Шымкентте жүргізушілері нәзік жандылардан құралған ерекше жедел такси қызмет көрсете бастады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Олар тіпті, автокөліктің дөңгелегін өздері үрлеп, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын да жасай береді. Айтпақшы, нәзік жандылардың осы қызметке орналасуы үшін қатаң кастинг өтіпті. Сымбатты болу аса маңызды емес, басты талап — жүргізушінің тәжірибесі 4 жылдан кем болмауы тиіс.
— Әрине, әйелдің түр-келбетіне де назар аударамыз. Себебі, тұтынушымен мәдениетті тілдесуі маңызды. Бірақ, сыртқы келбетті реттеуге болады ғой. Ал киім үлгілерін айтар болсам, жүргізушілеріміз үстеріне ашық, төменге жабық түсті киім киеді», — дейді такси паркінің директоры Дмитрий Шульженко.
Әйел жүргізушілерден құралған жедел такси қызметінің басшылығы осы кәсіпті қолға алар кезде тұтынушыларының басым бөлігі қыз-келіншектер болады деп бағамдапты. Нәзік жандылардың көлігіне отырғандар қызық әңгіме-дүкеннің арқасында алыс жол жақындады, қызықты сапар болды деген пікірлер білдіріпті.