Бұл туралы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі облыстық комиссияның өңірдегі қаржы полициясының бастығы Денис Шәкенов мәлімдеді.
Отырыс барысында жемқорлық оқиғалары бюджет қаражатын игеру және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде жиі орын алатыны айтылды.
Әсіресе, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасын іске асырумен байланысты сала қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі орын алған.
— Өткен жыл қорытындысы бойынша Павлодар қаласы пара беру бойынша көш бастаған. Қаржы полицейлері 46 қылмыстың бетін ашқан. Екібастұз қаласында 33 жемқорлық фактісі анықталған. Ал Качир ауданында жасалған қылмыс саны – 7, – деді Д.Шәкенов.
Өткен жыл қорытындысы бойынша облыста қаржы полициясы органдарымен сыбайлас жемқорлықты анықтау тиімділігі 26 пайызға (129 оқиға, өткен жылы 102 оқиға тіркелген) артқан. Мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын әшкерлеу 57 пайызға артқан. Мәселен, үстіміздегі жылдың 5 ай қорытындысы бойынша қаржы полициясы мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын бұзған 8 лауазымды тұлға үстінен 27 қылмыстық іс қозғаған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысында азаматтардың қаржы полициясы органдарына деген сенімі де жылдан жылға артып келеді. Кейбір жағдайларда қарапайым азаматтар дәлелді фактілері болған жағдайда қаржы полициясына шағым жасап, сыбайлас жемқорлықтың бетін ашуға және алдын алуға көмектесіп жатады. Осылайша, 2013 жылы сыбайлас жемқорлықпен күреске ықпалдасқаны үшін облыстың 11 тұрғыны марапатталған. Оларға 1 млн. теңгеден астам сыйақы берілген. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде 5 азамат сомасы 600 мың теңге болатын сыйақымен марапатталды.