Алматы қаржы полициясының мәліметтері бойынша, биыл сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлағаны үшін 8 адам сыйақы алыпты. Ал 2013 жылы мұндай 16 сыйақы төленген екен. Сыйақы алушылар қатардағы қарапайым азаматтар.Өздеріңіз көріп отырғандай, жемқорларды әшкерелеу жаппай сипат алған жоқ.
Мемлекеттік құрылымдардағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламаларды марапаттау тәжірибесі, әлбетте, өз нәтижесін беруде деп есептейді қаржы полициясы Департаментінің қызметкерлері. Жедел өкілетті уәкілдердің парақорлыққа тап болған жеке адамдардың көмегімен жүзеге асырған құрықтаулары күдіктілерді жылдам анықтап, олардың кінәсін тиісті құжаттармен бекітуге мүмкіндік береді.
Әлбетте, жеқорларды әшкерелеуді материалдық ынталандыру түрлі адамдардың қызығушылығын тудыруда – көпшілігі еш тер төкпей оңай олжа тапқысы келеді:
— Бізге адамдар келіп, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлайды, бірақ ресми түрде арыз жазғысы келмейді, – дейді Алматы қаласы ЭҚжСЖҚКД-і сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының бастығы Дәулет Ақылбеков. – Онда ол қалай сыйақы алмақшы? Біз арыз-шағымсыз ақпаратпен жұмыс істей алмаймыз.Бізге арызданушы азаматтың белсенді қызметтескені, жедел шараларға қатысқаны қажет, сонда ақпарат жымқорды қисынды құрықтаумен расталады. Растау дегеніміз қажетті дәлелдермен лауазым иесін құрықтау.
Теориялық тұрғыдан алсақ, жемқорларды әшкерелеуді кәсіпке айналдыруға болады. Бірақ әзірше, елімізде ондай әуесқойлар табылмады:
— Егер кез келген адам белгілі бір уақыт ішінде, айталық бір айда, сіздерге бес немесе он рет түрлі құрылымдардағы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арызданып, қызметтесуге ниет білдірсе, бұл дұрыс бола ма?
— Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ, – дейді әңгімесін жалғастырған жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының бастығы. – Ең бастысы, ол бізге өзіне белгілі барлық ақпаратты хабарлауға және біздің шараларды дайындау мен жүзеге асыруға көмек көрсетуі тиіс. Алайда бізде бір адамның бірнеше рет шағымдану фактісі тіркелген жоқ. Осы орайда, біздің елімізде көпе-көрнеу жалған ақпарат, біреуге жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламын.
Орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзущылықтары және қылмыстар туралы тиісті орындарға хабарлаған адамдарды марапаттау тәртібі Үкіметтің 2012 жылғы 23-тамыздағы №1077 Қаулысымен белгіленген.Оған сәйкес, әкімшілік істер жөніндегі жемқорлық туралы хабарламаларға 30 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең сомадағы ақша төленеді. Аса ауыр емес қылмыстық істер бойынша — 40 АЕК, орташа — 50 АЕК, ауыр қылмыстар үшін — 70 АЕК және аса ауыр қылмыстар үшін — 100 АЕК көлеміндегі қаржы төленеді.
Сонымен, қаламыздың кез келген тұрғыны қаржы полицейлеріне көрсеткен көмегі үшін қылмыс түріне сәйкес 55 560 теңгеден 185 200 теңгеге дейін сомадағы сыйақы ала алады. Бірақ сыйақы сот шешімі немесе үкімі шыққаннан кейін төленеді.