Халықаралық Бизнес Академиясының президенті, бизнес-әкімшілік докторы Асылбек Қожахметов 365info.kz ұлттық интернет-порталына берген эксклюзивті сұқбатында Қазақстандағы жоғары білім саласының негізгі мәселері туралы әңгімелейді.
— Біздегі орта білім неге нашар? Біріншіден, педагогика білімін таңдауға ең жақсы кадрлар бармайды. Екіншіден, ол дұрыс ынталандырылмайды. Менің ойымша, педагогика институтарына ең үздіктерді жолдау қажет. Ол үшін мұғалімдерді оқытатын ЖОО-ды қаржыландыру басқаларына қарағанда, әлдеқайда жоғары болу керек. Осы мамандық бойынша стипендияны 2-3 есе өсірген жөн. Сонда бұл тестіні ең үздік тапсырған абитуриенттердің мұғалім мамандығын таңдауына сеп болады.
— Көпшілік Білім министрлігінің атына көп сын айтады, бірақ білім беру сапасын жақсартуға қатысқылары келмейді. Олар ешқандай ұсныстар айтпайды, қоғамдық, бақылау, сабағаттық кеңестерге мүше болуға ниет білдірмейді. Халық өзінің құқықтары туралы мәлімдемейді, тек жоғары білім сапасының нашарлығы туралы айтумен шектеледі. Ал кім осы мәселені университет басшылығы деңгейінді талқылап, қандай да бір конференция шақырды? Қандай көмек бере алатыны туралы ұсыныс жасады ма? Бізге халықтың сынмен ғана айналысқаны емес, өзгеру саясатын қалыптастыруға атсалысқаны қажет. Сонда ғана қозғалыс тек жоғарыдан емес, төменнен де болады. Қазір жоғары жақта ілгерілеушілікке талпыныс бар, бірақ соңғы 20 жылда қалыптасқан бюрократиялық басқару жүйесін бір күнде немесе бір жылда өзгерте қою мүмкін емес.
— Біздегі білім жүйесі артта қалған, ол ел экономикасының қажетін өтей алмай келеді дегенді жиі айтамыз, ал бұл мәселенің шешімі қандай? Міне, дуалды білім — осы мәселенің нақты, қарапайым шешімі. Ол Германияның техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінде қолданысқа мықтап енген. Бірақ дуалды жүйені жоғары білімге де енгізу керек. Мәселен, Калифорниядағы Брекли университетінде experience learning бағытындағы 13 бағдарлама бар, бұл тәжірибе жүзінде оқыту әдісі. Оларда кітап бойынша оқытатын классикалық әдіс және тәжірибе түрінде оқытатын 13 бағдарлама бар, ол бағдарламаларды ЖОО-ның өзі ойлап табады. Бұл жағынан оларға еркіндік берілген. Олар кәсіпорындарға шығатын жолдарды осылай табады. Қысқасы, кәсіпорындарға жақын болу — ең дұрыс жол.
— Бизнес-білім саласында, әсіресе магистратураның бағдарламаларында оқулықтарға қатысты қиындықтар көп. Өкінішке қарай, бизнес-білімнің, жалпы бизнестің тілі — орыс тілі болып отыр. Қазақ тіліне аударылған оқулықтар бар, әрине, бірақ менеджмент бойынша, қазақстандық экономика, отандық кәсіпорындардың тәжірибесіне сүйенетін, қазақ тілінде жасалған түпнұсқалық оқулықтар қажет. Олардың ішінде халықаралық тәжірибелерді де қамтитын тараулардың болғаныжөн. Бірақ студентке түсіндіру үшін алдымен Қазақстаннан бастау керек. Екінші жағынан оқулықтардан қазақылықтың иісі сезіліп тұруы тиіс, қазақтың мақал-мәтелдері, қазақтың табиғаты болуы керек.
— Көптеген студенттер Томск, Новосибирск сияқты қалаларға кетіп жатыр, өйткені ол жерде тегін білім ұсынады. Өкінішке қарай, ресейлік ЖОО-лар жыл сайын көктемде қалаларда өздерінше олимпиадалар өткізіп, тегін оқитын үздік оқушыларды іріктеп алады. Меніңше, сол үздік студенттер университетті аяқтағаннан кейін Ресейде қалады. Бұл Қазақстан үшін жақсы емес, әрине. Ақылдылардың Қазақстанда қалуы үшін біз біріншіден, гранттар санын арттыруымыз керек. Екіншіден, өз университеттерімізді тартымды етуіміз керек. Үшіншіден, ресейлік университеттердің емін-еркін олимпиадалар өткізуіне жол бермеуіміз керек. Төртіншіден, ондай олимпиадаларды қазақстандық университеттердің негізінде өткізуге тыйым салуымыз керек. Мүлдем шектеу емес, бірақ оңайшылықпен оңды-солды өткізе беруді тоқтатқан жөн.
— Жұмысқа орналастыру — ЖОО-дар ғана емес, жалпы экономикамыз үшін ең күрделі мәселе. Қазір қай кәсіпорынды алсаңыз да, олар тәжірибелі мамандарды ғана жұмысқа алғысы келеді. Соның кесірінен жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандар жұмыс таппай сенделіп жүреді.
Біріншіден, әрбір кәсіпорынды жалпы жұмысшылар санының 2-3 пайызын құрайтын жас мамандарды жұмысқа қабылдауға міндеттеу керек. Сондай-ақ, мен кәсіпорындарды өндірістік тәжірибеге студенттерді қабылдауға міндеттер едім. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына көмектеседі, өйткені бір жағынан практиканттың тәжірибесі болады, екінші жағынан ол басшының көзіне түседі, сонда компания оған жұмыс ұсынуы мүмкін.
Екіншіден, experience learning жүйесін дамыту керек. Бұл дегеніміз, оқытудың мазмұнында өндірістік тәжірибенің көп болғанын қамтамасыз етуге тырысу. Студенттердің болашақ жұмыс орнына баруға, шын мәнінде, дайын болып тұрғаны жақсы емес пе?
Үшіншіден, бизнес-инкубаторлар құру. Бизнес инкубатор дегеніміз – өз ісін ашуға грант беретін жер. Әрине, гранттар тек жақсы бизнес-жобалар ұсынатын үздіктерге ғана берілуі тиіс. Бизнес-инкубатордың ішіндегі қайнаған ортадан шыққан студенттердің шамамен 10 пайызы 4 курсқа қарай өзінің кәсіпорынын аша алады. Ол енді шағын ғана кәсіпорын болатын шығар, кәсіпкер-студент өзінің достарын жұмысқа шақыра алады. Енді жұмыс тапқан студенттер саны 20 пайызды құрайды. Олар тіпті 3 курстан бастап жұмысқа кірісуі мүмкін. Міне, қала әкімдері бизнес-инкубаторлар мен жұмысқа орналастыру арасындағы осы байланысты әзірге көрмей отыр. Олар жұмыссыздық жайында көп айтады, бірақ университеттердің бизнес-инкубаторлар құруына қол ұшын беру қажеттігі жайында ойланбайды.
— Меніңше, оқудың бағасында жемқорлық проблемасы жатыр. Оқу құны тым арзан. Кейбір ЖОО-лардың 250 мың теңгеге қалай жақсы маман дайындай алатынын түсінбеймін. Барлық жерде,әйтеуір, білім беріп жатқандай түр байқатады, студенттер емтихандарын тапсырып жатады. Мұғалімдердің еңбекақысы төмен болғандықтан, олар қалған ақшасын емтихандар барысында студенттерден жинап алады. Бұл әрине, өтеқауіпті құбылыс. Оның зияны білім беру жүйесіне ғана емес, бүкіл елге тиеді.
— Батыстағы ең басты қағидаттардың бірі — академиялық адалдық. Бізде оны сирек кездестіресіз, ол біздің білім беру жүйесінің мақсатына айнала алмады. Академиялық адалдық біреуден көшіруге жол бермейді. Біздің академиямызда антиплагиат деген бағдарлама бар. Ол жұмыс істеп тұр, сіз Интернеттен көшірілген реферат алып келсеңіз, бағдарлама оның плагиат екенін анықтап береді. Реферат қабылданбайды. Мұны бүкіл ел бойынша қолданысқа енгізу керек, бұл жерде Білім және ғылым министрлігінің рөлі маңызды болар еді. Мемлекет қазір онлайн-кітапханаларға қосылу мүмкіндігін берді. Бұл да өте жақсы, құптарлық іс. Сол сияқты министрлік антиплагиатты енгізуге күш салуы керек. Оның қалай енгізілетінін де бақылауға алған жөн.
— Аттестацияда қойылатын талаптар бар. 8 студентке 1 мұғалім. Егер QS деген батыстық талаптарға қарасақ, онда 20 студентке 1 мұғалімнен келеді. Бізге топта адам аз болған сайын білім сапалы бола түседі дейді. Былтыр мен Berkeley унивеситетінде (Берклидегі калифорниялық университет, – авт.) болдым. Олардың аудиторияларында шамамен 200-300 адам отыр, одан да шағын аудиториялары бар. Орташа алғанда, оларда 1 мұғалімге 20 студенттен келеді, бізде — 8. Мұғалімі нашар 8 студенттің ортасында отырғанша, мұғалімі мықты 20 студенттің ортасында отырған жақсы шығар. Ондай мұғалімнің берері көп. Сол үшін мұғалімдер санын 2,5 есеге қысқартып, олардың еңбекақысын 2,5 есеге арттырсақ, олардың өнімділігін көтере аламыз. Өнер университеттері мен консерваторияларға да қатысты осындай талаптар керек. Скрипкашыларды 20 адамнан, тіпті 8 адамнан оқыту мүмкін емес, бір студентке бір мұғалім керек шығар. Көрсеткіштердің әртүрлі болған жөн, бірақ бізде ондай жіктеу жоқ.
Аттестацияға қатысты тағы бір талап — әрбір студентке 140 кітаптан келуі тиіс. Содан комиссия келеді де кітаптарды санай бастайды. Кітап қай жерде көп? Ескіден келе жатқан мемлекеттік университеттерде көп. Олар ескі кітаптарды жертөлеге тығып қойған, ол кітаптар есепке алынбайды. Сол себепті бұл да ескірген көрсеткіш. Одан да мұғалімдердің оқыту жоспарына, қандай оқулықтарға сілтеме жасайтынын, ол оқулықтардың әлемнің әр түкпірінде, көп дегенде 5 жыл бұрын жазылғанына қарау керек. 20-30 жыл бұрын жазылған оқулықтардың қажеті жоқ, әрине егер ол әдеби құндылығы жоғары кітап болмаса. Мысалы, Толстой сияқты. Толстойдың кітабы 100 жыл өтсе де Толстойдың кітабы болып қала береді.