Бүгін Алматы қаласында №2 жаңа муниципалдық автобус паркі ашылды. Оның тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Қала басшысы жаңа автобус паркінің басшылығымен парк аумағында орналасқан өндірістік нысандарды аралап, олардың жұмыстарымен танысты.
Түркісіб ауданында орналасқан бұл жаңа автобус паркінде журналистер назарына газбен жүретін жаңа 50 автобус ұсынылды. Олар Алматы қаласының әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы несиелік келісім-шарт аясында Қытайдың «Ютонг» фирмасынан сатып алынған.
Журналистер мен жүргізушілер алдында сөйлеген сөзінде қала басшысы паркке қомақты қаржы жұмсалғанын жеткізді.
«Міне, жақсы парк бой көтерді. Бұл осымен үшінші парк. Мұнда барлығы бар. Жалпы, 2009 жылдан бері жаңа муниципалды автобус парктерін салуға 16 миллиард теңге жұмсалды. Еуропалық қайта құру және даму банкі 120 миллион доллар несие берді. Алматылықтар қаланың қоғамдық көліктерінде жақсы тәртіп орнатылып жатқанын сезді. Тың өзгерістерді жақсы қабылдады» – деді өз сөзінде Ахметжан Есімов.
Биыл, күзге қарай, тағы да 150 автобус сатып алынбақ. Осылайша, жыл соңына қарай Алматыда сығымдалған газбен жүретін автобустардың жалпы саны 600-ге жетіп, қала көшелеріндегі барлық автобустардың 37 пайызын құрайтын болады.
Жаңа автобус паркінің аумағы 7 гектардан астам жерді алып жатыр. Мұнда сонымен қатар, жүргізушілер даярлайтын колледж, жүргізушілерге арналған жатақхана, жөндеу шеберханалары, автотұрақ, көлік жуатын, газ толтыратын орындар және қоймалар орналасқан.
Ахметжан Есімов, автобус, парк, көлік