ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитетінің қызметкерлері жеті жүз миллион теңгеден астам сомадағы кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару фактілерін анықтады.
2013 – 2014жж. кезеңінде Қытай Халық Республикасынан 2 қазақстандық компанияның атына тауарлар әкелінген.
„Талдау және тексеру жүргізу кезінде, Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінен тауарларды кедендік тазартудан өткізу кезінде кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей шығару салдарынан компаниялардың мемлекеттік бюджетке берешектері бар екені анықталды. Кедендік төлемдер мен салықтар (залал) бойынша берешектің жалпы сомасы 701 млн. теңгені құраған.Тексеру нәтижесінде, берешек ішінара өндіріліп, мемлекеттік бюджетке 159 млн. теңге құйылды„ — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Кедендік бақылау комитетінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасы осы факті бойынша, ҚР ҚК 214-бабының 1-тармағы (Кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару) бойынша екі қылмыстық іс қозғады.
Бұдан басқа, тауарларды кедендік тазартудың белгіленген ережелерін бұзуға жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-тармағы (лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық істерді Алматы облыстық қаржы полициясы органдарымен бірлесе тергеу жоспарлануда. Атап айтарлығы, баспасөз қызметі тергеу мүддесіне орай, әзірше, компаниялардың атауы жария етілмейтінін хабарлады.
Қазіргі уақытта, осыған ұқсас басқа бірқатар фактілер тексерілуде, жақын арада олар бойынша процессуалдық шешім қабылданбақ.