Үстіміздегі жылғы 11-маусымда сағат 19.41-де Шардара АІІБ кезекші бөлімінің «102» тетігіне жергілікті банк филиалдарының біріне жарылғыш құралдың қойылғаны туралы хабар келіп түсті, — хабарлайды ОҚО ІІД-і Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.
Оқиға орын алған жерге Шардара АІІБ-нің қызметкерлері, «Арлан » арнайы жасағы және ОҚО ІІД ЭҚКБ және басқа да құрылым қызметкерлері жеткен.
Полиция қызметкерлері банк қызметкерлерін, банкке келушілерді және сол жерде жүрген адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, банк аумағын қоршады. Содан соң, «Арлан» қызметкерлері арнайы құрал-жабдықтар мен техниканың көмегімен жарылғыш құралды іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары филиалдың ішін тексеру барысында ешқандай бомба немесе жарылғыш құралын таппаған. Бомба қойылды деген ақпарат жалған болып шықты.
Шардара аудандық ішкі істер бөлімі мен облыстық ішкі істер департаментінің экстремизм мен террориизмге қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының барысында 1970 жылы туылған жергілікті тұрғын, жеті баланың анасын күдікті ретінде құрықтады.
Ұсталған азаматшаның түсіндіруі бойынша, сол күні ол аталған банктегі есеп-шотынан ақша алмақ болған, алайда қызметкерлер электр жарығының болмауына байланысты, қызмет көрсетуден бас тартқан. Көрсетілген қызметке көңілі толмаған күдікті, полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, жарылғыш заттың қойылғанын айтқан. Ренжіген әйел осындай жолмен банк қызметкерлерін жазаламақ болыпты.
Күдіктіден айғақ зат ретінде ұялы телефон мен сим-карта тәркіленді.
Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») қылмыстық іс қозғалды. Осы бапке сәйкес жауапкершілікке тартылған адам 200-ден 500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.