесең болмайды, өйткені далада түрлі улы жыландар мен шегіртке, қарақұрт сияқты тіршілік иелері де қаптап жатыр. Сондықтан үнемі сақ болуға мәжбүрсің. Біздің аңғарға сапарымыз көңіл көтеретін серуен емес.
Қарасора өсуінің тағы бір ерекшелігі – ол көшпелі өсімдік. Биыл бір жерде өскен қарасора келесі жылы басқа жерге, яғни, бірнеше километрге ауысып кетуі мүмкін. Сондықтан мұнда авиабарлау жүргізу өмірлік қажеттілік.Аумақты ұшақпен аралаған полицейлер негізгі күштерді қай жерге орналастырып, назарды қай аймаққа аудару қажеттігін анықтап белгілейді.Жабайы қарасораны көктен тану соншалықты қиын емес, күнге күйген далада ашық жасыл түсті алқап бірден көзге түседі.Сондай—ақ адамдар баптап өсірген қарасора да бірден көзге ұрады. Ал сол алқаптың иелері оларды сенімді қорғайды.
— Кейде біз адам қолымен өсірілген алқаптарды да кездестіреміз,. Сол кезде бірден қосымша машақаттар пайда болады, – дейді сөзін сабақтаған Шопырхан Жапабаев. – Біріншіден, ол алқапқа жақындап бару қажет. Бірақ бөгде адамдарды алқапқа жақындатпау үшін есірткі дайындаушылар түрлі айла-амалдарға барады: олар алқапқа машинамен жете алмас үшін жолға темір шегелер, ал кейде, тіпті, қолдан жасалған жарылғыш заттар орнатады. Көп ретте қаскүнемдер ол үшін ішіне адамдарды жаралайтын ұсақ шуруптар, ұсақтап туралған шеге салынған түрлі ішімдіктердің ыдыстарын пайдаланады. Сондықтан ондай жерлерде жұмыс істеу асқан сақтықты талап етеді.
Шу аңғарына келген әдеттегі адам, тіпті, даланы мұқият барлап шықса да қаскүнемді таба алмайды. Өйткені есірткі дайындаушылар жасырынудың түрлі амалдары мен әдістерін ойлап табуда. Олар, тіпті, әшкерелене қалса, полицейлерден қалай құтылудың жолдарын да алдын ала қарастырып қоятын көрінеді.
— Қарасораны шағын партиялармен шығаратындар әдетте аттарды пайдаланады, – дейді полковник Жапабаев. – Олар жылқыны науқан басталмастан бұрын жақсылап баптайды. Сондықтан күтімі жақсы, бабында тұрған жануарлар сай салалармен соңына түскен машинадан оп оңай құтылып кетеді. Ал жасырыну мәселесіне келсек, есірткі дайындаушылар өздері тығылатын орындарды жасырыну қағидаларын сақтай отырып, тыңғылықты дайындайды. Кез келген сайды алыңыз. Олар тік жардан адам және оған дала жағдайында көнкөріске қажетті заттар сыятын текше қазып алады. Жоғарыдан оны өсімдіктер жасырады. Түнде қаскүнем қарасораны шабады, а таңға қарай ізін жойып, апанға тығылады. Біздің жігітер сай саланы жаяу аралағанда ондай жасырын орлар жан жағындағы өсімдіктермен сабақтасын көзге көрінбейді.
Міне, осындай есірткі дайындаушылар кейде алқапта айлап жатып, қарасораның мол қорын дайындайды. Олар өздерінің даладағы баспанасының маңынан көмбелер дайындап, сол жерлерге шабылған қарасораны көмеді. Қарасораны дайындауды аяқтаған мұндай қаскүнемдер үйіне қайтып, күздің аяғы, қыстың басында қайтып келіп, дайындаған тауарын сатуға әкете бастайды.
— Әдетте, есірткіні тасымалдау 30-қазаннан кейін, яғни, республикалық «Көкнар» операциясы аяқталған соң басталады. Ол кезде біз алқаптағы жолдардан тосқауылды алып, уақытша бекеттерді жабамыз, – дейді Шопырхан Жапабаев. – Сондықтан біздің жұмысымыз науқандық сипатта, тек жаздың күні қарасора піскен кезде ғана жүргізіледі деуге болмайды. Жылдың қалған уақытында біз жазда дайындалған есірткіні ірі көлемде тасымалдаушыларды құрықтауға тырысамыз.
Есірткі бизнесі серкелері қылмыстық кәсіптің жаңа амалдарын тауып, алдаудың тың жолдарын ойластыруды мақсат ететінін ескерген тәртіп сақшылары оған пара пар келетін шаралар қолдануға мәжбүр. Жақын арада «Дельта долина» арнайы бөлімшесіне көмекке жаңа тікұшақпен қамтамасыз етілген ұлттық ұланның сарбаздары іссапарға келмек.Бұл полицейлерге алқаптың шалғай аймақтарын бақылауға алуда қосымша мүмкіндіктер береді. Өйткені қазіргі таңда бар-жоғы 18 қызметкерге бүкіл алқапты бақылау алу, әрине, қиын.
Жедел уәкілдердің айтуынша, көп мәселені шешуге облыс аудандарында атты бөлімшелерді құру септігін тигізеді, олар қарасора қалың өсетін аймақтарды бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай—ақ полицейлердің жоспарында атты адамдарды машиналармен қуу мүмкін болмайтын жерлерде оларды құрықтауға көмектесуге қабілетті шабылдаушы иттер дайындау да бар.
Шу аңғары – Шу өзенінің орта ағысындағы Боом аңғарынан Мойынқұм даласының шығысына дейін созылған, Шу—Іле Алатауымен және Қырғыз Алатаомен шектесетін алқап. Оның Шығыс бөлігі (Аспара өзеніне дейін) – Қырғызстан аумағында, қалған бөлігі Қазақстанда. Ұзындығы 250 километрге жуық, ені оңтүстік-шығыста 10-15 километр болса, осолтүстік-батыста 100 километрге дейін созылып жатыр. Теңіз деңгейінен 500-1300 метр биіктікте. Мұнда жүйкеге күшті әсер ететін қарасора өседі. Ұлан-ғайыр алқапта өсетін қарасора жыл сайын 5 мың тоннаға дейін есірткі зат жинауға мүмкіндік береді.
http://youtu.be/E9CMdtBImQI