Кеше Қызылордада екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты күрішші Ыбырай Жақаев атындағы «Еңбек аллеясы» ашылды, – деп хабарлайды аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сыр өнерпаздары театрландырылған көрініс арқылы «дала академигінің» өмір жолын, ерен еңбегін сахналандырды. Жастар Еңбек Ерінің еңбекқорлығын жарыса жеткізді. Ы.Жақаевтың күріш өсірудегі жеткен жетістіктері тарихта таңба басқандай жазылып тұр. Ал бүгінгі жасалып жатқан шара — еңбек адамына көрсетілген құрметтің бір парасы.
Қызылордалықтарды осындай салтанатты еңбек мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы Қ.Көшербаев:
– Жоқшылық пен аштықтың азабын тартқан тұста Ы.Жақаев үш жыл қатарынан әр гектардан 156, 160, 171 центнерден өнім алып, рекорд жасады. «Дала академигінің» бұл ерлігі елге ерекше бақ-береке, ырыс-несібе әкелді. Жалпы, еңбекқорлық қазақтың қанына тән қасиет. Ы.Жақаевтан кейін мұндай атақты жерлестеріміз Салима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаевалар алса, жақында Абзал Ералиев пен Юрий Пя кеуделеріне Еңбек Ері төсбелгісін тақты. Бұл ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі, — деді.
Шырынкүл Қазанбаева мен Абзал Ералиев дала академигінің ізін жалғастырушылар қатары қалындап келе жатқанын тілге тиек етті.
-Бұл ауыл шаруашылық саласына қолдаудың нәтижесі, — деді Еңбек Ерлері.
Салтанат соңында мерекеге қатысушылар Ы.Жақаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
[gallery ids=»20133,20132,20131,20129,20130″]